Көрмеге негіз болып отырған дүние – II Иоанн Павелдің осыдан 19 жыл бұрын 2001 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанға ресми сапары. Бұл оқиға Қазақстан мен Ватикан арасында үнқатысу мен әріптестікті нығайтуда баға жетпес рөл атқарғаны анық. Көпшілік көзайымына ұсынылған көрменің бірінші бөлімі – «Иоанн Павел II-диалог Папасы» деп аталып, келушілерді Понтификтің өмірбаяны және қызметімен таныстыруға бағытталса, екінші бөлімі – «Елбасының Понтификпен кездесулері» деген атқа ие. Мұнда Елбасының жеке архивінен алынған Папаның Қазақстанға ресми сапарын, сондай-ақ Елбасының Ватикан өкілдерімен кездесулерін куәландыратын архивтік материалдар қойылыпты. Көрме экспозициясында Елбасының кітапханасы жинағының экспонаттары, Ватиканның жоғары мемлекеттік наградасы Пий ордені және Рим Папасының дипломатиялық сыйлықтары орналасан екен.
Үшінші бөлім – «Қазақстан – Польша: достықтың баға жетпес құндылығы» делініп, оған Елбасының кітапханасы қорынан алынған Қазақстан мен Польшаның дипломатиялық қарым-қатынастар тарихын баяндайтын экспозиция ұсынылыпты.
Игі шараны ашып, сөз сөйлеген және аталмыш көрменің маңызы жайлы көпшілікті хабардар еткен Елбасы кітапханасының басшысы Әмірхан Рахымжанов: «Иоанн Павел ІІ-нің елімізге ресми сапарында оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ізгі, философ және ойшыл жан» деп бағалауы; айтулы сапар Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келуі; ел тарихында ерекше оқиға болды. Сондай-ақ бұл сапар әлемдік саяси аренада өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтың орнауына, сонымен қатар Қазақстан мен Ватикан арасындағы әріптестік пен диалогтың нығаюында баға жетпес рөл ойнады» деді.
Сондай-ақ өз кезегінде пікір білдірген ізгі шараны ұйымдастырушылар тарапының өкілі Польша Республикасының Қазастандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Селим Хазбиевич мырза, поляк халқының перзенті Иоанн Павел ІІ-ге арналған көрменің ашылуынан тоғыз жыл бұрынғы тарихи кездесудің атмосферасын сезуге де болады. Қазақстан – ислам, католик костелі және православ шіркеуі береке-бірлікте өмір сүретін таңғажайып ел. Мұнда діндер арасында шынайы диалог қалыптасқан. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстанның қазіргі билігі конфессияаралық және этносаралық диалогқа қатысты Азия мен Еуропа елдерінде де өте қызықты сыртқы және ішкі саясат жүргізуде, деген пайымын жеткізді.
Одан кейін жиналғандарға Қазақстандағы Апостол Нунцийі Архиепсикоп Фрэнсис Ассизи Чулликат үндеу-сөзін жолдап: «Иоанн Павел ІІ-ің 2011 жылы қыркүйек айында Қазақстан жасаған тарихи сапары өзара түсіністік пен диалог құрудың үлгісі болды» десе, еліміздегі Католик шіркеуінің басшысы Томаш Пэта, тарихи сапар Қазақстан үшін ұмытылмас оқиға болды деп атап өтті.
Польшада 2020 жыл Иоанн Павел II жылы деп жарияланды. Өйткені ол 1920 жылы18 мамырда Польшаның Вадовице қаласында Кароль Юзеф Войтыла дүниеге келген екен. 1978 жылы 16 қазанда Кароль Войтыла кардиналдардың кеңесінде Рим-Католик шіркеуінің басшысы болып сайланды Католик шіркеуін басқарған Иоанн Павел II адамзат тарихында және миллиондаған адамдардың жүрегінде жылы естеліктермен жарқын және өшпес із қалдырды. Понтифик Италиядан тыс жерде 104 рет пасторлық сапармен болып, дүние жүзіндегі мемлекет басшыларымен 738 кездесу өткізіпті.