Оңтүстік Қазақстан • 03 Қараша, 2020

Өмірзақ Шөкеев Түркістанның құрылыс барысын баяндады

844 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бүгін Үкімет отырысында Түркістан қаласының даму барысын баяндап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Өмірзақ Шөкеев Түркістанның құрылыс барысын баяндады

"Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспар тұжырымдамасын мақұлдау туралы» Елбасының 2018 жылғы 29 қыркүйектегі № 762 Жарлығы негізінде Түркістан қаласының Бас жоспары жобасы әзірленді. Бастапқы қала аумағы 19 627 гектар болса, қала шекарасына өзгерістер енгізу арқылы жобалау аумағы 22 370 гектарға өзгертіледі", деді Өмірзақ Шөкеев.

Бас жоспар бойынша, бірқатар жобалық кезең қабылданған: бастапқы жыл – 2018 жыл, бірінші кезең – 2025 жыл және есептік мерзім – 2035 жыл. Қала халқы 2018 жылы 165 мың адамды құраса, қазір – 176,2 мың адам тұрады. Бас жоспарға сәйкес, 2025 жылға – 250 мың адам, 2035 жылға – 350 мың адам және 2050 жылға – 500 мың тұрғын жоспарланған.

"Қала жобасы әкімшілік-іскерлік орталық, рухани-мәдени орталық, тұрғын алаптары, жаңа құрылыс алаңдары, өндірістік және табиғи-рекреациялық аумақтар болып бірнеше бөлікке бөлінеді. Қаланың шығыс бағытындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталық 1450 га аумақты қамтиды. Онда білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорт нысандары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар кешені, бизнес орталықтары, кеңселер, банктер және басқа да нысандар салу көзделген. Бүгінде әкімшілік іскерлік орталығында жоспарланған 14 нысан толық аяқталып, қала келбетіне сәулеттік дизайн беруде", деп атап өтті облыс басшысы.

Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығы 290 га алқапты құрайды. Онда Әзірет Сұлтан қорық мұражайы, Керуен сарай, Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы және жеке салымшылар тарапынан бес жұлдызды үш қонақ үй сынды ірі жобалар салынып жатыр.

"Бүгінгі таңда мәдени-рухани орталықта Бас жоспарда жобаланған 10 нысанның алтауы толық аяқталды, қалған нысандар бекітілген жоспарға сәйкес қолданысқа беріледі. Аталған нысандар қаланың тарихи өткені мен заманауи бүгінгі түрленген келбетін көрсетеді. Орталық қалаға келуші туристер мен қала қонақтары тамашалайтын негізгі туристік бағыт болады", деді Ө.Шөкеев.

Қала аумағындағы көгалдандыру көлемі әзірге 187 га жетіп отыр. Есептік мерзімге қарай 1539 га немесе 44 м2/адам деңгейіне жеткізу жоспарланған.

"Тұжырымдамаға сәйкес, қаланың климаттық жағдайын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен бірігуді қамтамасыз ететін жасыл белдеу қалыптастыру көзделген. Бұдан басқа, қала тұрғындарын өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері мен талапқа сай әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады", деді өңір басшысы.