Саясат • 19 Қараша, 2020

Ұлттық құндылықты ұлықтайтын кезең

1387 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің басшысы Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.

Ұлттық құндылықты ұлықтайтын кезең

 

Жиынға Парламент Сенатының депутаттарынан бөлек Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Мәмбет Қойгелді, Асылы Османова, Рахман Алшанов, Уәлихан Қалижанов, Анар Фазылжанова және басқа да қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кіріспе сөз сөйлеген Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің басшысы Мұрат Бақтиярұлы дөңгелек үстелдің басты мақсатын түсіндіре келе, көтерілетін мәселелерді айқындап, олар бойынша тиісті ұсынымдар жобасын әзірлеу, Парламенттік тыңдауды өткізуді ұйымдастыруды пысықтау қажет екенін жеткізді.

«Тақырып аясындағы басқада өзекті мәселелерді депутаттармен, тиісті минис­тр­лік басшыларымен және зиялы қауым­мен талқылау қажеттігі туындап отыр. Өздеріңізге белгілі, Елбасы­мыз да, Мемлекет басшысы да соңғы кез­дері ұлтымыздың рухани, материал­дақ құндылықтарын сақтау, дәріптеу мә­се­лелеріне Жолдауларда, бағдарламалық мақалаларда арнайы тоқталып жүр.

Бүгінгі жаһандық дәуірде жас ұрпақ үлкен ақпарат айдынымен бетпе-бет келіп отыр. Құндылықтардың іштен іруі руханиятымызды ұсақтатып, ұлттың тамырына балта шабатыны сөзсіз», деді комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.

Бұдан кейін депутат әлемде көптеген ұлттың жойылып кеткенін атап өтіп, тарихтан сабақ алудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ұлттың бірегейлігі, рухани құндылығы сақталғанда ғана халық мәңгі жасамақ.

«Бүгінгі ғылым мен білімнің, техника мен технологияның дамыған заманында жас ұрпақ өте үлкен ақпарат ағынының астында қалып отыр. Бұл ретте біз өз еліміздің ұлттық құндылықтарын үнемі алғы шепке шығарып дәріптеп, тірілтіп отырмасақ, жастарды ұлттық болмысынан айырып алу қаупі басым екенін айтқым келеді. Бүгін де осы мәселелер туралы сіздердің терең, зерделі ұсыныстарыңызды тыңдаймыз деп үміттенемін», деді комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.

Негізгі баяндаманы жасаған сенатор Бақытжан Жұмағұлов еліміздің әр отбасына, жеке азаматына қатысты ұлттық жоба қажет екенін айта келіп, осы тақырып бойынша Парламенттік тыңдау өткізу идеясы туындағанын атап өтті. Сенатор өзгеден гөрі – өзін, қоғамнан гөрі – жеке отбасының пайдасын ойлайтын, рухани жағынан біршама жүдеу, білім жағынан саяз ұрпақ көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.

Сенатор Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа жағ­дай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» дегенін еске сала келіп, ол жайында өз ойларын ортаға салды.

Депутат дөңгелек үстелге қатысу­шы­ларға «Ұлы даланың ұлттық құнды­лықтары» тұжырымдамасын таныстырды. Сенатордың пікірінше, ел дамуының осы кезеңінде маңызды болып табылатын бес бағыт: тәуелсіздік және тарихи таным; ел мен жер; тіл және имандылық; ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие; білім мен біліктілік тұжырымдаманың негізін құрайды. Сенатор ұлттық дәстүр, тәрбие, білім мәселелеріне ерекше тоқталды.

«Бала бесіктен тәрбие алады. Ұлттық дәстүрді бойға сіңіреді. Ана жолдан тайса – ұлт жолдан таяды. Әке жолдан тайса – ұлт тозады. Қоғам жолдан тайса – Тәуелсіздіктен айрылады. Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы. Бесіктен тәрбиелеу – ұлттық ұғым кепілі. Білімі жоқ ел – беделсіз, ғылымы жоқ ел – бедерсіз. Қалыптасқан жағдайда білім мен ғылымның жүйесін қайта қарау керек», деді сенатор Бақытжан Жұмағұлов.

Сондай-ақ сенатор мемлекет руханият саласында маңызды, іргелі жобаларды жүзеге асырғанын, бұл қадамның саяси-қоғамдық өміріміздегі теңдесі жоқ құбылыс әкелгенін жеткізді. «Өз тарихымызға қатысты қаншама дерек тау­ып жарияладық. Қазақстанның қасиетті, сакральді орындарын айқын­дадық. Ұлы далада қалыптасқан өркениет жолын білдік. Тарихымыздың қилы жолдары бар.

Айталық, патшалық Ресей тұсында ата-бабаларымыздан қалған ұлттық дәс­түрлерімізді, сенімімізді, тәрбиелік жолымызды ескілік қалдығы деп білді. Оның орнына басқа құндылықтарды санаға құюға тырысты.  Білімсіз, надан халық ретінде санамызды улады. Кеңестік жүйе кезінде де қызыл идеологияның құрбаны болдық. Ана тілімізден, дінімізден, ділімізден, ұлттық дәстүрімізден айрыла түстік. Осылай ұлт руханиятына балта шабылды.

Егемендік ұлттың өшкенін жандырды, рухын көтерді. Отыз жыл ішінде Қазақ­стан үлкен саяси-экономикалық, мәдени жетістіктерге қол жеткізді. Қазір өз­деріңіз көріп отырғандай, жаһан­дану саясаты жүріп жатыр. Ұлттық құн­ды­лықтарымыздың орнына батыстық құн­дылықтарды ендіру процесі орны­ға бастады. Демократия деген желеу­мен халқымыздың, оның ішінде жас­тарымыздың саяси көзқарасына ықпал ету жүргізіліп жатыр. Әртүрлі жат діни ағымдар бой көтерді.

Ұлттық құндылықтарымызды Қазақ­станның әрбір азаматының санасы­на енгізу және орнықтыру қажет. Бү­гінгі дөңгелек үстелдің де көздеген мақ­саты осы. Бірлесе, іргемізді ыдыратпай­тын, ұлттық құндылықтарымызды ұлық­­тайтын көзқарас қажет. Әрбір Қазақ­стан азаматының бойына ұлттық патрио­тизмді қалыптастыратын жолдарды ай­қын­дап берген дұрыс болар еді. Сонда ғана тәуелсіз елімізде ұлттық құнды­лық­тарымызды күнделікті өмірге енгізе аламыз», деді Бақытжан Жұмағұлов.

Бұдан кейін сөз кезегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға берілді. Ведомство басшысының айтуынша, ұлттық құндылықтарды бағалаған елдің қашанда рухы биік болады.

«Ұлттық құндылықтарын бағалап, санасын саралай білген елдің қашанда болмысы бөлек, рухы биік. Содан болар – ұлттық құндылықтар дегенде әдет­те халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәс­түрін, ана тілі мен өнерін, мәдениеті мен әдебиетін айтамыз. Бұл әрбір азаматтың «ұлттық кодына» басылған қайталанбас дүние. Ал енді, қоғамдық сана – сол «ұлт­­тық кодты» сақтай отырып, әрбір азама­­тымызды болашаққа баптай білу­дің бірегей құралы болмақ. Міне, осы­ның бәрі – Елбасының «Болашаққа бағ­дар: ру­хани жаңғыру» мақаласының ізімен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының түпкі мақсаты», деді министр.

А.Балаева ендігі жерде руханиятты дәріптеу жалпылай емес, мақсатты түрде, азаматтарымыздың жас ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылатынын жеткізді.

«Онда да, тозығы жеткен емес, заман­ның бәсекесіне, адамның қажетіне жарайтын жасампаз құндылықтар болуы шарт. Бұл тұрғыда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «тұлғалық даму», «ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебе», «мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қауымдастықтардың дамуы» деген үш құндылыққа негізделеді. Десе де, осының барлығын іске асыруда біз қайтарымы мол, тиімділігі жоғары, келе­шегі кемел мақсат қоя білуіміз маңызды. Сондықтан да рухани жаңғыру үрдісін ең алдымен бала тәрбиесі мен жастардың рухани өсуінен бастауымыз керек.

Жасыратыны жоқ, бүгінде бала тәр­биесіне, олардың ой қалыптастыруына – виртуалды әлемнің, бақылаудан тыс интернеттің ықпалы өте зор. Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында бір-біріне, айналаға, жануарларға деген қатыгездікке бейімдік, суицид, толеранттылықтың төмендігі сияқты түрлі келеңсіздіктерге жиі куә болып жүрміз. Әрине, бұның бәрі біржақты қарайтын дүние емес. Кешенді зерттеуді талап етеді. Бірақ оның түп негізінде – қоғамдық қадағалау мен ұлттық тәрбиенің рөлі зор деп санаймыз. Себебі әрбір орын алған кемшілік – бүкіл қоғамның ортақ көрсеткіші.

Сондықтан жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, бүгінгі заманға сай тәрбие мен білім беру – басты міндет. Халқымыздың ұлттық тәрбиесі – қашанда жас ұрпақты жаңашылдыққа, елжандылыққа баулыған. Осы орайда, қазір біздің министрліктің бас­тамасымен Балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілікте тәрбиелеу стратегиясын жасап, іске асыру көзделіп отыр. Ол үшін министрлік жанындағы Қоғамдық даму институтында арнайы жұмыс тобы құрылды», деді министр.

Дөңгелек үстелде «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы арнаулы жобаларды іске асыру барысы да талқыланды. Зиялы қауым өкілдері халықтың бірлігін нығайту мен тарихи танымына, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды.