Таным • 10 Қараша, 2020

Бесқала қазақтарының күйшілік дәстүрі

1961 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ халқы Бесқала аймағын ертеден қоныс етіп, өзіне тән музыкалық мәдениетін қалыптастырып, ұлттық өнердің жан-жақты кемелденуіне аталған шаһар зор үлес қосты. Өткен ғасырларда Әмудария бойындағы Шымбай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз, Көне Үргеніш қала­лары Бесқала деген ортақ атаумен аталып, бүгінгі Қарақалпақстанның ілкідегі бір атауы ретінде тарихта қалды.

Бесқала қазақтарының күйшілік дәстүрі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бесқала өңірінде жыраулық, әншілік дәстүрмен бірге, домбырашылық-күй­шілік өнер де жақсы дамыды, ол аймақ­тағы күйшілердің репертуарында бергі заманның күйлерімен қатар, сонау дәуір­лерден жеткен «Ақсақ құлан Жошы хан», «Қарт ноғай», «Кәрі науайы», «Но­ғайлының қоштасу күйі» сынды көне күйлер де көптеп кездеседі.

Бесқала аймағындағы күйшілік орта­ның қалыптасып, дамуына ықпал еткен көптеген тұлғалардың есімдері белгілі. Біз ел ішінен және жазба деректерден ондаған өнер иесіне қатысты мәліметтерді тауып, жүйеледік. Атап айтқанда, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда – Тілеуқұл Пендеұлы, шүйт Орынбай, Ақкелтір, Шүңке Құл­табайұлы, Жақсымұрат Торытайұлы, Рах Зұлпықарұлы (1845-1910), Емберген Шақпақұлы (1860-1936), Тұрманқожа, Дүкенбай сынды күйшілердің есімдері аталып, олардың жолын кешегі ХХ ғасырда Жолды Қосайұлы, Бәйімбет Дүйсенбайұлы (1875-1962), Әкімәлі Шүңкеұлы (1883-1958), Жұмалы Ембергенұлы (1891-1975), Дәулеткелді Жармағамбетов (1899-1950), Тоғайбай Бейсенбіұлы (1904-1976), Молдағали Балымбетов (1906-1984), Үсен Сүгірұлы (1905-1983), Ізбан, Әбдіғали Жаңбыршин (1908-1988), Қарға Өтегенұлы (1910-1972), Биман Кенжебайұлы (1916-2003), Бақыт Басығараев (1926-2001), Абылай Шәукеев (1928-1996), Мүсір Жорабайұлы (1931-2010), Қылышбай Айтжанұлы (1932-2000), Көреген Дүйісұлы (1935-1999) сынды т.б. күйші-домбырашылар жалғастырды.

Бесқала өңірінде арнайы музыкалық білім алмаса да құймақұлақтық үрдіспен үйреніп, домбырашылық дәстүрді ұста­нып жүрген өнерпаздар әлі де бар­шы­лық. Оразғали Әбілханұлы, Ибаш Байділ­даұлы, Жарылқасын Оңайбаев, Сапарбай Әкімәліұлы, Қадірбай Алдабергенұлы, Байрам Арзиев, Әбді Досжанов, Жұмабай Жорабаев, Боранбай Медетханов, Жұ­батхан Сүндетов, Жолмахан Алпысов, Қожахмет Ниязов, Убайділла Әбдірах­манұлы, Жалғас Бекмаханов секілді өнер­паздар соның дәлелі.

Әму және Жайық бойында «Қырым­ның қырық батыры» эпосын жырлаған ақын-жыраулар халық тарапынан жо­ғары бағаланған болса, «Алпыс екі Ақ­же­лең» сынды салалы күйлерді тарта білген күйші-домбырашылар да сондай құрметке ие болған. Бесқалалық Орынбай, Емберген, Рах, Бәйімбет, Молдағали тәрізді дәулескер күйшілер де жоғарыда аталған циклді күйлерді түгел орындап, халықтың зор ықыласына бөленген.

Бесқала қазақтары арасында кешегі күнге дейін күйші-домбырашылардың сайыстары жиі өтіп тұрған. Күйші, өнер зерттеушісі А.Райымбергенов «Қа­зан­ғап Ақжелең» атты еңбегінде ХІХ ға­сырдың аяғында Қарақалпақстанның Қоңырат қаласында Әзберген ханның ұйымдастыруымен тоғыз домбырашының арасында өнер сайысы өткенін жазады. Оған Бесқаладан және Батыс Қазақ­станнан Орынбай, Дүкенбай, Қаратөс-Аймағамбет, Қаналы төре, Қазанғап сияқты сол кездегі белгілі күй шеберлері қа­тысқанын айта келіп, «Тартыстың шарты бойынша, әрбір күйші «Ақжелең» деп аталатын топтама күйлердің алпыс екісін түгел орындауға тиіс еді» десе, мұны Қарақалпақ аймағында кемелге келіп, сол өңірдегі Жұмалы, Дәулеткелді, Әбдіғали сынды күйшілерден өнеге көріп, өнер тарихына қатысты тың дүниелерді жа­дына түйген Б.Басығараевтың «Бес­қала, Хиуа жақта Әзберген деген қазақ­тың ханы болған. Өзінің хан болып тұрған дәуірінде табын Дүкенбай, шүйт Орынбай, Қаратөс-Аймағамбет, Қазан­ғап, Айша қатын сияқты тоғыз домбыра­шыны жинапты...» деген деректері де рас­тайды. Бұл ертеректе өткен күй сайыс­тарынан хабар берсе, «Үшсай ауылында күй тартыстары жиі болып, соның қызығына тояттай алмайтынбыз. Бұл сайысқа Мойнақтан Жұмалы Ембергенов, Құландыдан Тайпан Балмағамбетов ке­ліп, ауыл үсті күй жәрмеңкесіне айнал­ғанын бала болсақ та талай көрдік» де­ген деректер Кеңес заманы тұсында да Қара­қалпақстанда бұл дәстүрдің үзілмегенін көрсетеді. Сонымен қатар, Шүңкенің әлім күйшісімен, Әкімәлінің түрікмен дутар­шыларымен күй сайысын және кеше ғана өмірден өткен Молдағали, Тоғайбай, Бимандардың жиын-мерекедегі күй тартыстарын атап өткеніміз жөн.

Бесқалаға экспедициямен барып, он­да өркен жайған халықтық өнерді көр­ген фольклоршы К.Сейдеханов «Қа­ра­­­­қа­л­пақ фольклор экспедициясы» ма­­қа­­­ла­сында: «Біз мынаны аңғардық: Қара­қалпақстандағы қазақтардың арасында халық мұрасы мол сақталған және ол күн­делікті өмірде көпшіліктің рухани қа­жетін өтейтін өміршең құбылысқа айнал­ған. Импровизациялық өнер дәстүрін жалғастырушы таланттар аз емес» деген болатын.

Бесқала қазақтары күйлерінің жиналу тарихына қатысты айтар болсақ, Қарақалпақстанға 1959 жылы музыкалық мұраларды жинауға фольклорлық экспедиция А.Серікбаеваның жетекшілігімен тұңғыш рет барады. Осы сапарда Ке­гей­ліде тұратын Молдағали Балым­бе­товтен, Нөкіс қаласындағы Биман Кен­же­баевтан, қоңыраттық Жақсылық Мамытұлынан т.б. өнер иелерінен көптеген авторлық және халық күйлерін жазып алады. Бұдан кейін де 1962 жылы Т.Бекхожина, 1977 жылы А.Байғаскина мен Б.Аманов, 1982 жылы Б.Қарақұлов пен Е.Сафуанов барып ондаған күйшілерден мол мұра жазып алды. Т.Бекхожина Бесқала аймағынан жинаған мұраларды негізге ала отырып, «Даламның назды саздары-ай» еңбегінің бір тарауын «Қарақалпақстан домбыра күйлері» деп атады.

Біз де 2013, 2015 жылдары Қарақал­пақ­станға арнайы барып, жоғарыда атал­ған белгілі күйшілердің ұрпақтарымен, сондай-ақ елімізге оралған ағайындармен кездесіп, көптеген күй саңлақтарының өмір және өнер жолдарына қатысты мә­ліметтер жинадық. Ел ішінен іздестіре жүріп, жеке архивтерде жатқан дыбыс таспалары мен ертедегі ескі күйлерді бі­летін өнерпаздардың баршылық екеніне куә болдық. Өзіміз тауып жазып алған қазыналардың арасында тың материалдар жеткілікті. Сонымен қатар Сәрсенбай Қадірұлынан «Бес қыздың жүрісі», Орал­бек Сәдуұлынан «Арқабайдың күйі», Жалғас Жанашбайұлынан «Көй-көй», Жарылқасын Оңайбаевтан «Тоғайбай­дың күй басы», Байрам Әлиевтен «Қар­ға­ның күйі», «Ысмаханның күйі», Мыр­забай Қылышбайұлынан «Са­қау қыздың күйі», «Қара атты мен то­ры атты», «Досының күйі», Қара­сай Әбдімұратұлының автор­лық күйі «Адас­қан сұңқар» т.б. күй­лерді жа­зып алдық. Осындай жеке ізде­ніс­тер нә­тижесінде жиналған мате­риалда­ры­­мыздың бір бөлігін күйші, өнер зерт­теушісі М.Әбуғазы «Қазақтың дом­быра өнері» атты еңбегіне «Бесқала күйшілік дәстүрі» деген атаумен енгізді.

Бесқала қазақтарының күйлері – А.Есен­ұлы мен Г.Елеусізқызының «Күй – қастерлі әуез» атты еңбегінде, «Ақ­­төбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудио жинағында, сонымен қатар «Қа­зақ­тың 1000 күйі» антологиясында, А.Тоқ­тағанның «Атыраудың 62 Ақже­леңі» еңбектерінде көптеп жарияланды. Осы­лайша, Бесқала күйлері біршама жи­нақтарда ноталық және үнтаспа үлгі­сінде жарияланып жүрсе де, қай аймаққа тән екені және орындаушылар жөнінде мәліметтер жарияланған емес.

Бесқала қазақтарының күйлері жұрт­шылық бас қосқан жиындарда ғана емес, қазақ және қарақалпақ радиоларында, Ташкент телеарнасындағы қазақтілді «Замандас» бағдарламаларында дәріп­телді. Әдебиетші-ғалым Қ.Жұмажа­нов «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әде­биеті» атты монографиясында бірлі-жа­рым күй саңлақтарын сөз еткенмен, атал­ған өңірдегі күйшілер туралы бұрын-соңды тиянақты зерттеу жұмыстары болмады. Соның себебінен кей­бір еңбек­терде жаңсақтыққа жол беріліп, біршама қате тұжырымдар жасалды. Мұның бә­рі Бесқала күйшілік өнері туралы мә­лі­меттердің бұған де­йін жеткілікті дәрежеде зерттеліп, зер­де­ленбегенінен деп ойлаймыз.

Өзбекстан, Қарақалпақстан қазақ­тары­ның халық ауыз әдебиеті нұсқа­ларын жинаған әдебиетші-ғалым Қ.Сат­таров «Фольклор экспедициясының же­місі» атты мақаласында: «Әмудария құйылысындағы алтын қазына, асыл мұраның бір саласы – қазақ күйлері зерт­­теушілердің қаламына ілікпей келе жат­қандығы қынжылтады» деген еді.

Ел арасынан материалдар жинас­тыру нәтижесінде бесқалалық күйші-дом­бырашылардың өнер тарихын жүйе­леп, ұстаз-шәкірт жалғастығының үзіл­мегені анықталып отыр. Бұл орайда, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Тілеуқұл Пен­де­ұлының күйшілік өнерін Жақсымұрат Торытайұлы мен Емберген Шақпақұлы жалғастырса, олардың жолын Жұмалы Ембергенұлы, Үсен Сүгірұлы, Әбдіғали Жаңбыршин, Айтөре Үсенұлы, Дәу­леткелді Жармағамбетовтер ұстанғанын айтуға болады. Аталған өнер иелеріне Бақыт Басықараев, Дүйсенбай сынды т.б. күйшілер шәкірт болып, үлкен өнер иесі болып қалыптасты.

Бесқала күйшілік өнерін дамыту­шы­лардың алдыңғы легінде шүйт Орын­бай мен Тұрманқожаның аты аталса, Орын­байдан Қазанғап өнеге алған. Сол дәуірде Бесқалада Шүңке Құлтабайұлы сынды дәулескер күйші өмір сүріп, Шүң­кеге Әкімәлі Шүңкеұлы, Әкімәліге Оразғали Әбілханұлы мен Мүсір Жора­байұлы шәкірт болды. Оразғалидан Әс­кер­бай Нұрқожаев, ал Жұмалы мен Әс­­кербайдан Қожахмет Ниязов күй үйренген.

Аталған аймақта күй өнерін жыршы-жыраулар да кеңінен насихаттады. Бұлардың қатарында – Қарасай Қали­ұлы (1848-1926), Амантұрлы (1872-1938), Жақсылық Мамытұлы (1899-1961), Теңізбай Есенбайұлы (1905-1968), Сарыбай Жәдігерұлы, Ұзақ Мың­баев, Әскербай Нұрқожаев сынды әнші, жыршылар болса, Қарасай Әбдімұратұлы, Тұрлан Бейсенбаев, Сәр­сенбай Рахманбердиев сияқты бүгінгі жыршылар да шебер домбырашылар.

Мұндағы күйші-домбырашылар Бес­қала күйлерімен шектеліп қалмай, Үсен, Қаналы, Шәкім төрелердің, Қазанғап, Айша қатынның, Баймағамбеттің, Ма­хам­бет, Құрманғазы, Дәулеткерей күй­лерін де репертуарына қосып, ел ішіне насихаттады.

Күйімен халық жүрегінен орын ал­ған өнерпаздарды жұртшылық жады­нан шығармай аңыз-әңгіме етіп кейін­гілерге айтып отырса, ақындар мен жыраулар олардың есімдерін өз шығар­маларына қосып дәріптеді. Мысалы, «Қарақалпақстанның халық жырауы» Алдаберген Тасқынбайұлы (1926-2007):

Тұрманқожа кісі екен,

Домбыра, күйдің иесі.

Ерте бір заман уағында.

Домбыраға дыбыс қостырып,

Келтіруші ағымға.

Күй жүйесі қосылып,

Өзіне әбден ұнамай,

Шаппаған су деп сағымға, –

десе, ақын Жүндібай Көптілеуұлы «Бұл елден кімдер шықпаған» толғауында:

Қарақалпақ елінде,

Күйшілер өткен белгілі...

...Тоғайбай деген кісіні,

Көп мақтайды асыра.

...Молдағали, Биманды,

Кім білмейд дейсің бұл елде.

Ақ домбыра қолға алып,

Ұшар құстай қомданып,

Тартқанда күйді толғанып,

Күш қосқан айбат, жігерге.

Жүзден артық күй тартып,

Тыңдаған халқы құмартып,

Естіген адам кетпеген,

Алғандай затын жоғалтып.

Кешке күйді шерткенде,

Кетіп жүрді таң атып...»,

– деп Тоғайбай, Молдағали, Биман күй­шілердің атын жырға қосады. Деректерге сүйенсек, Бесқала күйшілерінің Маңғыс­тау, Ақтөбе, Орынбор, Мұнанай, Хиуа, Түрікмен аймақтарын аралап, өнер көр­сеткені байқалады.

Күйшілік өнері басымырақ дамыған кейбір аймақтардың жыршылық пен әншілік дәстүрінде күйдің әсері көбірек байқалса, Бесқала қазақтары арасында жыршылық өнердің кемелденіп, өркендеуіне байланысты бұл аймаққа тән күйлерде жыр саздарының ықпалы сезіледі, философиялық сарын басым. Шал Мырза мен Қазанғап күйлерінде де осы ерекшеліктің болуын Бесқала аймағында өмір сүріп және аталған өл­кенің күйшілік дәстүрінен нәр алғанымен байланыстыра аламыз.

Сөз қорытындылай келе, алдағы күн­дерде Бесқала қазақтарының күйшілік дәстүрі жеке өнер мектебі ретінде танылып зерттеледі деп сенеміз.

 

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы