Аймақтар • 19 Қараша, 2020

Батыс Қазақстанда аққуларды құтқарды

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында қыстап қалып, мұзға қата жаздаған аққулар құтқарылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда аққуларды құтқарды

2020 жылғы 18 қараша күні Жәнібек ауылының солтүстік-батыс жағындағы көл бетінде аққулар қатып қалғаны туралы хабар тарады. Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары Ләззат Айтқалиқызы жергілікті құтқарушыларға хабарласып, жабайы құстарды құтқаруды сұраған.

Жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда аққулар су айдынының әлі қата қоймаған кішкене бөлігінде топталып жүзіп жүрген. Бірақ таңғы аязда көл беті түгел қатып, құстардың бауыры мұзға жабысып қалған. Ауыл тұрғындары Әзихан Зинекешев пен Анатолий Дуюнов аққуларды құтқармақ болып, мұзды ойып, босатқан екен. Бірақ құстар жылы жаққа ұшуға әрекет жасамаған. Ал су бетінде осылай тағы бір күн қалса, байғұс құстардың ажал табатыны анық еді.

Оқиға орнына Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті "Өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары қызметіне" қарасты №21 өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары келді. Жағдайды бағамдаған соң олар арнайы құралдармен жабайы құстарды ұстап, судан алып шықты. Халық құтқарушылар Тұрарбек Өтенғалиев пен Нұрмұхан Ғабденовтің ептілігіне риза болды.

"Қазіргі уақытта құстар Жәнібек ауылы тұрғынының жылы қорасына жеткізіліп, орналастырылды. Оларды көктемге, күн жылығанға дейін ұстай тұратын орын мәселесін ойластырып жатырмыз", деп хабарлады Батыс Қазақстан Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.