Спорт • 12 Қараша, 2020

Допинг дауына іліккен қазақстандықтар

144 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұған дейін хабарлағанымыздай, футболдан Қазақстан құрамасы мен «Әл-Айн» клубының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламханның бір ай бұрын тапсырған допинг сынамасынан тыйым салынған препарат табылып, уақытша ресми ойындардан аластатылды. Сөйтіп ұлттық құраманың капитаны «Ұлттар лигасының» соңғы екі турында жасыл алаңға шыға алмайтыны белгілі болды.

Допинг дауына іліккен қазақстандықтар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бауыржан Исламхан – қазақстандық футболшылар арасында допинг қолдан­ды деп айып тағылған бірінші футболшы болса да, әлем футболында жал­ғыз емес. Кейінгі 10 жыл көлемінде бір­неше танымал футболшының тыйым салынған препарат қолданып, бір­неше жыл спорттан аластатылғанын біле­міз. Атап айтар болсақ, солардың қатарында қазіргі таңда «Манчестер Юнайтед» клубында өнер көрсететін бразилиялық жартылай қорғаушы Фред (Украинаның «Шахтерінде» жүргенде допингпен ұсталып, бір жылға спорттан шеттетілген), кезінде Англияның «Арсенал» клубында жұлдызы жанып, Франция футболының болашағы са­налған Самир Насри («Манчестер Сити») 2018 жылы бір жылға футболдан аластатылды.

Жалпы футболда осындай бірен-саран футболшы тыйым салынған препаратты қолданғаны болмаса, бы­лайғы өмірде ана ойыншы допинг қол­данды, мына футболшы допингпен ұсталды деген хабарды жиі ести бер­мейміз. Негізінен бұндай былыққа физикалық және табиғи күш талап ететін спорт түрлерінде бақ сынайтын спортшылар тап болып жатады. Әсіресе ауыр атлетика, бокс, аралас жекпе-жек, биатлон, велоспорт өкілдері екенін жанкүйер жұрт жақсы біледі. Кейінгі жылдары бұл қа­тарға көп күшті талап етпейтін өзге спорт түрлерінің спортшылары да қосы­ла бастады.

Өкінішке қарай, «қосымша» күшке жүгінетіндердің ішінде қазақстандық қыз-жігіттердің де қатары күн санап артып барады. Мәселен 2018 жылы – 30, 2019 жылы 44 спортшымыз допингтің құрбанына айналған. Ал 2020 жылдың 10 айында 21 өренімізге допинг қолданды деген айып тағылып, бірнеше жылға спорттан шеттетілді. Арасында өмір бойына спорттан аластатылғандары да бар. 2015 жылдың қазан айында кезекті бір жарысына қатысып жатқан ауыр атлет Фаина Сыбанбаева «Оралтуринабол» препаратын қолданғаны үшін спорттық жарыстан біржола шеттетіліп, спорттық ғұмырына нүкте қойылды.

Биыл қазақстандық спортшылар арасында допингпен ең көп ұсталғандардың көшін жеңіл атлеттер бастап тұр. Жыл басынан бері 5 спортшы жарыстан шеттетілген. Кейінгі орындарда волейбол (3), ауыр атлетика, велоспорт, дзюдо, пауэрлифтинг (2), гимнас­тика, шайбалы хоккей, шаңғы жа­рысы, теннис спортының бір-бір өкілдері бар. Бұлардың ішінде ерекше атап өтетін бір спортшы болса, ол – даңқты шаңғышы Алексей Полторанин. Естеріңізде болса, 2019 жылдың ақпан айында Аустрияда өтіп жатқан шаңғы спортының кезекті Әлем кубогының жарыс күнінде Полторанинмен бірге тағы бірнеше спортшыға осындай айып тағылды. Спорттан 4 жылға шеттетілген Алексей енді халықаралық жарыстарға 2023 жылдың 2 наурызынан бастап қана қатыса алады. Демек ол 2022 жылы Қытайда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынай алмайды.

Сондай-ақ спорттан шеттетілген танымал өрендеріміздің арасында ауыр атлетикадан 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Жасұлан Қыдырбаев (мерзімі 2023 жылдың 11 қарашасында аяқталады), Светлана Подобедова (2024), 2014 жылы Сочи Олимпиадасында көк туымызды ұстап шыққан шаңғышы Ердос Ахмадиев (2022), ауыр атлетикадан 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Владимир Седов (2024), боксшы Назым Ищанов (осы жылдың 25 қарашасында аяқталады), таэквондошы Ерасыл Қайырбек (17 желтоқсанда), 2017 жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев (8 желтоқсанда) бар.

Сөз реті келгенде айта кетейік, допингпен ұсталған қазақстандық спорт­шылардың ішіндегі ең күлкілісі дейміз бе, ең қызығы дейміз бе, спорттық балық аулау өкілі Ержан Уахитовқа тиесілі. 2018 жылдың наурыз айындағы жарыс кезінде тыйым салынған препаратпен ұсталған ол спорттан 4 жылға шеттетілген болатын.