Жобанының авторы – белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосов пен суретші Тоқтар Ермеков. Жалпы биіктігі 2,75 метр болатын еңселі ескерткіш қоладан құйылып, 1,90 метрлік граниттен жасалған тұғырға қондырылған. Жеңіс Жұбанқосовтың айтуынша, мүсін жобасын жасауға жарты жылдай уақыт кетіпті.
– Одан кейін екі ай ішінде үлкейтіп, жасап шықтық. Ыбырай атамыздың портретін жасау қиындау болды. Өйткені суреттер де аз, олардың сапасы да өте төмен. Содан елімізге танымал болып қалған бұрынғы портретіне қарап отырып бейнесін жасап шығардық. Алғаш бұл жобаның екі нұсқасын жасадық. Біріншісінде тіке тұрған Ыбырай Алтынсариннің жалғыз өзі, екіншісінде ұлы ағартушының қасында кітап оқып тұрған шәкіртін тыңдап отырған сәті бейнеленген. Көп болып, кеңесе келе осы екінші нұсқаға тоқтадық, – деді Жеңіс Жұбанқосов.
Мүсіншілер ескерткішті алдымен Ақтөбе қаласында дайындап алып, кейін Ресейдің Екатеринбург қаласындағы шеберханада қоладан құйып шыққан.
Салтанатты шарадағы алғашқы құттықтау сөз аймақ басшысына берілді.
– Бүгін біз ұлы ағартушы, тұңғыш педагог, жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннің ескерткішін ашқалы отырмыз. Қазақ даласында білімнің шырағын жағып, халқымыздың өркениет әлеміне түбегейлі бетбұрыс жасауына ықпал еткен бірегей тұлғаның алатын орны ерекше. Кеше ғана туған күні аталып өтілген ұлы ағартушының келесі жылғы 180 жылдық мерейтойы бүгінгі ескерткіштің ашылу рәсімінен бастау алады. Біз алдағы атаулы датаға үлкен дайындықпен кірісеміз. Өздеріңізге белгілі ұлы ағартушының туған жері Алтынсарин ауданындағы Мезгіл елді мекенінде орналасқан Омар құдығы мен ағартушының Қостанай ауданында орналасқан мемориалдық кесенесі Қазақстанның киелі орындарының картасына енгізілді. Екі нысанда да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, Қостанай ауданында орналасқан кесене қайта салынып, еліміздегі еңселі де сәулетті тарихи ескерткіштердің біріне айналды. Қазір еліміздің әр өңірінен кесенеге келушілер қатары көбейіп жатыр. Биыл облыс орталығында ұзындығы екі шақырым болатын Ыбырай Алтынсарин көшесі жөнделді. Оған 9 млн теңгенің үстінде қаржы жұмсалды. Сонымен қатар осы көшеде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жаңартылып, жылы әрі заманауи құрылыс материалдарымен қапталып, қаламыздың ажарын аша түсті. Өңірдегі зиялы қауымның бастамасымен келесі жылы ел астанасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында да ұлы ағартушыға еңселі ескерткіш тұрғызылады. Бұл шараға біз де атсалысып, өз үлесімізді қосамыз, – деді Архимед Мұхамбетов.
Облыс әкімінің айтуынша, елімізде Ыбырай Алтынсарин есімімен аталатын 50-ден астам мектеп бар екен. Қостанай облысының өзінде ғана Арқалық педагогика институты, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхана, мемориалдық музей, бір аудан, 5-6 көше ұлы ағартушының есімімен аталады.
– Біз бұл көшелер мен нысандарды жыл бойы жөндеуден өткізіп, басқа да рухани, тарихи-танымдық мәні зор шараларды ұйымдастыру арқылы Ыбырай атамыздың 180 жылдығын жоғарғы деңгейде өткізетін боламыз. Бүгінде аймақтың білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Биылдың өзінде білім саласына 123 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында бір мектеп ашылды. Қарасу ауылында тағы бір мектеп салынып жатыр. «Юбилейный» шағын ауданында 1200 оқушыға арналған білім ошағының құрылысы аяқталды. Мұның сыртында, алдағы жылы «Береке», «Қонай» шағын аудандары мен Қарабалық ауданында мектеп құрылысы басталады. Биыл 100-ден астам білім беру мекемелері жөндеуден өтті. Ең бастысы, біздің ұстаздарымыз ұлы ағартушы салған сара жолды абыроймен жалғастырып, жас ұрпақтың заманға сай білім алып, болашақта ел үшін еселі еңбек ететін саналы азамат болып қалыптасуына үлес қосулары керек. Мен бұған сенімдімін, бүгінде облысымыздың 200-ден астам мұғалімі «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болып отыр, – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиын барысында қаланың құрметті азаматы, Қостанайдағы ұлы ағартушы салған мектептің шәкірті, ардагер ұстаз Беген Көпеш, «Алтынсарин» серіктестігінің басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілектерін арнады.
– Бұл күн тәрбиелік мәні зор, облыс тарихында есте қалатын ерекше күн болып отыр. Ыбырай атамыздың ашқан мектептері кезінде қазақ даласын дүр сілкіндіріп жастарды білімге шақырды. Өзім Ыбырай атам 1884 жылы салған мектептің шәкіртімін, сол мектепте ұзақ жыл ұстаз болдым. Сол себептен Қостанайдағы Ыбырай мектебі менің екінші үйім десем артық айтқандық болмайды. Бүгін қоладан құйылған Ыбырай ескерткішін көріп, қуанып жатырмыз. Бұл ескерткіштің ашылуын облысымызда бұған дейін жүзеге асырылған игі шаралардың жалғасы деуге болады. 1996 жылы біз оқыған, кейін өткен ғасырдың 60-шы жылдары сүріліп кеткен Ыбырай мектебінің орнына үлкен белгітас қойылды. Ал 2017 жылдың 4 қазанында атамыздың кесенесі жаңартылып, еңсесі биіктеді. Бүгін мен бақыттымын. Бақытты мұғалімді көргілерің келсе, маған қараңдар, – деді ардагер ұстаз.
Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, Ыбырай ескерткішінің ашылуы ұлы ағартушының 180 жылдығына арналған іс-шаралардың басы болып табылады.
Салтанатты шараға қатысушылар одан кейін Ыбырай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ағартушының рухына тағзым етті.
Қостанай облысы