Футбол • 05 Қараша, 2020

«Қайрат» – чемпион! Алматы командасының 16 жыл күткен жеңісі

213 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпионатының 17-тур ойындары аясындағы «Қайрат» пен «Ордабасы» арасында өткен матч­та алматылықтар Шымкенттен келген қарсыластарын 3:1 есебімен жеңіп, мерзімінен бұрын ел чемпионатында топ жарды. Бұл – «Қайрат» клубының 2004 жылғы чемпиондықтан кейінгі алғашқы жеңісі. Сондай-ақ ішкі біріншілікте алты жылға созылған «Астананың» жеңісті жолы үзілді.

«Қайрат» – чемпион! Алматы командасының 16 жыл күткен жеңісі

16-тур ойындарына шолу жа­са­ғанымызда «Қайраттың» келесі турда «Ордабасымен» кездесе­тінін, егер осы ойында алма­ты­лықтар жеңіске жететін болса мерзімінен бұрын чемпиондықты тойлайтынын жазған болатынбыз. Мұ­ны сәуегейлік деп көлгірсімей-ақ қояйық. Айтпағымыз, Қазақ­стан кәсіпқой футбол лигасының бас­шысы Олжас Абраев та осы матчта чемпиондық анықта­лып қалар деген үмітпен Алма­ты­ның Орталық стадионына чем­пиондық «алтын табақ» пен футболшыларға берілетін алтын медальді ала барған екен. Сөйтіп бол­жам дәл келіп, матч соңында «Қайрат» командасын бірден алтын жүлдесімен марапаттады. Естеріңізде болса, Олжас Абраев былтыр да «Астана» алтыншы мәрте бас жүлдені олжалағанда чемпиондық тондоны Қостанайға алып барған-ды.

Орталық стадиондағы өткен кездесуге тоқталар болсақ, матч­тың алғашқы жарты сағаты тең дәре­жеде өтті. Екі команда гол соғу­дың жолын қарастырып, біраз шабуыл ұйымдастырды. Бұл кез­десуде жеңіс «Қайратқа» қан­шалықты маңызды болса, «Ордабасыға» да үш ұпай ауадай қажет еді. Өйткені Шымкенттің командасы биыл да үздік үштік­тен көрініп, келесі жылы да Еуро­кубок бәсекелеріне қатысуға ниет­ті. Алайда командалық рух, же­ңіске деген жігер және футбол­шы­лардың жекелей тәжірибесі жағынан «Қайрат» командасы қарсыластарынан бір бас жоғары болды. Нәтижесінде, матчтың есе­бін ойынның 36-минутында «Қай­раттың» бразилиялық шабуылшысы Вагнер Лав ашты. Арада 3 минут өткенде «Ордабасы» футболшылары өз айып алаңында ереже бұзған соң, бас төреші еш ойланбастан «Ордабасы» қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын сәтті орындаған Нұралы Әліп командасының екінші голын соғып, ойынның есебін еселей түсті. Қонақтар үзіліске дейін есеп айырмасын қысқартуға қан­ша тырысқанымен, шабуылдары сәтсіз аяқталып жатты. Коман­далар үзіліске 2:0 есебімен шықты. 

Бірінші таймда екі доп басым­дығына ие болған «Қайрат» ойын­шылары екінші таймды өте сыл­быр бастады. Сөйтіп 77-ми­нутта «Ордабасы» коман­да­сының бразилиялық шабуыл­шысы Жоао Пауло «Қайрат» қақпашысы Стас Покатиловты қапы қалдырып, есеп айырмасын қысқартты. Бұл – Жоао Пау­лоның чемпионаттағы 11-голы. Осы голының арқасында ол ел біріншілігіндегі сұрмергендер тізімінде көш бастады. Бірақ «Ор­дабасының» қуанышы ұзақ­қа созылмады. Алаң иелері бұл голға көп ұзамай-ақ жауап қат­ты. Ойынның 80-минутында Не­бойша Косович әріптестеріне асырған допты қайтарамын деп ұмтылған «Ордабасының» ойыншысы Ұлар Жақсыбаев абайсызда өз қақпасына гол соғып алды. Бұл – шымкенттік клубтың осы маусымдағы төртінші автоголы.

«Ордабасы» клубын 3:1 нәти­жесімен жеңген «Қайрат» бұл ойыннан кейін чемпионаттағы турнир кестесінде 44 ұпай жинап, мерзімінен бұрын чемпион атанды. Осылайша, «Қайрат» биыл 16 жылдан (2004) кейін бірінші мәрте алтын жүлдеге қол жеткізіп қана қоймай, кейінгі алты жылда алты рет чемпион атанған «Аста­наны» «тақтан» құлатты. Осы­лайша, «Қайрат» өз тарихында үшінші мәрте ел чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды.

Матчтан кейін «Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский чемпиондыққа қалай қол жет­кізгені туралы айтып берді. «Әрине, ұзақ күттірген чемпиондық атақ­­қа қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Әсіресе, клуб пре­­зиденті Қайрат Боранбаев үшін. Өйткені ол маған сенім біл­діріп, командаға шақырды. Ал мен сол сенімді ақтай алдым деп ойлаймын. Қазақстанға келе сала «Қайратпен» бірге бірден чемпион боламын деген сенім болған жоқ. Бірақ  клубтағы алғашқы жұмыс күнінен бастап жігіттерге қалай да чемпион болуымыз керек екенін түсіндіріп, сол мақсатқа жетуіміз үшін барымызды салдық. Міне, екі жылдық жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Біз биылғы чемпиондыққа лайық өнер көрсеттік деп ойлаймын», дейді бас бапкер. Тағы бір айта кетерлігі, Алексей Шпилевский – Қазақстан чемпионатының тарихында алтын жүлдені жеңіп алған ең жас жаттықтырушы. 32 жастағы Беларусь маманы осылайша ішкі чемпионаттың тарихына өзгеріс енгізді.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде «Қайраттың» чемпиондығына байланысты футбол мамандары мен жанкүйерлерінің пікірі екіге жарылған. Бірінші тарап пандемияға байланысты барлық матч Алматыда өткен соң «Қайрат» өз алаңында ойнап, басымдыққа ие болды. Бір-екі ойынды есепке алмағанда барлық кездесуін жасанды алаңда өткізіп, чемпиондыққа қол жеткізді деп есептейді. Ал екінші тарап ойын­дардың бәрі бір қалада өтті демесек, барлық командаға бірдей жағдай жасалған деген қарсы уәждерін айтуда. Сондай-ақ «Ас­тананың» биылғы сәтсіздігіне және чемпион атана алмағанына клубтың ішкі жағдайы әсер етті дейді.

Енді ішкі чемпионатта бас жүлдені уысынан шығарып ал­ған «Астана» барлық күш-жі­герін қалайда екінші орынды ұстап қалу үшін жұмсайтыны анық. Алайда «Тобыл» мен «Ордабасы» да «ай қарап» тұр­майтыны белгілі. Сондықтан біріншілікте чемпиондық бәйгеге қарағанда, екінші және үшінші орын үшін өтетін талас тартыс­ты болайын деп тұр. Былтыр үшінші орынға табан тіреген Шымкенттің «Ордабасы» клубы «Қайраттан жеңілгеннен кейін 27 ұпаймен төртінші орынға түсіп қалды. 

Сондай-ақ осы турда «Қайсар­дың» қақпасына жауапсыз үш гол соғып, жеңіске жеткен қоста­най­лықтар 29 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға көтеріліп алды. Кездесудегі голдарды Сенин Себай (53-минут), Жереми Манзорро (58-минут) және Самат Жарынбетов (77-минут) соқты. Газет беттеліп жатқанда «Астана» «Тараз» клубымен кездесіп жатқан болатын. Осы ойынның нәтижесін есепке алмағанда, «Астана» 27 ұпаймен үшінші орында тұр. Бірақ елордалықтар «Тобылға» қарағанда екі ойын кем өткізген.