Руханият • 13 Қараша, 2020

Кенжесінің тойын күтіп жүрген еді...

1156 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ерлік – әркімнің бойына ұя сала бермейтін қасиет. Қас-қағым сәтте жүрегінің әміріне жүгініп, өзгелер үшін басын бәйгеге тігетін, парызы мен қарызын адал атқаратын нағыз азаматтар ғана тәуекелге бара алады. Халық қаһарманы, капитан Ғазиз Байтасов осындай азамат еді. Ол бейбіт халықты террористен қорғап қалу үшін тура келген ажалды қаймықпай қарсы алды.

Кенжесінің тойын күтіп жүрген еді...

Осыдан 9 жыл бұрын, 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында болған қанқұйлы шабуыл облыс тұрғындарын ғана емес, бүкіл елді дүр сілкіндірді. Өзін жихадтың жолын ұстаушымын деп санайтын террорист айдың-күннің аманында еш жазығы жоқ жеті адамды, оның ішінде ішкі істер органдарының 3 полицейі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2 қызметкерін мерт қылды. Үш қоғам сақшысы жарақаттанды.

Тұла бойды түршіктірер осы оқиға кезінде тараздық бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау үшін қарақшы атқан оқ кеудесін тесіп өткеніне қарамастан, жарылыс жасаған террористі денесімен жапқан жол полициясының капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапты. Ер ел үшін туады және ел үшін басын бәйгеге тігеді.

Қарулы қылмыскерді құрықтау барысында Ғ.Байтасовтан басқа мамандандырылған күзет қызметі басқармасы жедел ден қою взводының қызметкерлері, полиция аға сержанты Полат Аянқұлов пен полиция сержанты Жақсыбек Байсейітов те ерлікпен қаза тапты. Олар өмірлерінің соңғы сәті соққанша, ел алдындағы антын адал орындап, ерлікпен көз жұмды. Ешкім де ерлікті батыр боламын, тарихта қаламын деп, есеппен жасамайды. Нағыз адал азамат ел тыныштығына, бейбіт адамдар өміріне қауіп төнген сәтте тәуекелге бас тігеді. Мұндай сәтте ердің ері, тіпті аранын ашқан ажалға да тайсалмай қарсы тұрады. Тараздағы қанды оқиға кезінде жол полициясы капитаны Ғ.Байтасов сондай биіктен табылды.

1

Капитан Ғазиз Тараз қаласында Әбдібек Байтасов пен Гүлзат Шіркееваның отбасында дүниеге келген. Мектепті Жуалы ауданы Түймекент ауылында бітірді.Мектептен кейін Ғазиз Байтасов Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. 1992 жылы Жезқазған политехникалық университетінің Қаратау филиалының сырттай бөліміне «Автокөлік шаруашылығы» факультетіне оқуға түседі. Кешкі бөлімде оқып жүріп жұмысқа тұрады. Әкесінің қайтыс болуына байланысты Тараз қаласына ауысып келіп, сырттай Қаратау техникалық колледжін тәмамдайды. Кейінірек Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтайды.

Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл облыстық ІІБ уақытша ұстау изоляторының айдауыл қызметінде бастады. Факультеттегі оқуына байланысты 1996 жылы жол полициясының инспекторы қызметіне ауысқан еді. 2010 жылы Жамбыл облысы ІІД ІІББ 1-взвод командирі болып тағайындалды. Полиция капитаны қызметі барысында қылмыскерлерді ұстау кезінде шебер іс-әрекеттері және жұмыстағы жақсы көрсеткіштері үшін ІІД басшылығының алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтармен бірнеше рет марапатталған.

Анасы Гүлзаттың айтуынша, Ғазиз мектепте өте белсенді болыпты. Әрбір өтілетін іс-шараның басы-қасында қызыл галстук тағып, жалауын желбіреткен Ғазиз жүреді екен. Жастайынан еліне, жеріне деген сезімі ерекше, өз жанын адамгершілік, әділдік жолында аямайтын жан еді дейді ағайын-туыстары. Отбасының жалғыз ұлы артынан ерген үш қарындасын жетілдіріп, аяғынан тұрып кетуіне көп көмек көрсеткен.

Елі үшін еңбек етіп жүрген батыр ұл қайғылы оқиға болатын күні де таңертең ерте тұрып, жұмысына асығып кеткен екен. Үйден шығар алдында әдеттегідей тәтті ұйқы құшағында жатқан 11 жастағы Арманжаны мен 3 жасар Әділжанның маңдайынан құшырлана бір иіскейді. Енді Құдай қаласа, оншақты күннен кейін кіші ұлының сүндет тойын жасайды. Достары мен туыстарына шақыру билетін өз қолымен таратып шыққан еді.

Күнделікті қарбалас тірлік мойын бұруға мұрша бермейді. Қыстың ызғары біліне бастасымен жол бойында, көшеде көлік қозғалысы қиындай бастайды. Бұл жауапкершілікті бұрынғыдан да күшейте түсуді талап етеді. Жұмысын жақсы білетін капитанды Жамбыл облысы жол полициясы жеке батальонының взвод командирі етіп тағайындаған болатын.

Сол күні түске таман қасында тәжірибеден өтіп жүрген Русланды тамақтануға жіберген. Кенет рациядан орталық паркте атыс болғанын, қаза тапқандар бар екенін естіп, дереу оқиға орнына келіп жетті. Қылмысты істің байыбына барып үлгерген Байтасов дәл сол кезде содыр бағыт алған тұстың алдын орауға тырысты. Қазыбек би мен Абай көшелерінің қиылысында қарулы қылмыскерді байқап қалды. Қарсы алдынан тым жақын келіп қалған жол полициясы қызметкерін көрген қанішер ойланбастан автоматтан оқ жаудырды. Ғазиз машинасынан түсе сала, оған қарсы оқ атып, оны аяғынан жаралады. Қылмыскер көшеде тұрған машиналардың артына тығылып, қаша жөнелді. Көз жазып қалмауға тырысып еді, кенет көзі қарауытып кетті. Арқасына біреу бір нәрсе тығып алғандай болып, күйдіріп барады. Бұрылып қараса, қылмыскер қару кезеніп ту сыртында тұр. Бір қолында граната. Одан әрі ойланатын уақыт та болмады. Арыстанша атылып барып, бас салды. Қанішерді астына басып алып, қолын қайыруға тырысқан... Амал қанша... Өзін-өзі жарып жіберген лаңкес, ер жігітті мерт қылды.

Халық қаһарманы Ғ.Байтасовтың ерлігін ұлықтау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде жыл сайын еске алу күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты.

Жамбыл облысы Полиция департаменті 12 қарашада Халық қаһарманы Ғ.Байтасовты еске алды. Іс-шараға Жамбыл облысы Полиция де­партаментінің басшылығы, Ғ.Байтасовтың туыс­тары, Жамбыл облысы мемлекеттік органдарының өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Салтанатты митинг Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін, батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, үш дүркін салтанатты салют атылды.

«Халық қаһарманы, ішкі істер органдарының үздік қызметкерлерінің бірі – ІІД жол полициясы жеке батальоны 1-взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың қаза болғанына биыл 9 жыл толды. Аз ғана ғұмырында асқан ерлігімен Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсеткен қаһарман әріптесіміздің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. Тек нағыз пат­риот өзінің өмірі туралы ойламай, ерлікке бара алады. Жадымызда мәңгі сақталатын өзінің пат­риот ұлдарын Отанымыз ешқашан ұмытпайды», деді Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығы Жанат Сүлейменов.

Ғ.Байтасовтың жұбайы Гүлжан Тәжиева өз сөзінде Жамбыл облысының ПД басшылығы мен жеке құрамына отбасына жасаған қамқорлығы үшін алғысын білдірді. Іс-шара барысында Облыстық тарихи-өлкетану музейінде халық қаһарманы Ғ.Байтасовқа арналған стенд ашылды.

Сондай-ақ ақтөбелік тәртіп сақшылары да батыр полицейді еске алды. Ғазиз Байтасов – «Халық Қаһарманы» атағына ие болған Қазақстандағы алғашқы полицей. «Капитан Байтасов – әрбір полиция қызметкері мен қарапайым азаматтар үшін ерлік пен абырой үлгісі», деп есептейді ақтөбелік тәртіп сақшылары.

Зұлымдыққа кеудесін төсеп, жанын пида еткен Ғазиздей ерлер болмаса, қоғам қайтер еді?! Негізі батырлықты бағалау арқылы боздақтардың есімін ардақтап, елдігіміздің көшін түзейтін ұрпаққа үлгі етеміз. Олар мәңгілік сапарға аттанса да, халқына қызмет ете береді. Капитан Байтасов — солардың бірі.