Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, ғалым Самалбек Қосан әңгімесін: «Бір күні жатақханада жататын студент сабаққа келмей қалды. Себебін сұрастырсам, чипсы жеп уланып қалыпты. Содан есіктің алдында тұрып, ізденушілердің бәрінен таңғы асқа не жегенін сұрауға көштім. Сонда көзімнің жеткені, студенттердің 80-90 пайызы сабаққа нәр татпай келеді. 1-пар аяқталған соң буфетке жүгіріп чипсы, кириешки алады. Оның қалай дайындалғанына бас қатырмайды. Соңында уланып қалып жатады. Осы оқиғадан кейін балалар мен жастардың сол сүйікті асын немен алмастыруға болатынын ойланып жүрдім», деп бастады.
Проблеманың шешімін іздеуде ғалым өзінің тәжірибесіне сүйеніпті. Ол – «Балшекер» деген қауынның жаңа сортын шығарған селекционер, БҰҰ Еуропалық-Экономикалық Комиссиясына қауын стандарттарын әзірлейтін Орталық Азиядағы жұмыс тобына мүше әрі Қазақстан бойынша төрағасы. Халықаралық тәжірибесінен түйгені, анық көз жеткізгені – Қызылорда облысында өсірілетін қанттылығы жоғары, кеш пісетін, қытырлақ қауындар әлемде еш жерде жоқ екен. Міне, осы бір табиғат ананың берген ырзығын жоғарыдағы мазалаған мәселені шешуге пайдаланбақ болды. Өз ойын іске асыру үшін арнайы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өзінің жоспарын жіберді. Бизнес-жоспары қолдау тауып, ғалым бағдарлама бойынша 2,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат алды. Ал жоспарын әзірлеп, өнімнің бір үлгісін жасауға студенттерін тартты. Сөйтіп, ізденушілерін де жаңа іске баулып, пайдалы тағам дайындауға икемдеді.
«Осы ақшаға инфрақызыл кептіргіш шкаф сатып аламын. Содан соң өндіріске енгіземіз. Сонымен қатар қауыннан жасалатын чипсыға патент алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тәжірибе жүзінде чипсы екі түрлі формада көпшілікке ұсынылып отыр. Қауын чипсыларын дайындау үш кезеңнен тұрады. Алдымен піскен қауын мұқият тазаланып, кейін жұқа тілімдерге кесіледі. Үшінші кезеңінде дайын бөліктері 12 сағаттан аса уақыт кептіріледі. Бастысы өнім – экологиялық тұрғыдан таза. Негізі студенттердің рационына отандық өнімді, табиғи тағамды енгізіп қана қоймай, осы ісіммен бақша дақылдарын өсірумен айналысатын адамдардың шабытын оятқым келеді. Одан да бұрын барымызды бағалай білсек екен. Себебі қазір біз ең бағалы, әлемде ешбір жерде өсірілмейтін, жойылып бара жатқан сирек қауындардың сортын жоғалтып алудың алдында тұрмыз», деп қынжылады кейіпкеріміз.
Кәсіпкер-ғалымның пікірінше, қазіргі бақша дақылдары мен көкөністерін өсіретін шаруалардың жағдайы мәз емес. Зиянкестермен күрес пен сол жолдағы кедергілердің өзі көп қажыр-қайратты қажет етеді. Оның үстіне осы іспен айналысатындар бүгінге дейін ескі технологиялармен жұмыс істеп келеді. Мұндай жағдайды қалпына келтіру үшін ғалым бірнеше рет бақша дақылын өсірушілердің қауымдастығын құрып, аталған шаруларға бөлінетін субсидияны қайта қарап, оларға кіші техникаларды беру керегін облыстық атқамінерлерге бірнеше мәрте айтқан екен. Бірақ әлі еш қимыл байқалмапты.
«Бақша өсіруге ынтасы зор, көптеген қиындыққа қарамастан, отандық өнімді қолдауға асық, ұлтжанды азаматтар баршылық. Өз айналамнан мұндай еңбекқор жандарды жиі жолықтырамын. Сол қауын егуден пайда таппай, керісінше шығынға батып жатса да сүйген кәсібін тастамай жүр. Міне, біз соларды қолдауымыз қажет. Егер бұл істі қазір қолға алмасақ, қолда бардан айырылып қаламыз. Бүгінде керемет, қайталанбайтын, небір ерекше қауынның сорттары бір-бірімен будандасып кетті. Шынында дабыл қағатын жағдай. Бірақ бұдан да маңыздысы ауылдағы көп отбасының қауын егуден басқа кәсібі жоқ. Бұлай кете берсе, олар нәпақасынан айырылады», дейді кейіпкеріміз. Иә, кәсіпкерлікті табыс табу үшін бастайтындар көп, бірақ жанашырлықпен қолға алатын Самалбек Қосан секілді азаматтар аз.
Еңбекқор ғалым жылыжай жұмыстарын да жүйелі түрде қолға алған. Айталық, өткен айда кейіпкеріміз жетекшілік ететін Қызылорда қаласы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің жанында шағын жылыжайда өсірілген алғашқы өнімді жинады. Онда мектеп ұжымы, негізінен сол биологтар теория мен тәжірибені ұштастыру мақсатында қияр өсіреді. Ғалым жылыжай жобасын еліміздің басқа да мектептерінде жүзеге асыру қажет деп санайды. Себебі бұл ең алдымен тақырыпты тереңірек түсінуге, екінші оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттырып, еңбекке баулуға, үшінші мектеп асханасын табиғи өніммен толықтыруға септеседі.