Экономика • 19 Қараша, 2020

Төлем карточкасын қолдану 2,6 есе көбейді

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елімізде 23 трлн теңгеге 2 млрд-қа жуық қолма-қол ақшасыз операция жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп.

Төлем карточкасын қолдану 2,6 есе көбейді

Ұлттық банктің хабарла­уынша, төтенше жағдайға байланысты сәуір айында бірқатар бизнес субъекті жұмыстарын уақытша тоқтатқандықтан, қол­ма-қол ақшасыз операциялар біршама азайды. Бірақ мамыр айынан бастап операциялардың көлемі орташа есеппен ай сайын 12 пайызға өсіп отырды.

Қолма-қол ақша алу операциялары керісінше үнемі азайып отырды. Ұлттық банктің бас­па­сөз қызметі хабарлағандай, қол­ма-қол есеп айырысу көлемі карточкалармен жүргізілген операциялардың үштен бір бөлігінен аспайды.

Қазірдің өзінде интернет-бан­кинг пен банктердің мобиль­ді қосымшаларында жүр­гізілген операциялардың, яғни онлайн операциялардың үлесі үздік­сіз ұлғайып келеді. Егер 2019 жылдың 9 айында онлайн-операциялар үлесі 67 пайыз болса, биыл  81-дан асты.

–  Орташа есеппен алғанда 9 ай­да онлайн түрде төлем карточ­ка­ларымен 68 млрд теңге­ден аса қаржыға 4 млн транзакция өткізілген. Жыл басынан-ақ мобильді банкинг аудиториясы тым белсенді болды. Қаңтар айын­да интернет-банкингті бел­сенді қолданатындардың саны 8 млн болса, қыркүйек айында ол 12 млн-ға жетті, – дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Жиі қолданылатын төлем кар­точкаларының саны 25 мл­н. Бұл карточканың барлығының иелері қыркүйек айында онлайн-төлем жүргізіп қана қоймай, қолма-қол ақшаны шешу үшін де қолданды. Жалпы, жыл басынан бері 9 айда қазақстандық банктер 12 млн төлем карточкасын шығар­ды. Қолма-қол есеп айырысудың азайғанына банктердің карточка шығару, оны иелеріне жеткізіп беру сынды сервистерінің жақ­сарғаны, сонымен қатар мобиль­ді қосымшаларындағы көрсеті­летін қызметтің кеңейгені сынды факторлар ықпал етті.