Әдебиет • 16 Қараша, 2020

Шымдан

603 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жесір дауы... Ең нәзік, шетін және ескі дау. Тәртіпсіздіктің, күнәнің, құштарлықтың «гүлденуіне» жол бермеу үшін кемеңгер билер үкім айтады, тәртіп бұзғандар дала заңымен жазаланады. Мың жыл бойы солай болған шығар. Ел ішінен қашып шығып, алыстағы, айдаладағы бір туысының ауылына барып жан сақтаған жағдайлар да кездескені мәлім. Көркем әдебиетте бұл тақырып көп шиырланған. Проза тілінде де, поэзия тілінде де. Енді бұған жаңаша қырынан келмесең, алдыңғылардың салған соқпағын таптап, өз ізіңді таппай қалатының анық. Ескі дүниені жаңа мәнермен жазу екінің біріне бұйыра бермейтіні содан.

Шымдан

Шымдан – қазақ әдебиетіндегі жаңа бейне. Ол ішкі әлемінде өмір сүрді. Сол әлемнен шыққан жоқ... Психоанализдің жілігін шағып, майын ішкен жазушы кемел жастағы болысты ес-түссіз ғашық еткен сұлудың жұмбақ әлеміне оқырманды қызықтыра біледі. Ес пен түстің арасындағы сол әлемде Шымдан сұлу жанына жұбаныш табады. Ол – Серікбай болысқа деген зор құштарлық. «Кенет ұзап кетіп қалған мына адамның көлеңкесі қап-қара арна сияқты көрініп кетті. Аққан суы да жоқ. Жағасына біткен тал-терегі, көк майсасы да жоқ. Қаңыраған өлі арна. Осы қап-қара арнаны бойлап кетіп бара жатқан адам соншалықты жалғыз. Жападан-жалғыз. Шымданның жүрегі шымыр ете қалды. Іші елжірей ауырды. Тамағына келіп қалған түйіртпекті күшпен жұтып жіберді. Сол сәт өзінің кім екенін. Мына адамның кім екенін кәміл түйсінген еді». Сол түйсіну Шымданды ересек өмірдің табалдырығынан аттатты. Табаға қалдырды. Қорлық көрсетті...

Психоанализ – жиырмасыншы ғасырда пайда болған ілім. Фрейдтің бұл ілімі психикасы зардап шеккен науқастарды бақылау барысында өмірге келген. Ол саналы түрде қабылданбайтын сезім-күйлерді зерттеді. Кейінірек, саналы адамдарда да бейсаналы сезімдер болатынын ашты. Бұдан соң әлемдік әдебиеттің қалай өзгергені белгілі. Шымдан – бейсаналы сезім-күйге ерік берген кейіпкер. Сондықтан басынан өтіп жатқан оқиғаларды да түс сияқты қабылдайды. Атастырған жерінің әңгүдік жігіттері мен зорлықшыл күйеу тапа-тал түсте қыз ауылының топалаңын шығарып, атқа өңгеріп алып кеткен. Міне, ол босағадағы тулақтың үстінде кісендеулі отыр. «Түскі тамақтың қалдығы тура екіге бөлінеді де, жартысы сырттағы иттерге, жартысы Шымданға тасталады. Бұла болып өскен Шымдан бұндай қорлыққа төзгісі келмеді... Құсаға батты». Міне, оған кемпірлер жабылып, бірдеңені иіскетіп, сұйықтық ішкізіп жатыр. Екі күн «емдеген» соң, үшінші күні таң ата толғағы басталған. Сол кемпірлер сұлуды шыңғырта қинап, жаңа ғана жан кіре бастаған түйнекті жұлып тастайды... Онымен қоймай, бұның бойына қоныстанып алған әзәзілді қуып шықпақ.«Ол алдымен әйелдің ерніне, қос анарының арасына, абұйырына қонып қоздырады екен. Осы аталған жерлер мықтап тұрып, сиырдың жас жапасымен сыланды. Содан кейін әлденеше рет үшкірілді, бетіне түкірік жа­ғыл­ды. Ақыры ес кетті, жан шықты дегенде, ем аяқталды». Осынша қорлық көрсе де, «Серікбай босатып алады» дейтін үміт қызды өлтірмейді. Бірақ онда тірі адамның бейнесі де жоқ. Құр сүлдер.

Серікбай болыстың бейнесі де бұрын-соңды кездеспеген. Әдетте, болыс десе, көз алдымызға ақылды, айлалы кісі елестейтіні бар ғой. Әдебиеттен төрт құбыласы түгел, аздап тоңмойындау немесе тоғышарлау болыстардың талайын мысалға келтірер ек. Қазақ қаламгерлері болыс шеніндегі азаматты әйел затын есі кете сүйіп, ол үшін кез келген құрбандыққа барған жан ретінде суреттемеген. Мына шығармада қырық алты жастағы болыстың дүниетанымы мүлде басқа. Ол қорлық көрген сүйіктісін күйеуінен тартып алады, соңында болыс шенінен де айрылады...

«Шымданда» шым-шытырық оқиға көп. Соның ішінде Жөгі баяндайтын барымтаның ай­на­ласындағы оқиғалар қазақ әдебиетінде барымта та­қырыбы толық ашылмағанын көрсетеді. Өз басымыз көбінде барымташыға қандықол қарақшы ретінде қарап келіппіз. Олар бар болғаны иесінің адал қызметшілері деген түсінік басқа келмеген. Басын бәйгеге тігіп, күн-түн жортатын, мұз жас­та­­нып, қар жамыла жүріп байдың малына мал әкеп қосатын жырынды барымташылардың тайқы тағдырын ойлағанда өзекке өкініш пен өксік қоса кептелді. Әсіресе қарсы жақтың дойыры мен қам­шы­сы мүлт тиіп, қаза болған барымташыларды кім санапты? Манияз да сондай құрбандықтардың бірі. Олар Барақбай байдың малын көбейтіп берді. Сол үйір-үйір жылқылар Шымданның түбіне жетті... Бұны да өкініп отырып Жөгі айтады: «Мен әкелген көкмойнақтар Шымдан қарағымның басын жұтты-ау». Малыңды шашып жүріп адамның жанын суырып алу озбырлықтың, қатыгездіктің белгісі. Бірақ жалған намыс адамгершілік пен әділдікті ойлата ма? Шымданның зорлықшыл күйеуі малына сеніп, қорлық көрсетті, оязға арыз түсірді. Соңында ояз Шымданды өз күйеуіне қосылу керек деген шешім шығарды.

Қара суды теріс ағызған Кенжебай бақсы есі­нен адасып жатқан Шымданның тамырын басып, ары-бері қарап «қылқын» дейді. «...Бұл ауру­дың аты – қылқын. Серікбайға «артын күт» депті. Жан ауруына ем қонбайды. Бекем бол депті. Бір сәтке ғана есі кірді. Серікбай, жағы сорайған, жүдеу... Бұдан көз алмайды. Шымдан қолын созып, жеңінен сипады. Бірдеңе айтпақ еді. Бірақ айта алмай қалды. Әлдебір қап-қара тылсым үстіне жаныштай құлады. Сол сәт жарық дүние соңғы рет зымы­рай жарқ етті де, жоқ болды». Жан ауруына ұшы­раған сұлу Шымдан тағдырға көнген жоқ. Ол мына әділетсіз әлемге өз өлімімен қарсылық көр­сетті.

«Шымдан» – бітім-болмысы бөлек шығарма. Мұнда оқиға қуушылық жоқ. Жазушының адамның жаны, адамның мәні һәм адамның құны сынды ұғымдарды зерделегені байқалады. Шығарма авторы кім десеңіз, қара сөздің талассыз шебері Таласбек Әсемқұлов.