Елорда • 18 Қараша, 2020

Көпті қуантқан көгілдір отын

384 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қала тіршілігі қарбаласқа толы. Озық қалалардың оңтайлы әдіс-тәсілдерін пайдаланып, шаһар тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру – ұдайы назарда. Бұрынғымен салыстырғанда елорданың бүгінгі даму көрсеткіші анағұрлым алда екені анық. Соңғы кезде Нұр-Сұлтанда үйлер газға қосыла бастады деген ақжолтай ақпараттар тарап, көптің көкейінде жүрген мәселенің шешілгеніне қуанып қалдық. Көмір жағып, күл шығарған күндер артта қалғаны тұрғындар тұрмысына серпін берері сөзсіз.

Көпті қуантқан көгілдір отын

 

Көмір жағып, күл шығарған күндер артта қалды

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамасында» елімізде газ өндіру тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 млрд текше метрге дейін артқанын, әрі қарай да өсе түсетінін айтқан болатын.

«Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Деген­мен орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Темір­тау – Астана бағытында магис­тралды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 млн адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деген еді Н.Назарбаев.

Бүгінде Нұр-Сұлтанның тұрғын аудан­дарында үйлерді газға қосу жұмыс­тары жүргізілуде. Железнодорожный елді мекенінде бірінші тұтынушы газ­ға қосылды. 700-ден аса тұрғын техни­ка­лық шарттар алды, фронт-кеңселерде 3 мыңнан аса адам кеңес алды.

«Бізге бір түнде 20-ға жуық көршіміз келіп, қарап, қызығушылық танытты. Әуелде көмірден газға ауысуға болатынына сенімсіздік болды. Қазір бәрі қуанышты. Туыстарымыз жазып, қоңырау шалып, газға қосылғанымызбен құттықтап жатыр», дейді газға қосылған алғашқы үйлердің тұрғындары.

Тұрғындардың қуанышына орай газдың бағасы да төмендетілді.

«Газ тартылды. Бұл – ұзақ уақыт бойғы тынымсыз еңбек нәтижесі. Газға 11 қарашада қосылдық. Біздің аудандағы тұрғындар бұл шаруаның расымен жүзеге асып жатқанын көріп, көмірден газға көшуге бел буғанын айтады. Биыл газ тартылатынына сенбейтіндер де болды. Газға қосылдық. Елбасы елордаға газ жеткізілетінін айтқан еді. Біз сол жұ­мыстың нәтижесін көріп отырмыз. Өте ризамыз», дейді Индустриальный елді мекенінің тұрғыны Дәулет Бекбосынов.

Агроқалашық елді мекенінің бір бөлігінде, Промышленный, Көктал-2 елді мекендерін де құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қысымды сынау жүріп жатыр. Осы жылдың желтоқсан айына дейін газға қосылу жоспарланған. Жыл соңына дейін Көктал-1 тұрғындары да газға қосыла алады.

«Елорданы газдандыру – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи жобасы. Газдандыру қоршаған ортаны жақ­сартуға ғана емес, сонымен қатар жеке сектор тұрғындарының өмір сүру жағдайларын айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Көмірді қайда сақтау керегін, оның сапасын уайымдаудың қажеті жоқ. Адамдар көмірқышқыл газымен уланған жағдайлар болды. Осы мәселелердің барлығы шешімін табады. Газдандыру процесі бірне­ше сатыда өтеді және барлық тұрғын аудандар кезең-кезеңімен қосылады. Осы жылыту маусымында ЖЭО-1 және ЖЭО-2 бірқатар қазандықтары да газға ауысты­рылды», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Ішкі газбен жабдықтау желілерін орнат­қан тұрғындарды қосу үшін Рес­­пуб­лика даңғылы, 24 мекенжайы бойын­ша «Парасат» бизнес орталығы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ кеңсесіне хабарласу қажет. Бұл ұйым ішкі газбен жабдықтау желілерінің қауіпсіздігі мен тікелей қосылуын тексерумен айналысады, әрі қарайғы жұмысына да жауап береді.

 1

 

Жылу орталығы жартылай газға ауыстырылды

ЖЭО қазандықтарының жұмысын газға ауыстыру қоршаған ортаға көмір шаңы, күкірт сияқты зиянды қалдық­тарды айтарлықтай азайтады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Іnstagram-дағы парақшасында жазды.

«ЖЭО-1 және ЖЭО-2 жұмысы ішін­ара газға ауыстырылды. Бүгін газ қазан­дықтары ресми түрде іске қосыл­ды. Ол үшін бірнеше ай бойы жаб­дық­­тарды ауыстыру, қорғау, желдету және газ шаруашылығы жүйелерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Қалған қазандықтарды газға ауыстыру жұмыстары жалғасады. ЖЭО қазан­дықтарының жұмысын газға ауыс­ты­ру қоршаған ортаға көмір шаңы, күкірт сияқты зиянды қалдықтарды айтар­лықтай азайтады. Сонымен қатар 19 әлеуметтік нысанды (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер) автономды қазандықтардан газға көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге елді мекендердегі жеке сектордағы үйлер газға көшіріле бастады», деді А.Көлгінов.

Елорданың бірқатар елді мекенін­де инфрақұрылымды дамыту мәселелері бар. Интернациональный елді мекенінде бірінші кезекте жарықтандыру, аялдамалар орнатылып, автобус маршрут­тарының қосымша саны іске қосылады. Қазір магистралды су құбыры құрылысы басталды. Магистралды су құбыры аяқталғаннан кейін, орамішілік желілер үйлерге өткізіледі. Аталған жұмыстарды 2021 жылы аяқтау жоспарланған.

«Елордада 16 елді мекен бар. Мұнда орталықтандырылған дамытумен қатар, ауыз су, кәріз, жарықтандыру, жолдар салу және басқа да мәселелерді шешу қажет. Аудан тұрғындары жарық­тан­дыру, нөсер және шаруашылық нәжіс кәріздерін жүргізу, интернет, газдандыру, жолдарды, тротуарларды асфальт­тау сияқты инфрақұрылым мәсе­ле­лерін көтерді. Бірінші кезекте жарық­тандыру, аялдамалар орнату, авто­бус маршруттарының қосымша санын іске қосудан бастаймыз. Тұрғын­дарда орталықтандырылған ауыз су беріл­мегенін ескере отырып, біз магистралды су құбырының құрылысын бастадық. Магистралды су құбыры аяқталғаннан кейін, орамішілік желілерді үйлерге өткізуге кірісеміз. Бұл жұмыстарды 2021 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жолдарды асфальттауға кіріспес бұрын, кәріз және газдандыру жұмыстарын аяқтаймыз. Биылғы жылыту маусымында бірқатар елді мекен газға көшіріле бастайды. Процесс бірнеше кезеңге бөлінген. Аталған кездесуде тұрғындар көтерген мәселелер жоспарға алынды. Осындай кездесулерді барлық елді мекенде өткізіп, тұрғындардың ұсыныстарын қаланы дамыту жоспарына енгіземіз. Тұрғын үй алаптарын дамыту мәселесі – Мемлекет басшысының бақылауында», деді қала әкімі.

 

«Железнодорожный» елді мекенінде алғашқы тұтынушы газға қосылды

«Железнодорожный» елді мекенінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысы толық аяқталды. Тұтынушыларды кезең-кезеңмен қосу шаралары басталды.

Газбен жабдықтаудың ішкі желілерін жүргізген тұрғындар газ қосу үшін Республика даңғылы, 24, «Парасат» БО мекенжайындағы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ кеңсесіне жүгіну қажет. Сондай-ақ «Промышленный», «Көктал-2», «Агро­қалашық» елді мекендерінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, сығымдау жұмыстары жүргізілуде. Қосылу осы жылдың желтоқсан айына дейін жоспарланған. Жыл соңына дейін «Көктал-1» елді мекені тұрғындары газға қосыла алады.

Елордада тұрғын үй алаптарында газбен жабдықтау желілерін салу жұмыстары жалғасуда. Газдандыру процесі үш кезеңге бөлінген, тұрғын үй алаптары кезең-кезеңімен газға қосы­лады. Газдандыру экологияны жақ­сартуға және тұрғындар денсаулығына жағымды әсер етіп қана қоймай, жеке сектор тұрғындарының өмір сүру жағ­дайын айтарлықтай жеңілдетеді.

 

Тариф төмендеді

Нұр-Сұлтанда газ тарифі төменде­тілді. Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге төмендетілді. Бұған дейін бір текше метрді 60 теңге деп белгілеу болжанған еді.

Елордада тұрғын аудандарда орам­і­шілік газбен жабдықтау желілерін салу бойынша жұмыс жалғасуда. Мысалы, Железнодорожный тұрғын алабында газ тарату желілері арқылы іске қосу толық қамтамасыз етілген. Тұтынушыларды қосу үшін қажетті шаралар қабылдануда.

Көктал-2 және Промышленный тұр­ғын аудандарында орамішілік газбен жабдықтау желілерінің құрылысы бойын­ша жұмыстар аяқталды – газ жеткізу құбыры арқылы іске қосылды. Ішкі желілерде пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Көктал-1 тұрғын алабында газ тарату желілерінің 90 пайызы тартылды. Бұл жұмыс Агроқалашық, Оңтүстік Шығыс тұрғын алаптарында да жүзеге асырылады. Пайдалану шарты бойынша үйлерді газға және есептеу құралдарына қосудың техникалық шарттарын алу үшін тұрғындар фронт-кеңселерге хабарласулары керек.

Биыл ЖЭО-1 және ЖЭО-2 қазандық­тары да газға ауыстырылды. Нұр-Сұл­тан қаласы Отын-энергетикалық кеше­ні және коммуналдық шаруашылық басқар­масының мәліметінше, газ тарату желілерін, оның ішінде кварталішілік желілерді салу жобаның ТЭН-іне сәйкес үш кезеңге бөлініп, олардың құрылыс сомасы 44,6 млрд теңгені құрайды.

«9 іске қосу кешені бар жобаның 1-кезегінің құрылысы 2019 жылдың күзінде басталды. Жобаның 1-ші кезегінің жалпы құны 20,6 млрд теңгені құрайды. Жобаның 2 және 3-кезегі бо­йынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның 2, 3-кезегін іске асыру мерзімі 2021-2023 жылдар кезеңінде республикалық бюджет және жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарта отырып жоспарланады. Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар тұрғын алаптары (2-кезек) «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қаражаты есебінен газдандырылады. Бүгінде 1, 2 кешен (ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге жеткізу желілері), 3 кешен бойынша (Көктал тұрғын алабына газ құбырын жүргізу), сондай-ақ 7 кешен бойынша («Железнодорожный» тұрғын алабы) жұмыстар аяқталды, табиғи газ іске қосылды. Желілер сенімгерлік басқару шарты бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға берілді. Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық тұрғын алаптарында газ тарату желілерінің құрылысы 3-6 іске қосу кешендері аясында жалғасуда. 4 ГТП жеткізу орындалды, газ құбыры салынды: болат – 9,1 км, полиэтилен – 155 км. 7-9 іске қосу кешені аясында Железнодорожный, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарын газбен жабдықтау жүргізілуде. Қазіргі уақытта газ құбырлары салынды: болат – 4,1 км, полиэтилен – 95 км», дейді басқарма мамандары.

Сондай-ақ 10 желтоқсанға дейін 4 іске қосу кешенінің (Көктал-2, Агроқала­шықтың бір бөлігі) құрылысы аяқталады. Одан әрі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға берілетін 6 іске қосу кешені (Көктал-1) аяқталады. 2021 жылдың тамызына дейін 5 іске қосу (Агроқалашық), 8 іске қосу (Оңтүстік-Шығыс сол жағы), 9 іске қосу кешені (Оңтүстік-Шығыс оң жағы) аяқталады. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, құрылыстың 1-ші кезегін 9 іске қосу кешенімен аяқтау 2021 жылғы тамызға жоспарланған.

Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энер­гетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасымен газ тарату желілерінің құрылысы жөніндегі жұмыс­тар жалғасуда. Жобаның бірін­ші кезегі ЖЭО-1, 2, Көктал-1, 2, Железнодорожный кентіне, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс (оң және сол жағы) дейін газ тарату желілеріне газ беруді болжайды. 1-кезең аяқталған соң 13,5 мың үйдің тұрғындары газға қол жеткізе алады. Жобаның екінші кезегі – Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village тұрғын алаптары. Үшінші кезекте Ильинка, Шұбар, Өндіріс тұрғын алаптары газдандырылады.