Суреттерде: мектептің бұрынғы және қазіргі көріністері
КСРО темір шымылдығын ашқан сәттен бастап немістер өздерінің тарихи Отанына оралды. Олардың орнына инфрақұрылымы жақсы ауылға жаппай қазақтар қоныстана бастады. Қазір «Петропавл – Мамлют» трассасының бойындағы жарқыраған жақсы ауылдың негізгі тұрғындары қазақтар.
Осындағы екі қабатты мектеп үйі 1969 жылы салынған екен. Күтіммен ғана тұрған ғимараттың 80 пайызы бәрібір тозған. Міне, осы мектепті биыл жергілікті билік мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде жергілікті кәсіпкерге сенімді басқаруға берген. Ол мектепті жаңғыртуға биыл жаз бойы 300 млн теңгедей қаражат құйып, қазір оны адам танымастай өзгертті. Мектептің ішін ғана емес алдын да, спорттық алаңдарын да жайнатып, қажетті жабдықтармен жарақтады.
Басқаруға алған кәсіпкер мектепті жөндеп қана қоймай, оның ішін заманауи жиһаздар мен құрал-жабдықтарға да толтырған. Сонымен қатар қажетті компьютерлер мен интерактивті тақталар да барлық сынып бөлмелеріне қойылған. Мектеп директоры Бауыржан Төленовтің айтуына қарағанда, жалтыраған жиһаздар балалардың эстетикалық құштарлығын ғана арттырмай, оқуға деген белсенділігін де арттыруда екен. Мұндайда мұғалімдер біліктілігін де арттыру алда тұрған мақсаттардың бірі екендігі айтылды. Осы мақсатпен мектеп Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебімен ынтымақтастық орнатыпты. Оның мамандары осы мектепке келіп, мұғалімдердің ІТ-технология, шет тілдері бойынша біліктілігін арттыруға көмектеседі.
Мектептің алдағы жоспарларының қатарында жақын ауылдардан келіп оқитын балаларға арнап интернат үйін тұрғызу тұр. Өйткені қазір ыдырап жатқан кейбір ауылдардың мектептері күтусіз қалған, ондағы оқушылардың ата-аналары балаларын Петерфельд мектебіне беруге құштар екен. «Біз көрші ауылдардың балаларын қабылдауға дайынбыз. Тек интернат үйін салдырып алсақ болды», дейді директор. Айта кетерлігі, бұл мектепте оқушыларға бір мезгілдік ыстық тамақ та тегін беріледі.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуына қарағанда, мектептерді осылай сенімді басқаруға алғысы келетін кәсіпкерлер облыста баршылық екен. Соның бірі «Радуга» компаниясының бас директоры Дмитрий Шарапаев. Ол өзі оқыған Бескөл селосының мектебін сенімді басқаруға алуға ниет білдірген. Білім беру саласында осындай ынтымақтастықтың болашағы зор болатын сияқты.
Солтүстік Қазақстан облысы