Әлем • 16 Қараша, 2020

Интернет компанияларды «ауыздықтамақ»

125 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытай үкіметі таяуда интернет компанияларды бақылауға арналған жаңа заң жобасын жариялады. Билік өкілдерінің айтуынша, аталған құжат алпауыт IT-платформаларының монополиясына жол бермеуге бағытталған. Бірақ сарапшылар бұл қадам компанияларды қатаң бақылауда ұстаудың бір амалы екенін айтып отыр.

Интернет компанияларды «ауыздықтамақ»

Бейжің билігінің мәлімдемесінен кейін Қытайдағы алпауыт компаниялардың акциясы арзандап, миллиардтаған доллар зиян шекті. Тіпті оның салдары әлемдегі басқа да компанияларға кері әсер етіп, олардың да құны төмендеді.

Әзірге Қытай тарапы заң жобасында айтылған жаңа ережелер туралы түсін­дірген жоқ. Дегенмен қазірдің өзінде қандай IT-платформалардың бақы­лауға түсетінін аңғару қиын емес. Aliba­ba, JD.com, Pinduoduo секілді интер­нет-дүкендер, Meituan тәрізді тамақ жет­кізу қызметі, видео ойындар желісіне негіз­делген Tencent компаниялары тізімнің басында тұр.

Елдегі атқамінерлердің жоғарыда аталған компанияларды нысанаға алуы бекер емес. Alibaba қазіргі таңда Қы­тай­да ғана емес, бүкіл әлемге танылған интернет-дүкен. Шартараптың түкпір-түк­пірінде оны қолданатындар мил­лиондап саналады. Tencent видео ойын­дар нарығында басымдыққа ие. Әсі­ресе, кейінгі кезде олардың өнімдерін тұ­ты­натындар саны күн санап артып келеді.

Бұл екі компанияның ерекшелігі – онлайн ақша аударымын жасауға, онлайн саудаға, достарымен мессенджер арқылы хабарласуға мүмкіндік береді. Яғни Alibaba да, Tencent те қолданушылардың жеке деректеріне ие деген сөз.

Қытай билігін мазалап отырған да осы мәселе. Олардың пайымдауынша, компаниялар жеке тұлғалардың дерек­терін заңсыз жинап отыр деп есептейді. Қытайдың Нарықты бақылау жөніндегі мемлекеттік әкімшілігінің келтірген деректеріне сүйенсек, заң жобасы арқылы бәсекелестікті дамытып, монополияға жол бермеуді көздейді.

Әйтсе де, Бейжіңдегі шенеуніктердің түпкі ойын аңғару қиын емес. Сарап­шы­лардың айтуынша, Қытай тарапы осындай ережелер арқылы елдегі алпауыт компанияларды тезге салып, айтқанына көндіріп алмақ. Сондай-ақ қажет кезде өздеріне қажет деректерді алып отырмақ. Яғни интернет компания­лар биліктің дегенімен жүруі тиіс.

Бұдан бөлек, ресми Бейжіңнің бақы­лауға ұстауға асығуының тағы бір себебі бар. Коронавирус пандемиясына байланысты бүкіл әлемде экономика тұралап қалғаны белгілі. Алайда онлайн бизнес керісінше қарқынды дамыды. Bloomberg-тің келтірген деректеріне сүйенсек, былтыр онлайн сауда жалпы нарықтың 25 пайызын құраса, биыл 30 пайызға жеткен. Егер онлайн сауда осы қарқынымен дами берсе, бәрін бақылауда ұстауды көздейтін Бейжіңге келешекте интернет алпауыттарын тізгіндеу қиынға соғады. Сондықтан шығар өткен аптада Қытай билігі Alibaba компаниясының құны 35 миллиард долларлық Ant Group жобасын IPO-ға шығаруына тыйым салды. Бұл қадам Alibaba басшылығын да, инвесторларды ды таңғалдырғаны анық. Осыдан кейін компанияның акциялары күрт құлдырады.

Wall Street Journal-дың хабарла­уынша, Бейжің билігінің Ant Group-тың IPO-ға шығуына жол бермеуінің басты себебі біреу ғана. Таяуда Alibaba-ның негізін қалаған Джек Ма Шанхайдағы жиындардың бірінде Қытайдың интернет технология саласындағы ережелерін сынаған болатын. Wall Street Journal-дың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, осы оқиғадан кейін Си Цзиньпин құзырлы органдарға арнайы тапсырма беріп, Alibaba-ның мәселесін майшаммен қарауды тапсырған көрінеді.

Қытай үкіметінің ұсынған жаңа заң жобасы қаржы нарығын бір шайқалтып өткенін мынадан-ақ аңғаруға болады. Екі күн ішінде елдегі бүкіл технологиялық компаниялар индексі 290 миллиард долларға арзандады.

ChiNext жоғары технология индексі 3,3 пайызға, Star 50 индексі 3,2 пайызға құлдырады. Гонконгтағы Hang Seng Tech индексі 6,3 пайызға төмендеді.

Alibaba акциясы екі күн ішінде әуелі 9,8 пайызға, кейіннен 14,4 пайызға арзандап, бір сәтте 117 миллиард доллардан айрылды. Tencent 75 миллиард доллар, JD.com 23 миллиард доллар жоғалтты. Meituan акцияларының құны 19,2 пайызға төмендеді. Xiaomi компанияның бағасы 12,1 пайызға құлдырады.