Білім • 06 Қараша, 2020

Елбасы еңсесін тіктеген білім ордасы

1063 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Уақыт өтіп, заман өзгеріп жатыр. Бірақ дәуірлер қаншама алмасса да, білім мен ғылым ғана құнын жоймақ емес. Ал осы жолда қай елде болса да жауапкершіліктің ауыр жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелшіл, елшіл һәм мемлекетшіл азаматтар болады. Ондай тұлғаларға тән кемел ақыл, терең ой, биік рух, қажырлы қайрат пен зор қабілет сан сынақтан шығудың қисынын тауып, елін өрге сүйреуге жол ашқан. Түркиялықтар Мұстафа Кемал Ататүрік, үнділер Джавахарлал Неру, сингапурлықтар Ли Куан Ю, малайзиялықтар Махатхир Мохамад сынды тұғырлы тұлғаларымен мақтанады. Олар өз елінің дамуында өшпес із қалдырды. Міне, осы қатарда заманның заңғар тұлғаларының бірі әрі бірегейі, көшбасшылық қасиетімен, өзіндік дара жолымен жаһанды мойындатқан саясаткер – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алар орны ерекше.

Елбасы еңсесін тіктеген білім ордасы

Мемлекет тарихын даңқты тұлғалар арқылы тану, яки таразылау мүмкіндігі тәуелсіздік жемістерінің бірі екені рас. Нақтырақ айтқанда, тарихи тұрғыдан дамуға халықтың болмысы мен бітімі негіз болады. Жеке тұлғаның өзі сол қарапайым көпшіліктің арасынан шығады. «Азаттықтың архитекторы» атанған Елбасыға Қазақ елінің керегесін кеңейтіп, болашағын баянды ету және мемлекеттік әрі қарай дамыту оңайға соқпағаны көзі қарақты қауымға белгілі. Себебі азаттықтың баянды болуы мен келешектің кемелденуін қамтамасыз ету жолындағы артылар жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, Қазақстанды әлемдік қауымдастықтағы көшбасшы елдермен терезесін теңестіру көреген шешімдер қабылдауды қажет етті.

Елбасы ел тізгінін қолға алған сәттен бастап халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыс­тыққа салмай, уақыт талабына, қазақ­стандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре отырып шешуде даралығымен бірден әлем назарын аударды. 30 жылға жуық уақыт ішінде ғасырға татитын істер ең­серілді. Ауқымды жұмыстар жүйеленді. Байтағымыздың шекарасын шегендеп, әлемдік қауымдастықты мойындаттық.

Желмаясына мініп, Жерұйығын іздеген Асан қайғының идеясы халқы­мыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына ұласты. Бабалар аманатын жүзеге асыруды мұрат еткен Елбасы «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жариялады. Бұл бастама бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтымыздың болашағына қатысты ұлы бағдар ретінде еліміздің рухын көтеруге соны серпін берді. «Мәңгілік ел» идеясы – бағзыдан келе жатқан болмысымыздың, өзіндік бітіміміздің заманға сай қайта жаңғыруының, қуатты ел болып қалыптасуымыздың кепілі. Елбасымыз атап өткендей, біздің ортақ мүддеміз – тұрақты, біртұтас және өркендеген Қазақстан құру һәм Мәңгілік ел болу.

Азаттық біздің мыңжылдықтарға созылып, ғасырларға ұласқан асыл арманымыз еді. Егемендіктің бастапқы жылдарында Елбасы: «Күшіміз – жауап­кер­шілікте. Еркіндігіміз – келісімде. Абыройымыз – игілікте. Бірлігіміз – әралуан­дықта. Қауіп­сіздігіміз – ашықтықта. Тәуелсіздігіміз – серіктестікте. Бола­шағымыз – бүгінде» деп айтқан болатын. Сол уақытта Нұрсұлтан Назар­баев халқымыздың өзіндік дүниета­нымының түпкі мәнін тап басып, оның ең асыл қасиеттеріне жүгінді. Бүгінде бұл құндылықтар біздің басты бағ­дарымыз, алға сүйрейтін шамшырағымыз іспеттес.

 

Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі

«Бұл заман – білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деп пайымды ой айтқан Елбасы тәуелсіздік жылдарында білім беру саласына ұдайы назар аударып келеді. Осы уақыт аралығында білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеру талабын басты мақсат етіп қойып,  бүгінде білім адами капиталды арттырудың алғышарты екеніне басымдық берді.

Расында да ғылым мен техникалық прогресс күн өткен сайын әлемге өзіндік жаңашылдығымен, инновациялық жаңа жобаларымен, заманауи технологиялық өзгерістерді алып келуімен ерекшеленуде. Кез келген технологиялық өзгеріс қай мемлекеттің болмасын экономикалық дамуында белгілі бір деңгейде серпіліс алып келері сөзсіз. Ал ғылыми жаңашылдыққа ілесе алмаған мемлекет экономикалық дамуында қандай да бір қиыншылықтарға тап болатынын әлемдік тәжірибе жиі көрсетуде. 

Мемлекетіміздің ғылыми жаңашыл­дыққа ұмтылуына серпін берер күш – жастарымыз. Санасы сергек, жаңа техно­логияларды меңгерген өскелең ұрпақ Қа­зақстанның бәсекеге қабілетті елдерінің сапына қосуға үлес қосатынына сенім­діміз. Бұл орайда жастарды жақсылық пен ізгілікке, білімділік пен білгірлікке тәрбиелейтін педагог еңбегінің маңызы ауқымды.

Тұңғыш Президентіміз негізін қалап, болашақ мақсаты мен мұратын нық­тап берген Тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда, еліміздің одан арғы әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуын жалғастыруда ұстаз қауымы атқарар міндет пен парыз орасан зор.

Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», деп атап өтіп, әлем елдерінің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бірінші кезектегі мәселе болатынын айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны ұдайы арттырып отыру үшін білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Осы орайда отандық жоғары оқу орындары тек білім берумен ғана шектелмей, олар – білім мен ғылымды ілгерілетуде негізгі локомотив рөлін атқаруы тиіс.

Бүгінгі жастар болашақтың кілті сапалы білім мен ғылым екенін айқын түсініп келеді. Өркениет көшіне бет бұрған қыруар істің алтын арқауы болып есептелетін ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші – білім. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке де толастамайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлем жаһандану, инновациялар мен технологиялардың жедел даму дәуіріне аяқ басты. «Білім экономикасына» өту адамзат дамуының жаңа кезеңі болып табылады. Және Қазақстан бұл үдерістердің шетінде, әлемдік дамудың шалғайында қалмауы тиіс. Біз Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену ұлттық стратегиясын жүзеге асыруға кірістік және алдымызға сапалық тұрғыдан жаңа экономика мен адам өмірінің стандарттарын қалыптастыру міндетін қойдық. Ол бәрімізден аса зор күш-жігер мен білімді талап етеді. Біз болашағынан үміт күттіретін ғалымдарды дайындауға ерекше назар аударатын боламыз» деп, әлемдік экономикалық даму тенденция­сы қазақстандық ғалымдардың алдына инновация түріндегі экономиканы қалыптастыру міндетін жеткізген болатын. Бұл тұрғыда отандық жоғары оқу орындарының атқаратын рөлі өте зор. ЖОО-лардың барлық даму даму жоспарларында білім және ғылым салаларына зор мән беріледі. Ғылымның жағдайы білім деңгейіне тікелей байланысты. Егер білім беру жүйесін оның алғашқы сатысынан бастап дамытпасақ, елеулі нәтижеге қол жеткізе алмайтындығымыз белгілі. Сондықтан да білім беру жүйесі үздіксіз жетіліп отыруы тиіс.

Еліміз егемендік жылдарында үнемі жаһандық жаңа үрдістерді қолдап келеді. Мақсат – айқын. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыру. Соның ішінде Елбасы жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттер мен нақты жұмыстардың іске асуына ұйытқы болды. Мәселен, бір ғана «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болды. Бұл бастама өз кезегінде білікті де білімді, «ұстаз» деген атқа лайықты нағыз мамандар мектебінің қалыптасуына негіз болады. Сонымен қатар аталған Заң мұғалім беделін арттырумен қатар, педагог кадрларын даярлайтын оқу орындарының да маңызын айқындап, орнын айшықтауға ұйытқы болды.

 

Тұңғыш Президенттің тікелей қолдауы

Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды. 75 жылдан астам тарихы бар, «ұстаздардың ұстаханасы» атанған оқу орны – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын білім ордасы. Орталық Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. 1944 жылы ашылған бірегей білім ұясының 90-жылдардың басында жабылуы мүмкін екендігі турасында ел арасында қауесет тарағаны рас. Десе де Елбасының тікелей қолдауының арқасында оқу орны жабылмай, білікті де білімді кадрларды даярлауды одан әрмен жалғастыруды қолға алды. Оқу орнының деңгейі уақыт ағымына сай өсіп, беделі артты. Институттан Ұлттық университет мәртебесіне көтерілді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің назарындағы Қыздар университетінің әлеуеті де заман ағымына сай жаңғыртылуда. Парасат мектебіне айналған қазыналы қарашаңырақ дамудың жаңа кезеңдеріне бағыт алып, уақыт сұранысына сай маман даярлаудың тың бағыттарына бет бұрды.

Елбасы университетке келген арнайы сапарында оқу орнының өзіндік ерекшелігіне маңыз беріп, бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей екендігін атап өткен болатын. Зерделей білген, көзі ашық, көкірегі ояу жан бұл сөздің астарында терең мән-мағына жатқандығын аңғарады. Бүгінгі бойжеткен – болашақ жар, еріне тірек, ұрпағына үлгі болар, отбасының ұйытқысына айналар абзал ана. Ұлттың ертеңі, мемлекеттің болашағы ретінде әспеттелер өскелең ұрпақ тәрбиесінде бабалардан мирас болып қалған игіліктер мен ізгіліктердің алар орны, атқаратын рөлі ерекше. Сондықтан да университет ұжымы өз қызметінде кісіліктің кілтін ұсынған кемеңгер әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін басты бағдар ретінде ұстанады. Қазақ халқы қай кезеңде болмасын қыз бала тәрбиесіне жете мән берген. Ол – мәдениеттілікті идеалға бағдарлау арқылы яғни халыққа сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мәдениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетіне, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған. Еліміздің жаһанның дамыған, көшбасшы мемлекеттер қатарына тек экономикалық немесе әлеуметтік тұрғыдан ғана емес сондай-ақ өзіндік озық дәстүрлерімен де енуі тиіс. Бұл үшін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып тәрбие мен дәстүрді қайта зерделеу қажет.

Университет ғасырға жуық уақыт аралығында өзінің бет-бейнесін қалыптастырды, бірегей жолын таңдады. Осы жылдары ұлағат ұясында білім және ғылым саласындағы халқымыздың даңқты тұлғалары мен ұлт зиялылары қызмет атқарып, оқу орнының қабырғасында алпыс мыңнан астам білікті маман даяр­ланды. Күні бүгінге дейін қол жеткен табыстарды сақтап, оны еселей түсу бізге жүктелген жауапкершілік. Биыл қазақстандық педагогикалық жоғары оқу орындары арасында ең алғашқылардың бірі болып Қыздар университеті педагогикалық білім беруді трансформациялауды қолға алды. Бұл – университетті еліміздің педагогика саласында көшбасшы ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру. Бұл оқу орнының бәсекелік қабілетін арттырып, білім берудегі әлемдік трендтерді өз жұмысында қолдануына жол ашу. Осы орайда айта кетейін, трансформациялау жұмысына Тұңғыш Президент қорының «Ел үміті» жобасының менеджерлері мен Білім және ғылым министрлігінің өкілдері жетекшілік жасады. Кез келген трансформация академиялық, ғылыми-зерттеу және кадр саясатындағы және ұйымдық-басқару қызметіндегі елеулі өзгерістермен қатар жүреді. Осыны назарға ала отырып, университеттің ұйымдық құрылымына факультеттерді жоғары мектептерге айналдырудың жаңа моделін кезең-кезеңімен енгізу қолға алынды. Трансформациялау процесі барысында академиялық және басқарушылық дербестік берілді, білім бағдарламаларының контенті қайта өңделді және 7 негізгі тірек енгізілді. Алдағы уақытта көшбасшы бағдарламалар институты қалыптасады, жаңа білім беру өнімдері ұсынылады және студенттік өзін өзі басқару кеңейтіледі. Сондай-ақ педагогиканың ұлттық моделін қалыптастыру үшін зерттеу кластерлері анықталып, таланттарды басқару қолға алынады. Ең бастысы – оқу орны уақыт сұранысына, заман ағымына сәйкес дамудың жаңа белесіне бет бұрды. Трансформациялаудың көздеген тағы бір мақсаты – ауыл мен қала мектебі арасындағы айырмашылықты азайту. Қыздар университеті студенттерінің 90 пайызға жуығы аймақтардан құралатындықтан, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы түлектер үшін өзекті әрі үлкен сұранысқа  ие. Жыл сайын аталған бағдарлама шеңберінде Қыздар университетін тәмамдаған мыңдаған маман еліміздің ауылдық аймағына барып, білім беру ұйымдарында жұмысқа тұрады. Осыған орай білім алушылардың теориямен қатар тәжірибені ұштастыруына көп көңіл бөлінеді. Бүгінде университеттің барлық білім беру бағдарламалары тәжірибеге бағытталған. Атап айтқанда, алғашқы курс студенттері аптаның бір күнінде мектептерде оқу-тәрбиелік, екінші курста психологиялық-педагогикалық, 3-4 курс студенттері педагогикалық іс тәжірибелерінен өтеді. 2019 жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарына берілген академиялық еркіндік шеңберінде университет жұмыс берушілермен белсенді ынтымақтастық орнатты, оларды білім беру бағдарламаларын жобалау мен жетілдіру жұмыстарына қатыстырды. Білім беру бағдарламаларына енгізілген барлық өзгерістер еңбек нарығының сұранысы мен қазіргі заман қойған талаптарға сәйкестігіне қарай сараптамадан өтті. Университет өңірлік басқармалармен, білім бөлімдерімен, сондай-ақ біздің студенттер практикадан өтіп, түлектер жұмысқа орналасатын мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарымен тікелей келісімшарттар жасасты. Бұл жаңашылдық ұжыммен қатар білім алушыларға да зор жауапкершілік жүктейді. Жуырда университеттің 200-ден астам студенті «Birge oqý» платформасында «Онлайн педагогика 2.0» курсының іріктеуіне қатысып, оның ішінде 50 студент Елбасы Академиясы мен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының онлайн мектебіне тьютор ретінде қабылданды. Бүгінде олар еліміздегі ауылдық елді мекендердегі мектеп мұғалімдері мен оқушыларына қашықтан білім беруді ұтымды ұйымдастыруда көмек көрсетіп отыр.

Түйіндей айтсақ, жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.

 

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

 

АЛМАТЫ