Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігімен бірге «Әйелдерді саяси және экономикалық ілгерілету – бәсекеге қабілетті әлемге жол!» деген тақырыпта республикалық конференция өткізеді.
Аталған жиын «Гендерлік дүниетаным және гендерлік мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы аясында ұйымдастырылған.
Біз бүгін осыған орай ұлттық комиссияның мүшелері мен оның жұмысын ілгерілетуге белсене қатысып жүрген жандарға сөз беріп отырмыз.

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігімен бірге «Әйелдерді саяси және экономикалық ілгерілету – бәсекеге қабілетті әлемге жол!» деген тақырыпта республикалық конференция өткізеді.
Аталған жиын «Гендерлік дүниетаным және гендерлік мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы аясында ұйымдастырылған.
Біз бүгін осыған орай ұлттық комиссияның мүшелері мен оның жұмысын ілгерілетуге белсене қатысып жүрген жандарға сөз беріп отырмыз.

ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Қазақстан Республикасының Конституциясы және тұтастай алғанда ұлттық заңнама қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңгерімнің болуын көздейді. «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. Негізгі халықаралық шарттар ратификацияланып, Мемлекет басшысының жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия сияқты институционалдық механизм құрылды. 2016 жылға дейінгі Гендерлік теңдік стратегиясы әзірленіп, іске асырылуда.
Қоғам мен мемлекеттің саясаттағы да, экономикадағы да барлық секторларының күш қосуының нәтижесінде әйелдердің өз позицияларын нығайтып, өздеріне тән артықшылықтарын көрсетуіне мүмкіндік туды. Мысалы, Парламентте әйел депутаттардың саны 25 пайызға, ал жергілікті өкілді органдарда 19 пайызға өсті. Алайда, әйелдер қауымдастығы олардың билікке қатысу үлесі өскенмен, әлі де тиісті деңгейге жеткен жоқ деп санайды. Мұны шынайы өмірде мәселеге формальді түрде қарау элементтері мен ментальдық сипаттағы стереотиптердің бар екендігімен түсіндіруге болады. Сондықтан да бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанның әйелдері де мемлекеттік саясаттың ауыр жүгін арқалап жүргенімен оны қалыптастыруға тиісінше ықпал ете алмай отырғаны анық.
Осыған байланысты әйелдерді ілгерілетуде, әсіресе, ауылды жерлерде қызметтерін өсіруде жаңа сапалық тәсілдер керек. Және бұл үдерісте барлық деңгейдегі депутаттардың рөлі маңызды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, палатадағы үш партияның біреуінің өкілі ретінде мен әйелдердің саяси да, экономикалық та құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін заңнамалық актілерге бастамашылық жасауға тікелей атсалысамын.
Бұл ретте депутаттарды ауыл әйелдерінің жағдайы ерекше алаңдататынын атап кеткім келеді. Оларды ұлттық комиссияның қолдауымен өзім басқаратын «Қазақстан кәсіпкер әйелдері» қоғамдық бірлестігі арқылы қоғамдық-саяси өмірдің биік лауазымдарына ілгерілетуге көмектесу үшін Әйелдер көшбасшылығы республикалық мектебі құрылған. Олар кәсіби және көшбасшылық дағдыларға үйренуі үшін біз желілік құрылым арқылы жұмыс істеп, басшылық жасауға бейім жандарды анықтаймыз.
Соңғы 3 жыл ішінде мемлекет пен халықаралық ұйымдардың көмегімен мектеп барлық өңірлер үшін жаттықтырушылар дайындап шығарды. Бұл әйелдердің шешім қабылдау деңгейінде 30 пайыздық өкілдігін қамтамасыз етуде мемлекеттің, үкіметтік емес ұйымдар мен партиялардың әріптестігінің жақсы мысалы.
Қазақстан әйелдері бизнес саласында айтарлықтай биік табыстарға қол жеткізді. Қысқа мерзім ішінде іскер әйелдер өз кәсіпорындарын дамытып, әрі іскерліктерін көрсетті, әрі іскер әйел туралы жалпы ұғымды өзгертті.
Біз, әсіресе, ауылдық жерлерде ұйымдастырылған бизнеске баса назар аударамыз. Қазіргі кезде селолық жерлерде шағын және ұсақ бизнес тиімді жұмыс істейтін болғандықтан, Парламент «Микрокредиттік ұйымдар туралы» заң қабылдады. Оның мақсаты – шағын қаржылық қызметтер көрсетуді жетілдіру болып табылады.
Меруерт ҚАЗБЕКОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты.
ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚТЫ БОЛУ
Медицина саласында, бедеулікті зерттеу және емдеу ғылымында жұмыс істегеніме, міне, ширек ғасыр болыпты. Соның соңғы 18 жылын ұрпақсыздықты жаңа заманауи – экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКО) әдісімен емдеу ісіне арнаппын. Осы әдіспен туған еліміздегі ең алғашқы сәби биыл бойжетіп 17 жастан асты. Ізденістің, білімнің арқасында жаңа бағыттың бастамашысы болғаным үшін жаратқанға ризамын.
Бір кезде 2 маман болып жұмыс бастаған кішкентай ғана зертханамыз бүгінде 120-дан астам маман жұмыс істейтін, заман талабына сай жабдықталған ғылыми медициналық орталыққа айналды. Мамандарды іріктеп, дайындауға ұзақ уақыт кетіп, қыруар тер төгілді.
Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, әйелдің бала көтеру қабілеті дүниедегі басқа тіршілік иелерімен салыстырғанда анағұрлым төмен. Жиырма жастағы әйелдің өзінің жүкті болу мүмкіндігі бір айда шамамен бар болғаны 15-20 пайыз ғана. ЭКО әдісінің арқасында бұл көрсеткішті 1,5-2 есеге дейін көтеруге болады. Сол себептен дүниежүзі мамандары үнемі ғылыми ізденісте, біз де мамандарымызды оқытудамыз.
Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі екендігіне, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуына баса назар аударды.
Соңғы жылдары біздің елімізде баласыз жұптарға тегін квота беру қолға алынуда. 2010 жылы алғаш 100 квота беріліп, олардың саны жылдан-жылға өсе түсуде. Бедеулікті жоғары технологиялардың көмегімен тегін емдеуге халықтың қолжетімділігі мәселесін біз, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп шешуге ұмтылудамыз. Былтыр халықаралық конференция өткізіп, биыл комиссияның отырысында қарадық. Өткізілген шаралардың нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі жақында сала мамандарымен дөңгелек үстел өткізіп, бірқатар механизмдерді қарастыратынын айтты.
Ұлттық комиссияның мүшесі ретінде көптеген медицина, әлеумет саласына байланысты іс-шараларға қатысып, ұсыныстар айтып, біраз мәселеге қозғау салғаным бар. Ұрпақсыздықты зерттеу және емдеудің жаңа жоғары технологияларын біздің елге әкелу, еліміздің жалпы гинеколог дәрігерлерінің жаңа заманауи көзқарастарын қалыптастыру үшін ұлттық комиссиямен бірге соңғы 5 жыл бойы орталық қалаларда да, өңірлерде де бірталай ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіп, мамандар дайындап, осы проблеманы ғылыми жолдармен төмендетуге атсалысып келеміз.
Осы комиссияның келесі 2014 жылғы жоспарына ауыл мектептерінің мұғалімдерінің және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік тұрмыстық жағдайлары жөніндегі мәселелерді қарастыруға ұсыныс жасадым. Жақында туып-өскен ауылыма барғанымда ұстаздардың тапшылығын, олардың жалақысының аздығын, тұрмыстық жағдайларының әлі шешілмеген мәселелері бар екен. Осы жай маған көп ой салды. Жаңа зәулім мектептер салынып жатқанмен, ондағы ұстаздардың жағдайын ойламасақ, болашақта сауатты, білімді балаларды өсіру мүмкін емес. Ауылдағы балалардың болашағын бүгін ойламасақ, негізін қаламасақ, ертеңгі заманның талабына сай мамандарды қалай дайындамақпыз?
Ауыл медицинасының жағдайы да барлық жерде бірдей жақсы деп айтуға болмайды. Дәрігерлердің ауылға барғысы келмейтіндігінің себептерін зерттеп шара қолданбасақ, оларға әлеуметтік жағдай жасамасақ ауылдың ертеңі не болмақ? Елбасымыз айтқандай, дамыған мемлекеттер қатарына кіру үшін бізге өте сауатты, көзі ашық, өзіне-өзі сенімді маман жастар керек. Бұл мәселелер әр жерлерде айтылып жүр, бірақ ұлттық комиссия тұрғысынан қаралса, тиімді шаралар қолданылады деп ойлаймын.
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА,
биология ғылымдарының докторы, Президент жанындағы
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық cаясат
жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.
КӨШ БАСТАҒАН АРУЛАР КӨП
Бүгінде Қостанай өңірі Елбасының басқарушы деңгейдегі әйелдер саны 30 пайыздан кем болмауы туралы тапсырмасын орындауда көшбасшы болып танылып отыр. Бүкіл елдегі сияқты, біздің Қостанай өңірінде де әйелдер саны басым, олар облыс тұрғындарының 52,3 пайызын құрайды. Соған сәйкес, облыс өміріне әйелдердің араласу белсенділігі де жақсы. Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің 70 пайызға жуығы, денсаулық сақтауда жұмыс істейтіндердің жалпы санының 85 пайызы, білім беру саласында 75 пайыздан астамы әйелдер.
Біздің әйелдердің қолынан бәрі келеді: бала-шағасын тәрбиелейді, бизнеспен шұғылданады, саясатпен айналысады және де ақылына көркі сай жан болып қала береді.
Біздің облысымызда мұның дәлелі көп: облыстық басқармалардың 21-інің 9-ын әйелдер басқарады, 7 әйел қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасары болып жұмыс істейді, 37 әйел – ауылдық округ әкімі.
Облысымызда төрт және одан да көп баласы бар аналар саны – 34 384. Олар отбасында да, қоғамда да ерекше құрметке ие жандар. Өйткені, Қазақстанның қазыналы облыстарының бірі – Қостанайдың еңбекқор, іскер ұл-қыздарын солар тәрбиелеп өсіріп отыр ғой.
Сондай-ақ, отбасын қамтамасыз етіп, бизнесте табысқа жеткен, белсенді өмірлік ұстанымға ие кәсіпкер әйелдердің өзіндік орындары ерекше. Бүгінгі күні шағын және орта бизнестің жұмыс істейтін әрбір бесінші кәсіпорынды әйел басқарады. Әсіресе, әйелдер арасындағы іскерлік белсенділік Қостанай, Лисаков қалаларында, Қостанай және Сарыкөл аудандарында байқалады, мұнда кәсіпкер әйелдер басқаратын шаруашылық жүргізу субъектілерінің үлес салмағы 50 пайыздан жоғары.
Кәсіпкер әйелдердің күш-жігері арқасында облыста жеңіл өнеркәсіп саласының тігін және тоқыма өндірісі, аяқ киім тігу сияқты кәсіпорындарын сақтап қалу, қолда барын жетілдіру мүмкін болды. Ашылған жаңа жұмыс орындарының саны өткен жылы 18 459, соның ішінде әйелдер үшін 5 112 (38%) болды. 2013 жылғы 1 ақпанға – 715 жұмыс орны ашылды.
Облысымыздың оқу орындарында қызмет істейтін ғылым докторларының 19%-ы, ғылым кандидаттарының 44,1%-ы – әйелдер.
Ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің нақты теңдігін қамтамасыз ету үшін:
– Мемлекеттік органдар туралы ережелерде гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру мәселелері қарастырылған және оларды іске асыруға жауаптылар белгіленген;
– 2011-2015 жылдарға арналған Қостанай облысы аумағын дамыту бағдарламасына өңірде гендерлік теңдікті нығайту мәселелері енгізілген.
Атқарушы және өкілді билік органдарында шешім қабылдау деңгейіндегі басқару үдерістерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша:
– облыстық комиссия «Қостанай облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалымен, Қостанай облыстық мәслихатымен бірлесіп жүйелі түрде әйелдерді саяси көтермелеу мектебінің жұмысын жүргізеді. 2013 жылдың 9 айы ішінде 58 әйел оқытылды, олардың ішінде 30-ы – жаңадан тағайындалған ауылдық округ әкімдері.
Отбасы институтын дамыту, әкенің отбасындағы беделін арттыру шеңберінде облыстық комиссия ҮЕҰ-мен бірлесіп, «Менің әкем – ең жақсы әке!», «Отбасы, сүйіспеншілік пен адалдық» қалалық байқауын; «Мөлдір бұлақтан» отбасы шығармашылығының облыстық фестивалін; мүгедек адамдарға арналған «Екі жұлдыз» байқауын; «Жұмыс істейтін аналар мен әкелер үшін үздік кәсіпорын» сияқты іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрады.
Облыстың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әйелдер мемлекеттің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне қатысуы белсенді түрде насихатталады.
Серік БЕКТҰРҒАНОВ,
Қостанай облысы әкімінің орынбасары.
ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫНДАҒЫ БАСТЫ ФАКТОРЛАРДЫҢ БІРІ САНАЛАДЫ
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 15 жылдығына орай ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықовамен кездесу өтті.
Кездесу барысында «Отбасылық құндылық және жастар саясаты» тақырыбында дәріс оқылып, студенттер пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Кездесуге ұлттық комиссияның мүшелері, танымал қоғам қайраткерлері қатысты.
Шараға С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың басқарма төрағасы, профессор А.Күрішбаев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова, ұлттық комиссияның мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Жұмагүл Солты, «Деловой мир Астана» ЖШС-інің директоры, «Отбасым» журналының бас редакторы Шолпан Сыздықова, Экономика ғылымдарының докторы, ұлттық инженерлік академиясының академигі, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі Айзада Аққазиева қатысты.
Жиын барысында сөз алған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев: «Ұлттық комиссия елдегі демографиялық саясатты қалыптастыруда және дамытуда Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу» атты Жолдауындағы міндеттерге сай тындырымды жұмыс атқарып келеді» дей келіп, бұл бағытта, әсіресе, жастарға қойылар талаптың айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова республика бойынша «А» корпусына өтуде әйелдер қауымының белсенділік танытқанын, байқауға қатысқандардың 14 пайызы қыз-келіншектерді құрағанын тілге тиек етті. Ал, «А» корпусына өткендердің 18-19 пайызын нәзік жандылардың құрауы олардың қоғамдағы орны мен рөлінің барынша арта түсуінің тағы бір айғағы болып табылады.
Сонымен қатар, студенттер тарапынан қойылған сұрақтардың дені елдегі зейнетақы реформасы мен демографиялық даму үдерісі туралы мәселелерге арналды. Жастар көпбалалы аналардың бүгінгі жәрдемақысының көлемін сынға алып өтті.
Кездесу барысында ҚазАТУ-дың жас оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бақытжан Әріпов ұлттық комиссия мүшелеріне өзінің «Әлди бөпем» атты авторлық жұмысын табыстады.
Жетіқара ҚОҢЫР.
АСТАНА.
ТАБЫСТЫ ӘЙЕЛ – ҰЛТ МЕРЕЙІ
Қай қоғам болмасын ақылды әрі парасатты азаматтарын, соның ішінде әйелдерді де, елінің шын мәнісіндегі алтын қорына балайды. Мені неғұрлым белсенді, қоғамда болып жатқан өзгерістерге немқұрайлы қарамайтын, жол бастап, жаңалықтың бастамашысы болып жүретін әйелдер қауымының өкілдері жыл сайын көбейіп келе жатқаны қуантады.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында бүгінде қазақстандық көшбасшы әйелдердің қабылданатын шешімдерге ықпал етуі арта түсуде. Бұл ең алдымен еліміздегі Гендерлік теңдік стратегиясының, әйелдер бастамаларының қолдау табуының, әйелдер қатарынан кадрлар дайындау мәселесінің назарда ұсталуының нәтижесі.
Қазіргі заманғы даму әйелдерден отбасында да, жұмыста да, қоғамда да белсенді болуды талап етеді. Елбасымыз «Әйел – отбасының тірегі, яғни, мемлекеттің де тірегі» деп Жолдауында атап өткендей, мемлекетіміздің қалыптасуында еңбекқор әйелдердің рөлі ерекше. Бүгінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 40 пайызға жуығын әйелдер қалыптастырады және бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсе түсуде.
Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдық белесінен енді ғана өтті. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл қысқа ғана уақыт. Бірақ осы жылдар ішінде орасан зор жұмыс жүргізіліп, еліміз экономикасы серпінді дамыған 50 елдің ішінен берік орын тепті. Ендігі межеміз одан да биік – 30 елдің қатарында болу.
Өткен уақытқа көз жүгіртсек, еліміздің экономикалық және әлеуметтік қиындықтарды жеңуіне мұнай-газ саласының дамуы, соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылуы елеулі рөл атқарды. Қазіргі кезде ол – мақсаттары мен міндеттерін Елбасы қойған жаһандық міндеттерге сәйкес іске асырып отырған көшбастаушы компания.
Кадрлық әлеуеті мықты компанияның көшбасшылық лауазымында әйелдер де аз емес. Компанияда 34 964 әйел жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 32 пайызы. Соның ішінде компания топ-менеджментінің 3 пайызын әйелдер құраса, тағы 9 пайызы орташа буындағы басшы қызметкер болып табылады.
Мұнай саласын «ерлер» саласы деген пікір қалыптасқанмен, бұл саланың қалыптасып, өрлеуіне ерлермен қатар әйелдер де көп еңбек сіңірді десем артық айтқандық емес. Әйел көшбасшы – қашанда орнықтылықтың, тұрақтылықтың негізіндей қабылданады. Ол корпоративтік және ұлттық дәстүрлерді сақтауда, жас маман тұлғасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Соңғы жылдарда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің аясында мұнай-газ саласы әйелдерінің елдің қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділігі арта түсті. Сәуір айында ұлттық комиссия төрайымы Г.Әбдіқалықованың қатысуымен Атырау облысы мұнай-газ компаниялары өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілсе, маусым айында мұндай кездесу Павлодар облысында ұйымдастырылды.
Ал қыркүйек айында біз «Қазэнерджи» қауымдастығына қарайтын барша энергетикалық сектордың көшбасшы әйелдерімен мәжіліс өткіздік. Нәтижесінде ТМД елдерінде бірінші болып әйелдер энергетикалық клубы құрылды. Біздің клубтың қызметі энергетикалық компаниялардағы, мемлекеттік органдардағы, халықаралық ұйымдардағы және қоғамдағы көшбасшы әйелдерді біріктіріп, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, гендерлік және басқа да мәселелерді шешу жолдарын іздестіру.
Меніңше, табысты әйелдердің басты міндеті – әзірше мұндай биіктіктерге жете қоймағандарға өзінің өсу жолын айтып беру, олардың өз күштеріне деген сенімін қалыптастыру. Мұндай қиялы ұшқыр, еңбекқор, іскер әйелдердің билікке келуі қоғамға зор пайда әкелері сөзсіз.
Ұлттық комиссияның 15 жыл бойғы жүйелі жұмысының арқасында біздің қоғамда әйелді көшбасшы ретінде, қоғамдық-саяси және экономикалық дамуға үлес қосушы әлеуетті күш ретінде қабылдайтын жаңа мәдениет қалыптасқаны анық.
Айзада АҚҚАЙСИЕВА,
«ҚазМұнайГаз» ҰК президентінің кеңесшісі,
экономика ғылымдарының докторы.