Қоғам • 11 Қараша, 2020

Ләззат Танысбай: Пандемия тұсында жалпы телевизия көру 22 пайызға өскен

920 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Эпидемиялық ахуал кезінде сенімді ақпарат көзін іздеген аудитория телеарналарға оралды. Бұл туралы "Astana Media Week 2020" барысында "QAZAQSTAN" РТРК" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ләззат Танысбай: Пандемия тұсында жалпы телевизия көру 22 пайызға өскен

"QAZAQSTAN" РТРК" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайтың айтуынша, пандемия кезіндегі телеарналарда, соның ішінде отандық салада да айтарлықтай өзгерістер көп екендігін тілге тиек етті.

"Қазақстан" корпорациясының құрамында бірнеше республикалық телеарна, радиостанциялар және аймақтық телеарналар бар. Барлығына тоқталу мүмкін емес. Десе де, карантин енгізген негізгі өзгерістер жөнінде айтып өтсем. Шыны керек, менеджер ретінде дәл осы сәтте екі үлкен міндет-миссияның арасында қалдық. Біріншісі және ең бастысы - қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін сақтау. Білесіздер, ұжым өте үлкен, сондықтан да алдымен мүмкін болған редакциялардың жұмысын қашықтыққа ауыстырып, кейбір бөлім қызметкерлерді ауысымдарға бөлдік. Журналист, режиссер, редакторларымыз хабарларын тұтастай болмаса да, онлайнда жасауға дағдыланды", деді Ләззат Танысбай.

Сөйте тұра, төрайым мұның барлық қызметтерге қатысты еместігін баса айтты.

"Себебі – алдымызда көрерменді нақты, тексерілген ақпаратпен қамтамасыз ету және телеэфирді сапалы контентпен толтыру міндеті тұрды. Керісінше, карантин кезінде дәлелді, шынайы, шұғыл ақпаратқа деген сұраныс күшейді. Сондықтан да елде карантин болған кезде телевизия міндеті мен ондағы мамандардың қызметі еселеп артты. Мысалы, "Qazaqstan" арнасы бір ғана ковид тақырыбында 200 ролик жасап эфирге берді. Сол кезде қолға алынған күнсайынғы тікелей эфирдегі "Теледәрігер" жобасына бір хабардың ішінде екі мыңға дейін сұрақ келіп түсіп отырған күндер болды. Дәл карантин күндері жаңалықтар шығарылымдары бұрын-соңды болмаған қаралымдарды көрсетті", деді ол.

Корпорация төрайымының айтуынша, Қазақстандағы жалпы телевизия көру 22 пайызға өскен. Мұның ішінде корпорация арналарының да үлесі салмақты.

"Бір сөзбен айтсақ, пандемия кезінде сенімді ақпарат көзін іздеген аудитория телеарналарға оралды", деді Ләззат Танысбай.