Облыс бойынша қыс бойы қамқорлыққа алынып, қадағаланып отыратын жолдардың жалпы ұзындығы – 8 996 шақырым. Оны сақтауға биыл 943 млн теңге қарастырылған. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл – 2018 жылы бөлінген сомадан 1,6 есе артық.
Ақша қары сықырлаған Солтүстіктің тас жолдарының ең қауіпті жері – көктайғақ. Үстіндегі қарын сыпырып тастағанда қалған жұқа қар көп көліктің қызуымен күндіз жібіп, түнде қатады. Ал ертесіне жарқыраған көк мұз болмаса да көгерген тайғақ болып тұрады. Ол үлкен жолдарда ғана емес, қала мен ауылдардың ішіндегі жаяу жолдарда да қауіпті. Осы көктайғақтан талай адам мертігіп жатады. Міне, жолдарды сақтаушылар алдымен осыған қарсы күресулері керек. Бүгінгі таңға дейін 3 900 тонна көктайғаққа қарсы қолданылатын материалдар үйілген екен. Бұл – құм, тұз араласқан үйінділер. Осылар қауіпті аймақтарда жолға себіледі. Тұз еріген қарды қатырмайды.
Солтүстік Қазақстан облысында қысқы жолдың тағы бір қаупі – қарлы борандар. Ашық далада ондай борандар кейбір жылдары тоқтап қалған машиналардың үстінен де жүріп кетеді. Біздің облыста ондай учаскілер саны –549. Осылардың бәрін жолшы кәсіпорындар ғана емес, жергілікті билік, патрульдік полиция мен ТЖ қызметтері бақылауға алады. «Мен барлық әкімдер ауылдар арасындағы жолдардың ашық болуын қатаң бақылауға алуы керек екенін ескертемін», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов жол мәселесіне арналған отырыста.
Қызылжар қаласында барлығы 300 шақырымдай тас жол бар. Оларды сақтауға қажетті арнаулы техникалар саны биыл былтырғыға қарағанда 20%-ға артқан.
Мердігер кәсіпорындар кейде қар жинағанды сылтау қылып, бульдозерлерін бас-көз жоқ жүргізіп, отырғызылған ағаштарды, газондар мен жол жиегіндегі бордюлерді де қиратып жатады. Қ.Ақсақалов қала әкімі Б.Жұмабековті осы жағына да мұқият болуды ескертті.
Биыл солтүстікқазақстандық қоғамдық белсенділер төселген жолдардың сапасын тексеруге арналған қоғамдық комиссия құрған болатын. Ол біршама пайдалы жұмыс істеп, кейбір сапасыз төселген асфальттарды қайта төсеткен. «Қысқы жолды сақтауға да осындай қоғамдық бақылау керек сияқты. Көшелердің қардан тазалануын бақылау бойынша халыққа көрсетіп отыратын карта жасалуы керек. Сонда халық коммуналдық қызметтердің жұмысын біліп отыратын болады», деді әкім.
Сонымен бірге Қ.Ақсақалов халыққа қанша текше метр қар шығарылғаны, қанша тонна құм себілгені туралы ақпараттар емес, көшенің қардан тазаланғаны керек деді. Шынында коммуналдық қызметтің кейбір басшылары осындай көрсеткіштерді алға тартып, ақпарат беруге құмар. Мұндайдың ешкімге де керегі жоқ. Халыққа керегі – нәтиже, яғни қардан тазаланған жолдар мен көктайғаққа құлатпайтын материалдардың себілгені.
Жиналыста қарды көктемге қалдырмай, қыс бойы тазалап тұру керектігі де шегеленіп айтылды. Әйтпесе, кейбір жылдары қар тазалаушылар көшеге қарды үйіп қойып, оны алысқа тасуды көктемге қалдыратын.
Биыл қол күші мен техниканың артқанына қарап Солтүстікте қар мен боранның кесірінен жаманат болмас деген ойдамыз. Көшедегі көктайғақ та еңсерілуге тиіс.
Солтүстік Қазақстан облысы