Саясат • 10 Қараша, 2020

Тілегі – ортақ, тілі – бір...

878 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ынтымағы мен бірлігі, татулығы мен достығы жоқ елде қарыштап даму да, жаңғырып гүлдену де болмайтыны белгілі. Тәубе, Қазақстан деп аталатын қарашаңырағымыз ондай алауыздықтан ада. Елімізде бейбітшілік, айрандай ұйыған ауызбірлік бар. Ал соның алтын қазығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы дер едік. Оның да қанат жайғанына биыл ширек ғасыр толып отыр. Жуырда осы алқалы ұйымның мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресі өтіп, орамды ойлар ортаға салынған болатын.

Тілегі – ортақ, тілі – бір...

Түрлі деңгейдегі шенеуніктер, филология және лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүше­лері, этномәдени және жастар бірлес­тік­терінің өкілдері қатысқан алқалы жиын толығымен қазақ тілінде өтіп, спикерлер ретінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бір­лестіктердің мүшелері сөз сөйлегені қуантады. Осылайша, іс-шара барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйрену тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Иә, мемлекеттік тілдің мерейін үстем ететін кез әлдеқашан келді. Елбасының сөзімен айтар болсақ, алдағы уақытта «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жас­тарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа Жолдауында айтып өткендей, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді». Осы ойды конгреске қатысушылар да ұштап отыр.

 

Владимир ЧЕПЕЛЬ,

Ақсу ауданы, Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:

1

– Мен мемлекеттік қызметкермін. Алтын бесігіміз ауылда тұрғандықтан, әр түрлі мәселелермен келген азаматтардың мәселесін ешбір қиындықсыз түсініп, бірден көмектесуге тырысамын. Қазақ тілін білгендіктен ашық-жарқын әңгіме­лесіп, еркін пікір алмасамыз. Меніңше әр отандасымыздың жүрегінде қазақ тілі бар. Тек оны ояту керек. Ауылдық ай­мақ­тарда қазақ тілін бәрі біледі. Және қазақ тілінің деңгейіне байланысты мәсе­ле жоқ. Ал қалаға келсең, мұндай мәсе­ле бар екенін көресің. Қалада жас­тар қазақша сөйлеспейді. Жұмыс бары­сын­да маған екі ақсақал келді. Олар менің түріме қарап, сөздерін орысша баста­ды. Мемлекеттік қызметте қай тіл­де сұраса, сол тілде жа­уап беруің керек. Сондықтан орыс тілінде жауап бердім де, «құрметті ақсақалдар, қазақ тілінде сөйлессек қалай болады?» деп сұрадым. Олар қуанып кетті. «Балам қазақ екен ғой» деп жатыр. Мұндай мақтанға масайрап, тіпті жүрегің жылынып, біразға дейін ішкі буың басылмай тұрады. Сол себепті қазіргі жастарды екі-үш айға ауылға жіберсе, ауылда тілдің, дін­нің сақтаушылары болып отырған ақсақал­дардың оларға үйретері көп болар еді деп ойлаймын.

Біздің әралуандығымыз басымды­ғымыз, ал күшіміз бірлікте екенін Елбасы әу баста айтқан еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық келісімді сақтап, татулығымызды арттыруда мемлекеттік тілдің рөліне айрықша мән беру қажеттігін айтты. Сондықтан, біз ең алдымен туған елдің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Қазақ тілі – Ұлы даланың ұлтаралық тілі болатынына сенімдімін!

        

Виктория ТРЕГУБОВА,

журналист:

1

– Мен Тараз қаласының тұрғынымын. Өзімді ұдайы «орыстың қазақ қызымын» деп таныстырамын. Қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебін бітіргендіктен, мем­ле­­кет­тік тілді жетік білемін. Маманды­ғым – журналист. Жұмыстан бос кезде қоғамдық істерге белсене қатыса­мын. Қазақтың данышпаны Абайдың өлең­дерін оқу сүйікті ісіме айналып кеткен. Жырларын жатқа білемін. Қара сөздерін ұдайы оқып тұрамын.

1998 жылы Ресейдің Ульяновск облысында туғанмын. Анам – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тумасы. Мектеп бітірген соң, ілім-білім із­деп, Ресейге барған болатын. Сол кезде әкемді жолықтырып, екеуі шаңырақ көтере­ді. Бес-алты жыл Ресейде тұрған. Сосын шешем әкемді төркініне алып келіп таныстырып, туған жерін – Қазақ­станды көрсеткісі келеді. 2000 жылы Қазақстанға қайтып келдік. Содан кейін Ресейге қайтпай, Қазақстанда қалдық. Әкемнің де қалауы осы болды. Қазақ жері, елінің қонақжайлылығы ұнаған болар.

Өзім Тараздағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргенмін. Мектепті де, университетті де қазақша оқыдым. Ұланбел атты шағын ауылда тұрдық. Әке-шешем бізді амалының жоғынан қазақ мектебіне берген болар. Бірақ қазір, қазақ тілін осындай деңгейде білетініміз үшін әке-шешеме алғысымыз шексіз. Өзімнен үш жас үлкен ағам бар. Ол да қазақшаны жетік біледі. Ол қазір ауылда, әке-шешемнің қасында.

Кейбір адамдар қазақша таза сөйле­геніме таң қалады. Риза болады. Үлкен кісілер батасын беріп жатады. Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Менің ортам қазақ­тілді. Достарым қазақтар. Қалалы жерде жұмыс істей бастағанымда орысша дұрыс сөйлей алмайтынымды ұқтым. Грамматикам төмен екен. Қазақ тілі мен үшін ана тілім болып кеткенін ұқтым сол кезде. Қалалы жерге келген соң, осы жердегі адамдар орысша сөйлегеннен кейін, мамандығыма қажет болғаннан соң орыс тілін қолға алдым. Қазір екі тіл­ді де қатар ұстап жүре аламын. Өзге тіл­дер­ді үйрену маған қиын соқпайды. Тү­сін­бегенімді қазақшаға аударып біліп ала­мын, болмаса, орысшаға аударып түсініп аламын.

Жалпы әр қазақстандық мемлекеттік тілімізді білуі тиіс деп ойлаймын. Сол себепті біз Ассамблея мүшелері, қазақ тілін жетік меңгерген жастар, өзіміз сияқты өзге ұлт өкілдеріне көмек қолын созуы­мыз қажет. Бізде, Ассамб­леяда мемле­кеттік тілді үйрететін үйірме­лері­­міз жоқ емес, енді сол үйірмелерге қаты­су­­шылардың санын арттыру үшін, өзіміз бел­сене ат салысуымыз қажет деп ой­лай­мын. Қазақ тілінің бізге тиген пай­дасын айтсақ, жетістіктерімізді көрсетсек, маңыздылығын түсіндірсек, оларға үлгі бола білсек, қызығу­шы­­лығын да арттыра аламыз деген ойда­мын. Бұл мәселеге көңіл бөліп, жауап­кер­ші­лікпен қарауымыз қажет деп ойлаймын.

 

Сабина ПАК,

Түркістан облысы, Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі:

1

– Мен қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінің тумасымын, қазақ ұлтының бол­­мысы мен мәдениеті өзіндік мәнге ие, татулығы тұрақты мекеннің төл пер­зентімін. Мен, біріншіден, қасиетті қазақ жерінде туғаныма шексіз бақыттымын. Осы­нау бейбіт елде күн кешіп, қазақ тілін­де таза сөйлегенім – мен үшін үлкен мақ­таныш. Қазақ тілін еркін меңгеріп, хакім Абайды танығаным үшін, қазақ тілін білу арқылы оның қарасөздерін оқы­ға­ным үшін қуанамын. Қазақ тілінің шек­сіз құдіретін бала кезімізден сезініп өс­тік. Өйткені біз отбасымызда тек қазақ тілін­де сөйлейміз. Абайдың өлеңдерін бауырларыммен бірге таласа-тармаса оқимыз.

Қазіргі күні университетте де қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Туған ағам Абайдың қара сөздерін жатқа айтады. Соның ар­қа­сында республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. «Өзімнің айнам – ағам» деп айта аламын. Біз үйде өзіміз хакім Абайдың сөздерін, оның ішінде 31-қара сөзін корей тіліне аудардық. Сон­дықтан өздері қазақ бола тұра, қазақ­ша сөйлемейтін жастар мені қатты таң­ғалдырады. Олар не себепті мемлекет­тік тілді кейінгі орынға қояды деп ойланамын. Келешекте қазақ тілінің кең қанат жаюы үшін қазақ топырағын басып, ауасымен тыныстап, осы мекенде күн кешіп жүрген әрбір азамат тек қазақ тілінде таза мүдір­мей, кедер­гісіз сөйлесе деймін. Егер де біз­ге қоғам­дық ортада орыс неме­се өзге тіл­де тіл қатса, тек қазақ тілін­де ғана жауап беру арқылы қазақ тілі­нің бола­ша­ғын жарқын ете аламыз. Ғасыр­лар қой­науынан келе жатқан мол қазы­на­сын кейінгі жасқа насихаттай аламыз. Осы арқылы бізге бабаларымыздан жеткен асыл мұраны ұлықтай аламыз дер едім. Сөз соңында әрбір жасты қазақ тілін ардақтап, ана тілін құрметтеуге, қоғамдық орындарда тек қана қазақша сөйлеуге шақырамын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, қазақ тіліміз ғұмырлы болсын!

 

Валентина ТАЛЮС,

Іле ауданы, №18 Қараой орта мектебінің мұғалімі:

1

– Мен литван қызымын. Бірақ өзге ұлт өкілі болсам да, мемлекеттік тілімізді мең­­ге­ріп және құрметтеп келемін. Мен 1994 жылы Ресейдің Астарахань қала­сын­­­да дүниеге келдім. Жасқа толмай жа­­тып отбасымызбен бірге Атырау об­лы­сын­дағы қазіргі Құрманғазы ауылында тұра­тын ата-әжемнің үйіне көшіп кел­дік. Содан бері мен атам Хасанбек пен әжем Нинаның тәрбиесінде болдым. Атам мені кішкентай кезімнен қазақ­ша сөйлеуге үйретті. Сонымен қатар бірге жүрген достарымнан және көр­ші­лерімнен үйренгенім тағы бар. 5 жасым­нан бастап қазақ тілінде сөйлей бастадым. Мемлекеттік тіл – өмірімде ерекше орын алады. Мектеп пен жоғары оқу орнын орыс тілінде бітірсем де, мен мемлекеттік тілге байланысты әр түр­лі олимпиада, сайыстарға қатысып, жүл­делі орындарды иеленіп жүрдім. Қазіргі таңда Алматы облысындағы Іле ауданының мектебінде педагог-психолог болып жұмыс істеймін. Мұнда қазақ тілін білу балалармен тіл табысуыма көмек­теседі. Мені қазақ ұлтына, қазақ тілі­не құрметпен қарауды үйреткені үшін ата-әжеме шексіз ризамын. Менің ойым­ша, мемлекеттік тіл – тек қазақтың тілі емес, Қазақстанда тұратын барлық этнос­тардың ұлтаралық ортақ тілі.

 

Наргизам МАХМУДОВА,               

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Нұр-Сұлтан қалалық «Жаңғыру жолы» РЖҚ штабы төрағасының орынбасары:

1

– Мен қазақтың тіліне, салт-дәс­түрі­не құрметпен қарап, мемлекеттік тіл­ді үйреніп, қолданып, насихаттап жүрмін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тілің­ді құрметте» демекші, менің екі ана тілім бар. Ана сүтімен дарыған және сүй­­ген жерімнің топырағымен дарыған ұй­ғыр тілі мен қазақ тілін  ажырату – мен үшін мүмкін емес! Менің ойым­ша, Қазақстанда өмір сүретін әрбір аза­мат­тың мемлекеттік тілді білуі – парыз. Отандастарымыз қазақ тілін білуі керек. Қай ұлт болмасын, мемлекет­тік тілді білуі аса маңызды деп есептей­мін. Сондықтан алдағы он жылда мемлекет­тік тілді меңгеру бойынша түйткілді мәселелер туындамайды деп сенемін.

Мемлекеттік тілді бесіктен бастап дамытып, бесік жырын айту қажет. Бала­бақшада мемлекеттік тілді дамытуға аса мән берген жөн. Соның нәтижесінде жасөспірім есейіп, мемлекеттік қызметке кіріскен сәтінде қазақ тілін меңгеруден қиындық көрмейтіні сөзсіз!

 

Светлана КРЮГЕР,

Қызылорда облыстық «Қоғамдық келісім» КММ сарапшысы:

1

– Менің ұлтым – неміс. Елбасы Алаш­тың анасына балаған қасиетті Сыр елін­дегі Қызылорда облысының қызымын. Қазақ жастарының тұңғыш көшбасшысы, атақты Ғани Мұратбаев дүниеге келген киелі Қазалы ауданының тумасымын. Қалың қазақтың ортасында өстім. Сыр еліндегі ыстық күннің нұрына шомылып, майлы топырағын кешіп, арықтағы суында қазақтың қара домалақ балаларымен қатар ойнап жүріп қазақ тілін қалай білмейін?! Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Өзім үйрендім. Оны менің бойыма қазақтың ортасы сіңірді. Қазақ тілін білуді отбасындағы тәрбиемен де байланыстырамын. Атам қазақ тілінде өте жақсы сөйлейтін, қазақтың салт-дәстүрлерін құрмет тұтатын. Ұлты қазақ жолдастары да көп еді. Атам мені қазақ балабақшасына берді. Тәрбиеші апайлар мені «қазақтың сары қызы» деп атайтын. Қазақ тілінде еркін сөйлеймін, сауатты жазамын, орнықты ойлаймын.

Мектеп бітірген соң Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алуға бел будым. Онда орыс тобының ашылмайтынын естіген кезде, ойланбастан қазақ бөліміне құ­жат­тарымды тапсырдым. Отанымның мем­лекеттік тілін толық меңгергенім мен үшін үлкен бақыт! Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы мемлекеттік тілді білуімнің оң нәтижесі деп есептеймін. Менің өмірлік серігім де – қазақтың жігіті. Өйткені мен жаным­мен де, жүрегіммен де қазаққа айнал­ған­мын. Бүгінгі күні Жанерке мен Жан­сая есімді қаракөз қыздарым қазақ мек­тебінде білім алуда. Қазақ тілінде еркін сөй­легенімде маған – көк көз, сары шаш­ты жанға қазақтардың өздері таңырқай қарайды!

Ұлы Абай атамыз  «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»  деп айтқандай, мен бұл өмірде өз орнымды таптым деп мақтанышпен айта аламын.

 

Дайындаған

Рауан ҚАБИДОЛДА,

«Egemen Qazaqstan»