Таным • 13 Қараша, 2020

Бағаев лабораториясы

560 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бауыр басқан Зекең – Зейнулла Жарқынбаев редакторлықтан босады. Қым-қуыт әңгіме өрбіді. Неге босады? Арыз жазғыштардың қардай борап тұрған кезі. Бірер азаматтың арызымен мұның алдындағы редакторымыз Хамза Сыздықов орынбасарлыққа төмендеген еді. Ал Зекең төмендемеді, облыстық Кеңес төрағасының орынбасары болды. Ол кісі – әскери адам. Ешкімге илікпейтін, Кеңес төрағасы Ә.Асқаровпен шәлкем-шалыс келді деп еститінбіз. Зекең үзеңгі қағыстырып, тік айтар мінезін Кеңес төрағасымен қызметтес болғанда да байқатты. Тумысы бөлек атбегі Көштай атаның тәрбиесін көрген Зекеңнің тура бидей тіке айтатын мінезіне қайран қалатын едік.

Бағаев лабораториясы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сонымен Зекең кеткен соң редакторсыз біраз уақыт өтті. Кім ке­леді? Әркім әр­түрлі топшылады. Бі­реу Сейіл Боранбаевтың, енді біреу Қалқабай Әбеновтің есімін атады. Мұның бәрі бос сөз болып шықты. Ор­талық комитеттің бұйрығымен «Со­циалистік Қазақстанның» ауыл ша­руашылығы бөлімінің меңгерушісі Ұзақ Бағаев редактор болып келді.

– Қай жердің азаматы? – деп гу-гу еттік. Алматы облысы Кеген ауда­нының жігіті көрінеді.

– Тым жас екен. Отызға жетпеген, тез көтерілген, – дестік. – Билік басында отырған Сапар Байжанов, Кәкімжан Қазыбаевтардың ықпалы болған, – деп топшыладық.

– Жоқ, КазГУ-де мемлекеттік ем­­­ти­хан комиссиясының төрағасы бол­­ған Қасым Шәріпов қолдаған-ау, – дейміз.

– Жігіттер-ай, тым жас екен де­меңдер. Қазақтың осы сөзінен арыл­май келеміз. Жиырмадан асқан жа­сында Саттар Ерубаев, Ғани Мұрат­баевтар танылды емес пе? 17 жасында «Еңлік-Кебекті» Мұхтар Әуезов бар шартымен жазып шықты ғой, – деді ақын Асқар ата.

Әңгіме тыйылды.

Ұзекең 1962 жылдың жазында «Ленин жолына» редактор болып келген бойда бәрімізді жеке-жеке қабылдады. Не жазып жүр­ге­німізді сұрады. Содан басқосу жиы­нын өткізді. «Шеберлікті шың­дау үшін көп оқу, іздену керек, – деп бастады әңгімесін редактор. – Сөз­ді дұрыс қолдану – шеберлік. Жат­танды сөзді қойыңдар. Еңбек адамын әр қырынан көрсетіңдер. Мен келген бойда Дарханның, Қомша­байдың жазғандарына зер салдым. Қомшабайдың «Қызыл нар» очеркі әсерлі, ұтымды. Рыстының өлең­дерінде лирикалық шешімдер бай­қалады. Қайырбектің әзіл-оспақ­та­рында мысқыл-әжуа бар. Өтеген қа­ламы ұшқыр, ұштай түссе биіктейді, – деп ой түйді редактор. Ұзекең іс­са­парға шыққанда газетке қаламы ұшқыр авторларды көбірек тартуға ықыласты еді. Аралға барған бір сапарында қабілетін байқап, Шәкірат Дәрмағанбетовті, фототілші Арзым­бек Мәдединовті арнайы шақырып қызметке алды, олар сенімді ақтады. Тоқсанға шыққан Шәкең әлі тың, қаламы қолынан түскен жоқ.

Апта сайын лездеме-летучка. Әр журналист шығармашылық есеп береді. Әр қызметкер не жазды, қан­дай тақырыпты қозғайды, Ұзекең жұрт­ты тынымсыз ізденіске, еңбекке жұ­мылдырушы болды. Жеке сөздердің қолданылуы жайында сөздік-кітапша шығарып, таратты. Жақсы дүниелер жазған журналистерді көтермеледі, қаламақыны өсірді. Қызметкерлерді кеңседе отырғызбай, іссапарға жиі аттандырды. Әсіресе, басылымға жа­зылу кезінде бұл үрдіс ұлғайды. «Сендердің қырқың, менің Мырқым бір өзі неге тұрады?» деп Мырқы Исаевты одан әрі желпіндіріп қоя­тыны ұзақ әңгіме.

– Біз разъездердегі жұрттың хал-ахуалына назар аударуымыз керек. Әрбір разъезде теміржолшылар тұ­рады. Осылар басылымдарды жазды­рып ала ма? Мәдени-тұрмыстық жағдайлары қалай? Осы жайында сериялы дүниелер жазуға шығуымыз керек. Кәне, бұл жұмысты кімнен бастаймыз, – деді редактор.

– Қайырбектен бастайық, жүрісі шалт, жас, – деді Құрманғали Ажаров.

Сонымен Қызылордадан Жаңа­қорғанның «Сатымсай» разъезіне де­йінгі аралыққа іссапарға аттандым. Ұзекең темір жол басшыларымен сөйлесіп қойыпты, кез келген тепловозға отырып, әр разъезге түсіп, жұртпен сөйлесетін болдым. Бір аптадай жүріп, бірнеше материал жаздым. 200-дей азаматты газетімізге жаздырып қайттым. Бұл жа­йында Ұзекеңе есеп бердім. Риза болды.

Редактор қатты қуанды. Сол жо­лы «Ленин жолының» таралымы елу мыңға жуықтады. Темір жол бойы­ның Арал мен Түркістан шекарасына дейінгі аралықтағы түйт­кілді мәселелері көтеріліп, оң шешімін тапты.

– Өте сақ жүріңдер. Іссапарда ішімдіктен аулақ болыңдар. Қалам тартысы бөлек журналистердің жаз­ғандарын оқыңдар. Очеркті мөл­діретіп жазатын Байжігіт Әбді­ра­за­қовтан үйре­ніңдер. Шерхан, Қал­дарбек, Камал Смайыловтардың жаз­ғандарына зер салыңдар. Менімен бір­ге оқыған жерлестерің Әбірәш, сонан соң Балғабектің фельетондарын қалт жібермей оқыңдар, – деп жиі айтатын Ұзекең сөзі бізге сабақ болды.

Телефон шылдыр етті, көтердім. Ұзекең екен.

– Маған кіріп кетші... «Қаламыңды шыңдай түс, Қайреке. Қыстың кү­ні қырауда киіз үйде отырған Жал­ағаштағы шопандарды «Киіз үйдің түңлігі желпілдейді» деген мақалаңда нанымды, ұтымды көрсетіпсің, риза болып отырмын. Ертеңгі нөмірге жі­беруге қол қойдым», деді.

Редактордан мақтау алған соң тө­бем көкке екі елі жетпей сыртқа шық­тым. Содан қанат бітті. Ұзақ Бағаев обкомның бюросында отырғанда газет материалдарын сол жерде оқып, суыт баспаханаға жіберетін. Бір сәт бос отыруды білмейтін ғажап кісі болды. Оқта-текте өзі төгілте очерк жа­зып тас­тайды. Бірде «Адамның мық­тылығы» деген очерк жазды. Таласып-тармаса оқыдық. «Құрыш қазақ» деген екінші очеркі шықты. Бұл екеуі ақын, жазушы қазақтың Павел Корчагині атанған Зейнолла Шүкіров жайындағы толғаныс-тебіренісі еді. Ұзекеңнің төрт-бес очерк топтамасы жеке кітап болып шықты. Барлық кейіпкерлері – Сыр өңірінің азаматтары еді. Бұл дүниелер 2005 жылы Журналистер ака­демиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленді.

Өмірде бәрі болады ғой. Жастық шақта жұмырбасты пенде әртүрлі кездейсоқ оқиғаларға жолығады. Ме­нің бар шығармашылық ғұмырым партия тұрмысы, хат бөлімі, мәдениет және әдебиет бөлімінде өтті. Бірер жыл Сырдария, Тереңөзек ауданында меншікті тілші болдым, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде істедім. Әлі есімде «Ленин жолы» газетінде «Сырласу беті» деген бөлім ашқанбыз. Оны жүргізетін мен. Та­ңертең кеңседе материал әзірлеп отырғанмын. Кенет бір кісі кіріп келді. Бет-аузы көгерген, қан ізі бар. Өзін Елғановпын деп таныстырды.

– Иә, аға әңгімеңізді айта оты­рыңыз?

– Қарағым, түнде үйіме жақын­дай бергенде көршімнің баласы ақша сұрады. Берген жоқпын. Содан жұды­рық­тың астына алды. Осы баланың әре­­кетін газетке әшкерелеп жазу керек.

– Арызыңызды жазыңыз, аға. Тір­кетейін. Бөлім басшысымен ақыл­да­самын.

Жазды. Бөлім бастығы Қомша­байға көрсеттім.

– «Сырласу бетіне» әзірле!

Содан «Түнделеткен көршімнің баласы екен» деген тақырыппен ма­қала жарияланды. Арада бірер күн өтпей жатып, Елғанов, соққыға жыққан көршісі Асанбаев әкесімен – үшеуі келіп тұр. Редакторға кірген.

– Газеттің беделін төктің? – деді Ұзекең. – Піспеген дүниені жария­ладың, Мырзахметов!

– Ау, Ұзеке, өзі келген, арызы, қолы мынау. Енді келіп «мені ұрған Асанбаев емес» деп тұр Елғанов. Сірә, түнде Елғановтың үйіне барып, кешірім сұраған. Елғанов кешірдім деп уәде бергенге ұқсайды.

Сонымен іс насырға шабайын деді. Менің қызметпен қош айтысатын кезегім келді. Дереу қалалық прокуратураға барып, Асанбаевтың ұрғаны рас, ол бізде бақылауда тұр деген қатынас хат әкеліп, редакторға табыс еттім. Редактор сабасына түсті. Прокурордың жауабын газетке жариялатты. Арыз жазғандар содан соқпай кеткені бар.

Тағы бір әңгіме. Бөлім меңгерушісі Қомшабай Сүйенішов екеуміз газетке кезекші едік. Бас хатшының ұзын-сонар баяндамасы кешікті. Түні бойы телетайптан күттік. Содан түнгі сағат 2-3-тің кезінде Қомшабайдың үйіне барып, ұйқыға кеттік. Бір кезде көзімді ашсам, таңертеңгі сегіз. «Ойбай, тұр, Қомшеке!» Баспаханаға келсек, газет басылып ке­тіпті. Баспа машинисіне: «Бұл қалай? Біз қол қоймай, газетті қалай бас­қан­сың?», – дейміз.

– Сіздерді таба алмадық. Содан түн ішінде Бағаевқа телефон соқтық, бас­тық­тарың өзі келіп қол қойып кетті, – деп қарап тұр. Ал Қомшекеңе бұл үлкен қа­те­лік шыбын шаққан құрлы әсер ететін емес.

– Құрыған жеріміз осы шығар. Мен арызымды жазып кетейін, – деп бел будым. Қомшекең екеуміз Ұзекеңе кірдік.

– Шырақтарым-ау, бұл газет қой. Мен үйде едім. Түн ішінде қол қой­дым. Бұлай жасамаңдар! – деп тұр редактор. Ашу-ыза жоқ, не деген кең­дік?! Сірә, ашу әлсіз адамдардың әре­кеті екенін байқатты.

Бұған қалай таңырқамассың? Бас­қа басшы болса сөгіс берем, не жұ­мыстан боссың, арызыңды жаз дер еді. Ұзекең бұған бармай, бізге ке­шіріммен қарағанына әлі таңмын. Бой­ға дарыған мейірім-шапағат осын­дай-ақ болар.

Үлкен жүректі азамат, шебер журналист Ұзақ Бағаев бар-жо­ғы қырықтан асқан шағында дү­ние­ден өтті. Осы жасқа дейін Қы­зыл­орда облыстық «Ленин жолы» газе­тінде бес жылдан аса, бұдан соң Тал­дықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Социалистік Қа­зақстан» газетінде редактор, Жоғарғы Кеңеске депутат болды. Талай марапатты иеленді. Өшпес із, мұра қалдырды, ұрпақ сүйді. Сыр бойының даңқты диқанда­ры мен шопандары, ел ағалары туралы мөлдірете жазды. Біз редактордың жазу шеберлігіне қарай ой түзейтінбіз. «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын алды.

Біз Ұзақ Бағаев шеберлік мекте­бінен өткенімізді мақтанышпен еске аламыз. Ұзекең газет жанрларында жа­зылған дүниелердің тақырыбын құ­былтып, ойнатып қоятын. Сонан соң көбіне газеттің макетін жасауға шебер еді. Макеттің бірнеше сызбасын ерінбей сызып, секретариатқа жиі ұсынатын. Жігіттерді макет жа­сауға итермелейтін. Қызметкерлер бет­тік дүние жазғанда «макетті өзде­рің сызып әкеліңдер» деп тапсырма жүктейтін.

Қайран Ұзекең нағыз кемел ша­ғын­да жарық жұлдыздай болып, бар-жоғы 45 жасында, 1973 жылы 8 шіл­деде дүниеден өтті. Шүкір дейікші, ұл-қыз өсірді. Ұлы Ерлан ақын еді, ерте кетті, одан кейінгілері Ерболат – судья, Асхат – кеденде, Нәзікен ұстаз болып ғұмыр кешті. Сүйікті жары Нұрбибі де арамызда жоқ.

Зейнеткер-журналист, Қазақстан Жа­­зушылар одағының мүшесі Итен Қа­­­­рымсақұлы «Жалындап өткен өмір» ат­­ты естелігінде Ұзекең жа­йында терең тол­ғаныспен ой қоз­ға­ғаны бар. «Жан сұлу­лығы», «Жүрек оты», «Ыбырай Жа­қаев және оның шәкірттері» атты очер­кіндегі құнарлы сөздер там­сан­­дыр­ғанын баяндады. Бағаевтың шек­пенінен шыққанын айтты.

Қазақ журналистикасының қаза­нында қайнаған, ұста көрігінде суа­рылған Шерхан Мұртаза, Кәкім­жан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Бал­ғабек Қыдырбекұлы, Нұрмахан Оразбековтер редактор ғана емес, шебер журналист екенін байқатқаны ақиқат. Бұл қасиет Ұзақ Бағаевтың да бойына мол дарыған еді. Қысқасы, Бағаевтың тәлімі бізге бейнебір жур­налистер лабораториясы секілді бол­ды. Сол лабораториядан талай жа­зушы, журналистер тәрбиеленіп, қанатын қатайтты.

Әлі есімде, Ұзекең дүниеден өткен соң Алматыдағы Шевченко көшесі, 32-үйдің 21-пәтеріне соқпақшы болып, қойын дәптердегі 61-23-11 нөмірлі телефонды бұрадым. Ағамыздың сүйікті жары Нұрбибі көтерді.

– Кел, қалқам, Қайырбексің бе?

Үйге кірдім. Құшақ жая қарсы алды. Бір кездегі сымбатты жеңгеміз аяғын басудан қалыпты. Үй ішінде арбамен жүретін болған. Біраз сыр ақтарып, Сыр еліндегі азаматтарды еске алды. Шер тарқатты. Ұзекеңнің жастық шағын, бір ауылдағы бір мектепте оқығанын айтты.

Биыл үлкен жүректі азамат, шебер журналист Ұзақ Бағаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Қоғам және мемлекет қайраткерінің туған жеріндегі мектеп оның есімімен аталады.

Қызылорда қаласында темір жол вок­залынан басталатын үлкен көше Ұзекеңнің есімімен аталып, жазуы алыс­тан күнмен шағылыса жарқырайды. Өшпеу, ұмытылмау, өмір жалғасы деген осы болар. Біз өзімізді Бағаев мектебінің түлек­те­ріміз деп мақтанышпен әр кез тағзым етеміз.

 

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 

ҚЫЗЫЛОРДА