Әлем • 04 Қараша, 2020

Венада теракт болды

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аустрия астанасы Венада теракт болып, бірнеше адам қаза тапты. Поли­ция лаңкестерді іздеу жұмыстарын жал­ғастырып жатыр. Әзірге содырлардың біреуі оққа ұшқаны анықталды.

Венада теракт болды

Оқиғаның ізінше Вена поли­циясының Twitter-аккаунтында арнайы операцияның жүргізіліп жатқаны туралы хабарланды. Қала билігінің хабарлауынша, қан­құйлы шабуылды бірнеше қаскөй ұйымдастырған.

Полицияның мәліметіне сай, шабуыл алты жерде, соның ішінде қала орталығындағы синагогада, еврей орталығы мен мейрамхана жанында болған. Құқық қорғау органдары бір адамның қайтыс болғанын, бірнеше адамның ауыр жарақат алғанын, оның ішінде полиция қызметкері бар екенін рас­тады. Бұдан бөлек, 15 адам жарақат алған.

Зардап шеккендердің жағдайы ауыр болғандықтан, қаза тап­қан­дар туралы мәлімет әзір­ге нақты емес. Кей бұқаралық ақпарат құралдары 7 адам көз жұм­ды десе, полиция қазірге 4 адам­ның бақиға аттанғанын растады.

Билік қала тұрғындарынан үйден шықпауды, терезеге жақын­дамауды сұрайды және куәгер­лерге оқиға орнынан видео мен суретті әлеуметтік желіге тарат­пауға шақырды. Қалада қоғамдық көлік тоқтатылды.

Рейтер агенттігінің хабар­лауынша, Аустрия Ішкі істер министрі Карл Нехаммер оқиғаны террористік шабуыл деп атаған. Министр тағы да шабуылдың болуы мүмкін екенін ескертті. Өйткені содырлардың кейбірі әлі қолға түспеген.

Аустрия канцлері Себастьян Курц полиция шабуыл жасау­шы­ларға қарсы батыл әрекет ететінін айтты. «Біз терроризм арқылы қор­қытып-үркітуге жол бермейміз және мұндай шабуылдарға қарсы бар күш-жігерімізбен күре­семіз», де­лінген канцлердің мәлім­де­месінде.

Әлеуметтік желілерде Вена­дағы шабуылдың сәті деген видео тарады. Онда ер адам көшедегі тұрғындарға мылтықтан оқ жаудырады. Әйтсе де, елдегі құқық қорғау қызметі видео деректерді тексеріп жатқандықтан, оның анық-қанығы туралы мәлімет берген жоқ.

Оқиғаға байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ақпарат беріп, жараланғандар мен қаза тапқандар ішінде Қазақстан азаматы жоқ екенін мәлімдеді.

«Аустриялық полиция терроризмге қарсы ауқымды операция жүргізіп жатыр. Қазақстанның Аустриядағы елшілігінің алдын ала ақпаратына сәйкес, қаза тапқандар мен жараланғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ», делінген хабарламада.