Үкімет • 03 Қараша, 2020

Үкіметте Түркістан қаласының бас жоспары мақұлданды

960 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметтің бүгінгі отырысында Түркістан қаласының бас жоспары жобасы қаралды және мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz

Үкіметте Түркістан қаласының бас жоспары мақұлданды

"Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімінің арқасында қасиетті Түркістан қаласы – бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендеуіне үлкен серпін берілді. Қазіргі таңда Түркістан – еліміздің рухани жаңғыруының символына айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының дамуына үлкен назар аударады", деп атап өтті Премьер-Министр Асқар Мамин.

Үкімет басшысы Түркістанның жаңадан дамуын, тарихи құндылықтарды сақтай отырып, одан әрі көркеюін қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылғы қыркүйекте Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы мақұлданғанын еске салды.

"Қысқа мерзімде нақты жұмыс атқарылды. Түркістан қаласының мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік орталықтарының, көлік және инженерлік инфрақұрылымы, тұрғын үйлер аймағының құрылысы қарқынды жүргізілді. Жалпы, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгеннен бері қаланың негізгі капиталға инвестициялар көлемі – 400 млрд теңгені құрады. Жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы біршама ұлғайды – 3 мың гектарға жуық. Сонымен қатар, қала тұрғындарының саны 176 мыңға дейін өсті, 2025 жылға қарай қала халқының саны 250 мыңға дейін, ал 2035 жылға қарай 350 мыңға дейін жететін болады", дейді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, тез өсіп келе жатқан қаланың барлық мұқтаждығы Түркістан қаласын дамыту бойынша ұсынылып отырған жоспарда ескерілген. Ол қала тұрғындары мен оның қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құруға мүмкіндік береді.

"Ұсынылған жоспар қаланың және Түркістан облысының атқарушы органдарымен және де орталық мемлекеттік органдармен келісілген. Қала инфрақұрылымын дамытудың тиісті схемалары әзірленген. Жоспарды қабылдау – Түркістан қаласының алдағы уақытта дамуының нақты бағытын белгілейді. Сондықтан ұсынылып отырған жоспар жобасын қолдауды және Үкіметтің тиісті қаулысына дауыс беруді ұсынамын", деді Асқар Мамин.

Еске сала кетейік, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкімет отырысында қаланың даму барысын баяндаған еді.