– Ауылдағы ауыз суымыз ластанып кетті. Су іше алмаймыз. Құдық екі жерде ғана. Қыстың күні бітеліп, кейде мүлдем тоқтап қалады. Осыдан төрт шақырым жерде үш бұлақтың көзі бар. Ауылға су сол жерден 70 жыл бұрын тартылған құбырмен келеді. Құбырдың өзі шіріп жатыр. Әкімдердің жоспарда бар деген сөздерінен жалықтық, – дейді ауыл тұрғыны Әлия Тәжібаева.
Жоспар жүзеге аспай жатса, тұрғындар әлбетте жалығады, шыдам да шегіне жетеді. Шегіне жеткен соң шағымданады. Ол заңды да. Ауылдықтар түсіріп жіберген бейнежазбаға үңіліп көрдік. Судың ластығы жаға ұстатарлықтай. Құдықтың басын қаңғырлатып, қаңылтырмен жауып қойыпты. Ауыл азаматтары айына екі рет барып, бұлақ көзін тазалап отырады. Қараусыз қалса, қоқысқа толып кетеді екен. Қоқысы былай тұрсын, судың ішінде құрт-құмырсқа, тышқанға дейін жүретін секілді. Амал қанша, лайбұлақтықтар осы суды ішіп отыр. Судың дәмі бар ма десек, "сіз сұрамаңыз, біз айтпайық" деп қысқа қайырды.
– Интернет те жоқ, кейбір жерде ғана ұстайды. Ол да қашықтықтан оқып жатқан студенттерге қиындық туғызып тұр. Соның салдарынан 15 шақты бала кетіп қалды, – деседі ауыл халқы.
Шекара шебіндегі ауылдар заман ағымынан қалыс қалып, қарапайым қара суға жарымай жатқан соң көшпей қайтсін?! Көшеді. Көшкен соң шекарадағы ауылдар қаңырап бос қалды деп байбалам саламыз. Ондайда атам қазақ "жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап" дейтін. Қала өміріне сіңіп кеткен халықты қайтіп ауылға апару екі талай. Сол үшін де ауылдағы тұрғылықты халыққа неге бүгін жағдай жасамасқа?!
Шыр-пыр болған тұрғындардың арыз-шағымын айтып, Алтыншоқы ауылдық округінің әкіміне хабарластық. Алтыншоқы округіне, Лайбұлақпен қатар Айтпай, Текебұлақ ауылдары да қарайды. Лайбұлақ ауылында 398 адам тұрады екен.
– Ауыз су мәселесі бар. 368 млн 456 мың теңгенің жобалық-сметалық құжаты экспертизадан өткен. Енді республикалық деңгейдегі сараптама жасалған соң Үржар ауданының кешенді жоспары бойынша, Лайбұлақ ауылы мен Барқытбел ауылына бірінші кезекте су тартылады. Бәрі дұрыс болса, жұмыс 2021 жылы ақпанда басталады, – деп қуантты округ әкімі Еркін Сайлаубекұлы.
Ал интернет желісін тарту жөнінде үсті-үстіне хат жазылып жатқанымен, нәтиже жақын күндері бола қоймайтын сияқты.