Медициналық мекемеде алғашқы науқастарды қабылдауға бәрі де дайын: мұнда 15-реанимациялық төсекті қосқанда 200 орын, сондай-ақ сандық рентген аппараты мен басқа да қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар.
Теміртаудағы орталық аурухана директорының орынбасары Ринат Гатин аталған госпитальдің коронавирус инфекциясының болуы ықтимал екінші толқынына тойтарыс беруге сақадай-сай екенін айтады.
– Госпитальда толық жабдықталған 15 реанимациялық төсек-орын ашылды. Мұнда 30 нүктеге орталық оттегі беру, жаңа ӨЖЖ-аппараттары, 145 оттегі концентраторы қарастырылған. Бақылау мониторлары, электр сорғылары бар, орталықтандырылған желдету жүйесі орнатылған. Жаңа сандық рентген жүйесі сатып алынып, орнатылды. Бұл аппараттың мүмкіндігі өте мол. Ғимарат қызыл және жасыл аймақтарға бөлінген, бұл медицина қызметкерлерінің инфекцияны жұқтырып алу қаупін азайтады, – дейді ол.
Қазір жаңа госпитальде 73 медициналық қызметкер еңбек етеді. Олардың құрамы кадрларға деген қажеттілікке байланысты өзгеріп отыруы мүмкін.⠀
Жалпы, Теміртау қаласында бұдан бөлек консервацияланған тағы екі госпиталь жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз, металлургтер шаһарының инфекциялық стационарларындағы орындардың жалпы саны 500-ден астам төсекті құрайды деген сөз.