– Елші мырза, «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс айтамыз. Әңгімеміздің кіріспесін кейінгі саяси оқиғалардан бастасақ. Қазан айында Қырғызстанда наразылық акциялары өтіп, ақырында ел президенті отставкаға кеткені белгілі. Осы оқиға туралы, оның себептері жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.
– Биылғы 4 қазанда Қырғызстанда парламенттік сайлау өтіп, оған 16 партия қатысты. Өздеріңізге мәлім, Қырғызстан – конституция бойынша парламенттік-президенттік басқарудағы мемлекет. Яғни елді басқаруда президентпен бірге парламент те негізгі рөл атқарады. Сондықтан партиялар мүмкіндігінше парламенттен көбірек орын алып, үкіметтің құрамына енуге барынша әрекет жасайды. Сайлаудың қорытындысы бойынша, билікке жақын «Биримдик», «Мекеним Кыргызстан» партиялары 90 мандатқа ие болды.
Мұндай нәтиже әділ сайлау өткізуді талап еткен халыққа ұнаған жоқ. Келесі күні, 5 қазанда сайлау қорытындысына көңілі толмаған басқа партиялардың жақтастары, жастар «Алатау» алаңына шығып, наразылық акциясын бастады. Олар сайлаудың қорытындысын жоққа шығаруды талап етіп, сайлаудың әділ өтпегенін айтты. Сондай-ақ акцияға қатысушылар «Биримдик», «Мекеним Кыргызстан» партияларының аудандарға барып, елдің дауысын ақшаға сатып алғанын мәлімдеді. Орталық сайлау комиссиясы, үкімет пен президент аппараты және күштік құрылымдар наразы халықпен диалог орнатпай, күш қолдануға кірісті. Ақырында жастар парламент ғимаратын басып алып, мемлекетті саяси дағдарысқа әкелді.
– Түсінікті. Қазіргі саяси ахуал қандай?
– Қазір Қырғызстандағы саяси жағдай конституциялық жолға түсті. Президент Сооронбай Жээнбеков жаңа премьер-министрді тағайындап, жаңа үкімет құрғаннан кейін, өз құзыретінен бас тартып, отставкаға кетті. Парламент жаңа сайлауға дейін жұмыс істейді. Премьер-министр Садыр Жапаров Қырғыз Республикасы президентінің міндетін атқарады.
С.Жапаров 14 қарашада президенттік міндетті Жоғарғы кеңес спикеріне тапсырып, премьер-министр қызметінен бас тартты. Сөйтіп ол 10 қаңтарда өтетін президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді.
– Қырғыз саясаткерлері мемлекеттің ішкі жағдайын тұрақтандыру бойынша алдағы уақытта қандай әрекет жасамақ?
– Премьер-министр С.Жапаровтың, парламенттің және Орталық сайлау комиссиясының жоспарларына сәйкес, Қырғызстанда 2021 жылы 10 қаңтарда президент сайлауы өтеді. Содан кейін конституцияға жаңа өзгерістер енгізу туралы референдум ұйымдастырылмақ. Сәуір-мамыр айларында жаңа конституция негізінде жаңа парламенттік сайлау болады. Егер осы жоспарланған шаралар сәтті аяқталса, Қырғызстанда саяси тұрақтылық орнайды деп үміттенеміз.
– Конституцияға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін?
– Қазір қырғыз қоғамы ең үлкен талас-тартыстың ортасында тұр. Себебі халықтың бір бөлігі қырғыз мемлекетінің толық парламенттік басқаруға көшуін және президенттің өкілетін азайтуды қалайды. С.Жапаров бастаған екінші тарап президенттік басқаруға оралып, елді бір орталықтан басқарып, экономикалық реформалар жүргізіп, кедейлікті жеңіп, тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу керек екенін айтады.
Жақын арада жаңа конституция жобасы халық назарына ұсынылып, арнайы конституциялық жиын шақырылып, талқыланады. Алдағы референдумда қырғыз халқы мемлекеттің болашақта қалай дамитынын, ұрпаққа қандай ел қалдыратынымызды мұқият таңдауы керек. Сонымен қатар депутаттар саны 120-дан 90 орынға дейін қысқарады. 35 депутат бір мандатпен, 55 депутат пропорционалды дауыс беру арқылы сайланады. Елде өкілдер палатасы – Құрылтай (Сенат) құрылды. Халықтық құрылтай жылына екі рет жиналып, парламенттен, үкіметтен және президенттен есеп алады.
– Қырғыз азаматы ретінде жоғарыда айтылған қай жолды таңдауды дұрыс деп есептейсіз?
– Елімнің азамат ретінде Қырғызстанда тұрақтылық, бейбітшілік пен жасампаздық болғанын қалаймын. Парламенттік және президенттік басқарудың оң және теріс жақтары бар. Қазір әлем дағдарыс жағдайында тұр, пандемия күшейіп, осындай қиын кезеңде бізге президенттік басқару керек шығар. Себебі үкімет елдің дамуы үшін жедел шешімдер қабылдап, жаңа заңдарды парламентке ұсынып, реформалар жүргізу қажет. Аймақта экономикалық тұрғыда ең артта қалғанымызды, жұмыссыздықтың өскенін, адамдар кедейлік жағдайында тұрғанын, сыртқы қарыздың өскенін мойындауымыз керек. Сондықтан қазір қырғыз элитасы бірігіп, ақылдасып, бір шешімге келуге тиіс. Әйтпесе мемлекетке қауіп төнеді.
– Қазақ-қырғыз ынтымақтастығы туралы да айта кетсеңіз?
– Қырғыз-қазақ ынтымақтастығы ең жоғары деңгейде десем қателеспеймін. Саяси диалог әрдайым жүргізіледі, сауда-экономикалық ынтымақтастық өз деңгейінде жүріп жатыр. Бірақ COVID-19 пандемиясы кезінде сауда сәл төмендеді, жеке кәсіпкерлер шекарадағы шектеулерге байланысты белсенді жұмыс істей алмады. Пандемия аяқталып, жағдай қалпына келсе, сауда мен инвестиция дамиды деп үміттенеміз.
Қазақстан Үкіметі пандемия кезінде Қырғызстанға 5 мың тонна гуманитарлық көмек көрсетті. Мүмкіндігінше коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныш құралдарын және маскалар жіберді. Қазақстан үкіметі Ресей-Қазақстан шекарасында тұрып қалған Қырғызстан азаматтарын эвакуациялау үшін транзитке рұқсат берді. Қырғыз тарапы Қазақстанға осындай бауырластық және көршілік көмегі үшін ризашылығын білдіреді және оны жоғары бағалайды.
Қырғызстандағы саяси дағдарыс кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия басшыларымен бірге қырғыз халқын сабырлық сақтап, жағдайды конституциялық жолмен шешуге шақырды. Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Р.Қазақбаевтың 30 қазанда Нұр-Сұлтанға сапары кезінде Президент Қ.Тоқаевпен, Премьер-Министр Асқар Маминмен кездесіп, екіжақты мәселелерді талқылады. Қазақстан басшылығы қиын кезде қырғыз халқын жалғыз қалдырмайтынын жеткізіп, моральдық қолдау көрсетті.
Жақында Қырғыз республикасы Президентінің міндетін атқарушы, Премьер-Министр С.Жапаров Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевпен және Премьер-Министр А.Маминмен телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты мәселелерді талқылады. Осындай бауырластық қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және ешқашан ұмытпаймыз. Қырғыз-қазақ ынтымақтастығының болашағы мен әлеуеті зор. Мен елші ретінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың деңгейін бұдан әрі арттыру және тұрақты саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға барша күш-жігерімді арнай беремін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»