Медицина • 03 Қараша, 2020

ПТР зертханалары күніне 3,5 мың тест қабылдауға қауқарлы

340 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемді кезген індеттің аты қайта атала бастағалы сақтық шараларын барынша күшейтуге басымдық беріліп жатыр. Осы ретте Шымкентте де емдеу, алдын алу жұмыстары мықтап қолға алынуда. Күні кеше қаланың ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов коронавирустың ықтималдығы жоғары екінші толқынына қарсы дайындық жұмыстары жөнінде айтып берді.

ПТР зертханалары күніне 3,5 мың тест қабылдауға қауқарлы

«Қала тұрғындарына қызмет көрсететін 9 ПТР зертханасы ашылған. Олар күніне 3,5 мыңға жуық тест қабыл­дау мүмкіндігіне ие. Бүгінде тəулігіне 1,5-2 мың арасында тест қабыл­дауда. Яғни осы күнге дейін 116 591 ПТР-тесті өткізілген. Қалада 1 060 төсектік орын бар. Оның 560-ы жұқпалы ауруларға, 500-і карантиндік ауруларға арналған. Қазіргі таңда жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 156 науқас ем алуда», деді Бақытжан Жолдасбекұлы.

Бас дәрігердің айтуынша, үшінші ме­гапо­листе эпидемиялық ахуал үнемі ба­қы­лауда және коронавирус инфек­ция­сы­ның таралуының алдын алу мақ­сатында көптеген жұмыс атқарылып жатыр.

Қалада 2020 жылдың 24 наурызынан 29 қазанына дейін коронавирус инфекциясының 5 231 жағдайы тіркел­ген. Оның 2 662-сі симптомды болса, 2 569-ы – симптомсыз. Олардың ішінде 5 152 науқас емделіп шыққан. Ал осы жылдың 1 тамызы мен 29 қазан аралы­ғында COVID-19 белгілері мен вирусты пневмонияның 985 жағдайы тіркелген.

Сондай-ақ індетпен күреске дайын­дық барысында қаладағы үш ауруханаға компьютерлік томография аппараты орнатылған.

«Шаһарда коронавирус инфекция­сы мен пневмонияны анықтау мақсатын­да қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына, №2 және №3 қалалық ауру­ханаларға заманауи үлгідегі компью­терлік томография аппараты орнатылды. Олар бір апта көлемінде толық іске қосылады. Яғни бүгінде ақ желеңділер арнайы оқудан өтуде. Аталған аппараттар ықтимал коронавирус инфекциясы кезінде көп көмегін тигізеді. Бұл құрылғылар Сovid-19 вирусын анықтауға ғана арналмаған, ауруханаға түскен науқастарды жан-жақты тексеруге пайдасы мол», деді Б.Позилов.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, медициналық ұйымдарда 612 өкпені жасанды желдету аппараты дайын. Олардың әрбірі реанимациялық төсектік орын басында орналасқан. Одан бөлек реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реа­нимациялық монитор және 381 меди­циналық сорғыш қондырғы орнатылған. Ал стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жəне бұйымдармен қамтамасыз ету мəселесі шешілген.

Биыл қала тұрғындары маусымдық тұмауға қарсы екпені белсенді түрде салдыруда. Бұл көрсеткіш 99,7 пайызды құрайды. Ал вакцинадан өтуі тиіс белгілі бір топқа жататын азаматтарға 100 пайыз егілген.

Өкініштісі, індет іргемізге келсе де бірқатар кәсіпкерлік нысан өз жұмыстарын тоқтатар емес. Осы жағ­дайды ескерген қала әкімдігі каран­тиндік талаптардың сақталуын қатаң бақылауға алды.

Шымкент қаласында мобильдік топтың өкілдері күндізгі және кешкі уақыттарда карантин режімі мен сани­тарлық-эпидемиялық талап­тардың сақталуы бойынша тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті полиция кызметі, прокуратура, сондай-ақ аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау бөлімі және «Атамекен» ҰКП-ы мамандары бірлесе кезекті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды.

Іс-шара барысында аудан аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандарда карантин талабын бұзған азаматтар анықталып, оларға әкімшілік хаттама толтырылды.

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласы бас санитариялық дәрі­герінің қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Ендігіде қала билігі талаптар мен ережелерді сақтамаған сауда орындарын әкімшілік жауапқа тартатынын ескертеді. Дәрігерлер тұрғындарды көпшілік жиі шоғырланатын орындарда санитарлық талаптарды сақтап, маска тағу режімін сақтауға шақырады.

Тіпті қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тап­сырмасына сәйкес қаладағы медици­налық ұйымдар алдында коронавирус­тан сақтану шаралары жазылған баннерлер ілінуде. Осылайша медицина ма­ман­­дары инфекциялық аурудан сақ­тану жолдары туралы тұрғындар арасында кеңінен насихаттамақ. Біріншіден, бұл тұр­ғындар арасында инфекцияның кең тара­лып кетуіне тосқауыл болса, екін­ші­ден, «ауырып ем іздегенше, ауыр­маудың жолын іздеу» керек екенін ескертеді.

Тұрғындар мазасызданған немесе ЖРВИ ауруының белгілері байқалған жағдайда 103-ке қоңырау шалуға болады. Бүгінгі таңда қаладағы коронавирус инфекциясы, эпидемиялық ахуал туралы ресми және сенімді ақпарат алу үшін www.covid19shymkent.kz бірыңғай ақпа­­раттық порталы іске қосылды. Аза­мат­тарды коронавирусқа қатысты жедел әрі сенімді мәліметтермен ақпа­­рат­­тан­­дыру, індетке қатысты туын­даған сауал­­дарға осы интернет ресурс толық ақ­парат бере алады. Бұл ресурста коро­н­а­вирустың белгілері және онымен күресу жолдары, қала бойынша сыр­қат­тан­ғандар саны, барлық медици­налық мекемелердің тізімі мен телефон нөмірлері, ауруханадағы бос төсектік орындар саны жайындағы ақпараттар толық жинақталып көрсетілген.

 

ШЫМКЕНТ