Руханият • 12 Қараша, 2020

Қазақ тілін оқыту – өзекті мәселе

724 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасы мен «Білім сала­сын­дағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар» орталығының ұйымдастыруымен Қызылжар қаласында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған «Ұлылар мұрасы және заманауи білім» атты І халықаралық форум болып өтті.

Қазақ тілін оқыту – өзекті мәселе

Оның жұмысына Түркияның Ankara Hacı Bayram Veli униветситетiнің профессоры, қазақ тілін өз елінде насихаттау­шы, Мағжан Жұмабаев шығармашылығы­ның зерттеушісі, профессор Ченгел Ғұлия, Ал­ма­тыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Гүлмира Саудабаева, осы университеттің Мектепке дейінгі білім беру және әлеу­мет­тік педагогика бағдарламасының же­тек­­шісі, профессор Ұлбосын Қияқбаева, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран-Аста­на» университетінің профессоры, Әлеу­­меттік гуманитарлық және тілдік пән­дер кафедрасының меңгерушісі Гүлназ Кә­ріпжанова, Ресейдің Омбы облысындағы «Бі­лім беру ұйымын дамыту институтының» әдіскері Бәткен Төлеулинова және т.б. со­ны­мен қа­тар Солтүстік Қазақстан облы­сы­­ның уни­верситеті, колледждері мен мек­тептерінің әдіс­кер оқытушылары қатысты. Форум жұ­мысын Солтүстiк Қазақстан об­лыстық бi­лiм басқармасының басшысы Гүлмира Кә­рімова ашып, жүргізіп отырды. ZOOM жүйесі арқылы жүргізілген форум жұмысын облыс мектептерінің қазақ тілі мен әде­биетінің мамандары түгел естіп және көріп отырды.

Білім басқармасының басшысы Г.Кә­рімова өзінің сөзінде аталмыш халықаралық форум аясында ағымдағы жылдың 8 қа­за­ны мен 6 қарашасы аралығында 7 секция өткізіліп, нәтижесінде мақалалар мен таңдаулы сабақтардың жинағы баспадан шығарылғанын жеткізді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы біздің басты рухани бағдарымыз болып қа­ла береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің қа­зақтың бойындағы асыл қасиеттер. Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмы-
­сын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арт­тыру.

Рухани жаңғыру аясында соңғы жылдарда ұлттық мәдениетіміз жаһандық аренада белсенділік танытты, әдеби жауһарларымыз әлемнің 6 тіліне аударылды, тарихымызды түгендеген толыққанды киножобалар шықты, шет тілдерден – жоғарғы оқу орындарына арналған 100 оқулық аударыла ­бастады. Тіл майданындағы бүгінгі ісіміз – ертеңіміздің кепілі. Яғни бүгінгі тіл тағдыры – ертеңгі ел тағдыры. Өйткені Қазақстан – қа­зақтың жер бетіндегі жалғыз Отаны. Барлық қазақстандықтар үшін қазақ тілін білу – біріншіден біздің ұлттық бірлігіміздің кепілі.

Білім беру жүйесінде ана тілін үйренуге үлкен көңіл бөлінеді, тіл – адамға берілген баға жетпес байлық. Ана тілімен танысудың маңызды аспектілерінің бірі – кітап оқу. Алайда қазіргі әлеуметтік даму жағдайында кітап оқуға деген қызығушылықтың күрт төмендеуі байқалады. Бұл жоғары дамы­ған елдерде де, халықтың жалпы білім деңгейі әлдеқайда төмен жерлерде де көрі­неді. Осы мәселені шешу үшін білім бе­ру ұйымда­рын­да оқу сағаты енгізілді жә­не бұл жақ­сы дәстүрге айналды. Бұл өзін өзі тәрбиелеу­дің бастауы. «Кітап – білім бұлағы» деп даналарымыз бекер­ге айтпаған. Кітап оқитын жастардың са­нын арттыру мақсатында Білім және ғы­лым министрлігі 2021 жылы «Кітап оқу­ға құштар мектеп» жобасын іске асыру­ды жоспарлап отыр. Оның аясында кітапхана қорымыз балаларға арналған әлемдік көр­кем әдебиеттің үздік үлгілерімен толық­тырылуда.

Одан әрі Гүлмира Кәрімова соңғы екі жылда облыста үш қазақ мектебінің ашыл­ғанын айтты. Бүгінгі таңда облысымызда жалпы 1300 қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі бар, оның ішінде жоғары және бірінші санатты – 315, жаңа форматтағы санаттар бойынша – 620. «Тек 2020 жылы облыс мектептеріне қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға 110 жас маман келді. Жыл са­йын қазақ тілі мұғалімдеріне арналған об­лыстық пән олимпиадасы өткізіліп тұра­ды, оған облыс мұғалімдерінің 70%-дан астамы қатысады», деді одан әрі Білім бас­қармасының басшысы.

Осыдан әрі форумға қатысушы спикерлерге сөз берілді. Алғашқы болып Ankara университетiнің профессоры Ченгел Ғұлия ха­ным сөйлеп, өзінің қазақ тілін үйренуіне себеп болған оның көркем әуезі мен кең құ­лашты, барынша бай қоры екенін айтты. «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең байы, сөздік қоры ең молы», дей келіп ол Мағжанның, Міржақыптың өлеңдерінен үзінділер оқып берді.

Форумда Ресейдегі қазақ тілін оқып-үйретудің жағдайы жөнінде айтқан Бәт­кен Төлеулинова бір өкінішті жайтты жеткізді. Қазір онда қазақ тілі пән ре­тінде оқытылмайды екен. Тек сыныптан тыс уақытта ғана үйретіледі. Мұның өзі оқу­шыларды міндеттемегендіктен тіл білудің са­пасын төмендеткен көрінеді. «Бірақ кей­бір балалардың ана тілін үйренуге деген ынтасы жақсы», деді ол өзінің сөзінде.

Қазақ тілі мен әдебиетінің мамандары өздерінің әдістері мен оқыту тәсілдерін ор­таға салды. Бәрі де өз әдістемелерін бү­гін­гі озық технологияларға негіздегенін жет­­кізді. Сонымен қатар латын әліпбиіне кө­шу бойынша да мамандар өздерінің ойла­рын айтты.

Форумда қазақ тілінің бүгінгі қоғамдағы тыныс-тіршілігі туралы өз көзқарасымызды біл­діруді өтініп «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі ретінде бізге де сөз берілді. Біз тіл­ге қатысты іс-шаралар формальды түр­де өткізілмей әрбір мұғалімнің, әр­бір әдіс­кердің жүрегінен орын алатын мәсе­лелерді қамтығанын қалайтынымызды жеткіздік. Сонымен қатар билік орындары қазақ ті­лінде халық сөйлесін, ал біз өзімізше айтамыз деген сияқты ана тіліне деген салғырт көзқарастан арылуы керектігін айттық. Би­лік пен халық біртұтас болсын десек, тілі де бір болуы керек қой. Халық бәрібір билікке қарап түзеледі, сондықтан биліктің тілге деген салғырттығы халық­қа жұғады. Осының өзі сайып келгенде тілімізді жоғалтуға да соқтыруы мүмкін де­ген қаупімізді де біл­дірдік.

Форум соңынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық олимпиа­дасы, «Үздік қазақ тілі мен әдебиет каби­неті – 2020» облыстық байқауының же­ңімпаздары марапатталды. Қазақ тілді мек­тептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұға­лімдерінің облыстық олимпиадасының жеңімпазы болып Жамбыл ауданының Бла­говещенка жалпы орта білім беру мек­тебінің мұғалімі Дина Зікірина, орыс тілді мектептер бойынша жеңімпаз болып Есіл ауданының «Ильинка орта мектебінің» мұғалімі Рустам Есжанов танылды. «Үздік қазақ тілі мен әдебиет кабинеті – 2020» конкурсының жеңімпазы болып Айыртау ауданы Саумалкөл қазақ орта мектебінің мұғалімі Сая Қажыкенова танылды. Ал екінші орынды Қызылжардағы Әбу Досмұ­хам­бетов атындағы облыстық дарынды бала­ларға арналған мамандандырылған гимназия-ин­тер­натының ұстазы Жадыра Қаржауова алды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы