Әлем • 19 Қараша, 2020

Еуропалық одақтың бюджеті бекітілген жоқ

207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуропалық одақтың алдағы жеті жылға арналған 1,82 триллион еуро тұратын бюджеті бекітілген жоқ. Құжатқа Венгрия мен Польша вето қойды. Жоспар бойынша, қаражат коронавирус індетінен кейінгі кезеңде экономиканы құтқаруға және 2021-2027 жылдарға арналған-ды.

Еуропалық одақтың бюджеті бекітілген жоқ

 

Дүйсенбіде өткен жиында Будапешт пен Варшава өкілдерінің айтуынша, бұл қадам құқықтық мемлекет принципін сақтауды қамтамасыз ететін арнайы механизм енгізуге қарсылық. Сондай-ақ бұл тәсілді саяси қысым деп мәлімдеді. Атал­ған тәсілге сай, демократияға кедер­гі жасап, сөз бостандығы мен құқық­тық саланы шектейтін елдерге қар­жыландыруды тоқтату қарастырылған.

«Еуропа парламенті мен қазір Гер­ма­ния төрағалық ететін Еуропа кеңесі аты­нан талқыға түскен құжат объек­тивті ба­ғалау жүйесі емес. Онда көр­сетіл­ген мәселелер төңірегінде пікір­талас жүргізу де қиын. Венгрия өз пікірін өзгерт­пей­ті­нін басында-ақ айтқан едік. Біздің ойы­мыз­­ша, бұл – саяси қысым», деп мәлім­деді Венгрия үкіметінің ресми өкілі Золтан Ковач.

Жоспар бойынша, бөлінетін қара­жаттың 750 миллиарды коронавирус пандемиясынан зардап шеккен эконо­миканы қайта қалпына келтіруге бағытталмақ. Қалған 1,075 триллион еуро – Еуропалық одақтың 2021-2027 жылдарға арналған бюджеті. Бұл қаржы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап беріле бастауы керек.

Жаңа жылдың басталуына аз  уақыт қалғанын ескерсек, Еуропалық одақ бюджетті тез арада бекітуге тиіс. Бірақ әзірге келіссөздер қалай жүретінін тап басып айта алмай отыр. Осы аптада ЕО-ға мүше мемлекеттер өкілдері тағы бір мәрте онлайн конференция өткізбек. Сол кезде аталған мәселе тағы көтеріледі.

Жалпы, Польша мен Венгрия Еуропалық одақтан көп қаржы алатын елдердің қатарына кіреді. Оның үстіне, коронавирус пандемиясының екінші толқыны қарт құрлыққа оңай тиген жоқ. Әсіресе жоғарыда аталған екі мемлекет індеттен қатты зардап шекті. Осындай қиын-қыстау кезеңде Варшава мен Будапешттің дағдарыспен күресуге бөлінетін қаражатты қабылдамай тас­тауы түсініксіздеу болып тұр.

Еуропалық одақтың бюджетін бекіту қиынға соғатын түрі бар. Біріншіден, ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі оны қолдап дауыс бермесе, құжат қабыл­данбайды. Ал оны кейінге шегеру эконо­микаға қып-қызыл шығын әкеледі. Яғни, індеттен зардап шеккен, банкрот алдында тұрған шағын және орта кәсіп иелеріне қаражат берілмейді.

Екіншіден, ЕО-ның 2021-2027 жылдарға арналған бюджетін нақтылау да оңайға соқпаған еді. Өйткені биыл Ұлыбритания қарт құрлықпен қоштасты. Бұл Еуропалық одақтың қалтасына түсетін қаржыға кері әсер етті. Жыл сайын Ұлыбритания 12 миллиард еуро көлеміндегі қомақты қаражатты шытырлатып санап беретін. Бұл – ЕО бюджетінің 11 пайызын құрайды. Осылайша, алдағы 7 жылда одақ қазынасына түсуі тиіс 75 миллиард еуро тапшылыққа айналды.

Сонымен қатар одаққа берілетін қаражаттың көлемі де ұзақ талқыланды. Бастапқыда Еуропалық комиссия бюд­жеттің көлемін ұлттық жалпы табыстың 1,11 пайызына теңестіруді ұсынды. Дегенмен, бұл сомаға бірқатар дамыған еуропалық мемлекет қарсылық көрсетті. Өйткені, оның көлемі одақтың Германия секіл­ді негізгі донорларына оңай­ға соқпайтыны анық. Еуропалық комис­сияның жоспарына сүйенсек, Герма­ния­ның алдағы үлесі 32,8 миллиард еуроға жетпек. Бұл қазіргі кезеңмен салыс­тырғанда 7,3 миллиардқа көп.

Қазынаға түскен қаражатты бөлу мәселесі де Брюссельде қызу талқы­ланды. Жалпы, Еуропалық одақтың бюд­жеті негізінен үш бағытқа жұмсалады. Олар: ауыл шаруашылығы, өңірлік даму және ЕО шенеуніктері белгілеген басымдықтар. Кейінгілерінің қатарында инновация, қорғаныс, миграция және студент алмасу секілді салалар кіреді.

Қазынаға көп қаржы құйып отырған мем­лекеттер бюджеттен бөлінетін ақша­ны негізінен жаңа салаларға салуды жөн көреді. Өйткені Германия, Франция секілді дәулетті елдер ЕО қаражатына аса мұқтаж емес. Сондықтан бұған дейін іргесі бекіп, берік орныққан салаларға қосымша қаржы құйғаннан, қарт құрлықтың көмегін басқа бағыттарға жұмсау тиімді. Алайда Шығыс блоктың елдері үшін басым бағыттарға берілетін соманың қомақты болғаны жөн.

Ақыры ұзақ талқылаудан кейін Еуро­палық одақтың алдағы 7 жылға арнал­ған бюджеті 1,075 триллион еуро болып мақұлданды. Бұл соманың 50 пайызға жуығы зерттеу мен инновацияға құйылмақ. Сондай-ақ 30 пайызы климаттың өзгеруімен күреске арналады. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау секілді салаларға да қомақты қаражат бөлу қарастырылған.

Қорыта айтқанда, Еуропалық одақ шенеуніктері ұзақ уақыт талқылаған бюджет жоспарының енді қашан толыққанды бекітілетіні белгісіз. Әзірге Венгрия да, Польша да алған бетінен қайтар емес.