Италия тас жолдарында өткен «Джиро д’Италия» додасында «Астана» велокомандасының бірде-бір спортшысы кезең жеңімпазы атанбаса да, жарыс қорытындысы бойынша ең үздік 10 велоспортшының қатарынан көрінген-ді. Ал «Испания Вуэльтасының» 18-кезеңінде қазақстандық команданың бір спортшысы кезең жеңімпазы атанып, тоғызы әр кезең сайын үздік ондықтың қатарынан көрінсе де, жалпы жарыс қорытындысы бойынша ешбір спортшымыз үздіктер қатарына ене алмады.
Десе де 75 жылдық тарихы бар әйгілі додада талай мықты велошабандоздармен бір қатарда өнер көрсетіп, бір кезеңде мықтылардың арасынан суырылып шығып, кезең жеңімпазы атанудың өзі үлкен жетістік деп есептейміз. Оның үстіне «Астана» велокомандасы Испанияға ең негізгі құрамын емес, әлемдік деңгейдегі жарыстарда аса тәжірибесі жоқ аралас құрамын жіберді. Өйткені әлемдегі барлық жарыс пандемияға байланысты жоспарланған уақытынан кеш ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Сол себепті биыл бірінші мәрте велошабандоздар арасындағы ең мәртебелі екі жарыс – «Испания Вуэльтасы» мен «Джиро д’Италия» додасы тарихта алғаш рет бір уақытта дерлік өткізілді. Сөйтіп Александр Винокуров бастаған қазақстандық команда екі жарысқа да аралас құраммен қатысуға мәжбүр болды. Атап айтар болсақ, «Вуэльтада» Александр Власов, Йон Исагирре, Горка Исагирре, Луис Леон Санчес, Омар Фраиле, Алекс Аранбуру, Дмитрий Груздев және Мерхави Кудус секілді спортшылар бақ сынады. Ал Италиядағы жарыста Якоб Фульсанг, Мигель Анхель Лопес, Юрий Натаров, Вадим Пронский, Мануэле Боаро, Фабио Феллине және Оскар Родригес өнер көрсеткенін тағы бір рет айта кетейік.
Сонымен биылғы «Испания Вуэльтасында» «Астана» велокомандасынан ең үздік нәтижені Александр Власов тіркеді. 24 жастағы ресейлік велошабандоз 16-кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте тоғызыншы орында келе жатқан-ды. Алайда 17-кезеңде мәреге 14-ші болып келіп, жалпы есептегі жағдайын нашарлатып алды. Сөйтіп биылғы доданы 11-орынмен түйіндеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Испания Гранд-турында қазақстандық команданың велоспортшысы тоғыз мәрте әр кезеңде үздік ондықтың қатарынан көрінді. Жеке-жеке атап өтер болсақ, үшінші жарыс күнін тамаша өткізген Александр Власов Ла Лагуна Негра де Винуэса шыңына дейін бір шақырым қалғанда шабуылға шығып, нәтижесінде 5-орынға ие болды. Сондай-ақ ресейлік велошабандоз жарыс соңына дейін тағы төрт мәрте үздіктер қатарынан көрінді. Мәселен, 8-кезеңде мәреге төртінші болып жетсе, 11-кезеңде алтыншы болды. Ал 12-кезеңде мәреге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Корольдік таулы кезеңнің соңғы шақырымында көш басына шыққан Власов жарыс соңына дайын үстемдігін сақтай алмады. Нәтижесінде EF Pro Cycling өкілі британиялық Хью Карти алға жіберіп, өзі екінші орын алды. 16-кезеңде Александр Власов мәре сызығын пелотонмен бір уақытта кескенімен, жарыс соңында 10-орыннан көрінді.
Сонымен қатар жарысты бесінші кезеңде мәреге қалың топпен бірге жеткен испаниялық Алекс Аранбуру спринтті жақсы өткізіп, сол топ арасынан 3-орынға, жалпы кезеңде 6-орынға қол жеткізді. Сондай-ақ 10-кезеңді төртінші орынмен түйіндеді.
Алтыншы кезең «Астана» командасы үшін өте сәтті күн болды. Өйткені Йон Исагирре атақты Арамон Формигаль шыңында жеңіске жетсе, Горка Исагирре мәре сызығын тоғызыншы болып кесті. Йон бұл жарыс күнінде мәреге 3 шақырым қалғанда шабуылға шықты. Айтарлықтай басымдыққа ие болған Исагирре шабуылын соңына дейін жеткізіп, «Испания Вуэльтасында» алғаш рет жеңіске жетті. Сондай-ақ Исагирре велоспорт тарихында үш Гранд-турда жеңіске жеткен 100-ші велоспортшы болды. Бұған дейін ол 2012 жылы Euskaltel-Euskadi командасымен «Джиро д’Италияның», 2016 жылы Movistar Team ұжымымен бірге «Тур де Франстың» бірінші кезеңінде топ жарған. Сонымен қатар Йон Исагирре жарыстың ең соңғы 17-ші таулы кезеңінде бәсекені үздік үштіктің қатарында түйіндеді.
Сонымен қатар жарыстың жетінші кезеңінде де екі бірдей спортшымыз үздік ондықтың қатарынан көрінді. Пуэрто де Ордунья асуын екінші мәрте жүріп өту барысында Омар Фраиле Майкл Вудс, Алехандро Вальверде, Нанс Петерс және Гийом Мартандардың шабуылына ілесіп, нәтижесінде бес шабандоздан тұратын көшбасшы топ арасына қосылды. Мәреге шамамен 3 шақырым қалғанда «Астана» өкілі шабуылға шығып көрген-ді. Алайда мәреге 1,3 шақырым қалғанда Вудс шабуылдап, кезеңде жеңіске жетсе, Омар Фраиле 2-орынға иек артты. Алекс Аранбуру көшбасшылардан кейінгі топпен көмбеге бірге келіп, бұл кезеңде 7-орынға ие болды.
«Астана» велошабандоздары осылайша жылдың ең негізгі үш додасын аяқтады. Қыркүйекте өткен «Тур де Франста» Мигель Анхель Лопес жалпы есепте алтыншы орынды иеленсе, жуырда ғана аяқталған «Джиро д’Италия» додасын Якоб Фульсанг та алтыншы орынмен қорытындылаған-ды.
Айта кетейік, «Испания Вуэльтасында» 2006 жылы Александр Винокуров бастап берген жеңісті Альберто Контадор (2008) мен Фабио Ару (2015) сәтті жалғаған болатын. Сонымен қатар былтырғы додада Мигель Анхель Лопес пен Якоб Фульсанг кезең жеңімпазы атанса, «Астана» командалық есепте үздіктер қатарынан көрінгенін айта кетейік. Жарыстың соңғы күніндегі нәтижені газетіміздің ертеңгі нөмірінен оқи аласыздар.