Бағдарламалар • 19 Қараша, 2020

"Junior Eurovision" халықаралық ән байқауынa 10 күн қалды

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясына байланысты онлайн-форматта өтетін 18-ші "Junior Eurovision" халықаралық ән байқауының гранд-финалына 10 күн қалды. Биылғы жылы байқауда әлемнің 12 елінен 9-14 жас аралығындағы жас вокалистер бақ сынайтын болады. Финалдық шоуды 29 қараша күні сағат 22.00-де "Хабар" арнасы тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz

"Junior Eurovision" халықаралық ән байқауынa 10 күн қалды

Биыл сайыста Қазақстанның намысын Алматы облысы, Рысқұлов ауылынан келген 12 жасар Қарақат Башанова қорғайды. Ол қыркүйек айында өткен Ұлттық іріктеу кезеңінде қазылар алқасының бағалау қорытындысы және телекөрермендердің SMS-дауыс беру нәтижелері бойынша жеңіске жетті.

Қарақат ән айтуды 5 жасынан бастаған, 9 жасынан вокалмен кәсіби түрде шұғылданады. Бүгінгі таңда Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқиды. Ол көптеген республикалық балалар байқауының жеңімпазы атанған, скрипка мен пианино аспаптарында ойнайды.

Junior Eurovision сайысының гранд-финалында жас әнші бес жыл бұрын бақилық болған әкесіне арнайы шығарылған  "Forever" әнін орындайды. Композицияны Ержан Максимнің "Арманыңнан қалма" атты әнінің авторы, атақты сазгер Хамит Шанғалиев жазды. Ал, әннің бейнебаянының авторы атақты қазақстандық сценарист және режиссер Мәлік Зеңгер.

2020 жылғы Junior Eurovision сайысына Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия елдерінің әншілері қатысады. 

18-ші «Junior Eurovision» ән байқауының жеңімпазы қазылар алқасының дауыс беруі және онлайн-дауыс беру арқылы анықталады. Дауыс беру жүйесі қалыптасқан дәстүр бойынша: 50% қазылар алқасының шешімі және 50% онлайн дауыс беру арқылы жүзеге асады. Дауыс беру тегін негізде 2 кезеңнен тұрады.

Дауыс берудің бірінші кезеңі 28 қарашада сағат 01:00-де ашылады және 29 қарашада конкурс финалының тікелей көрсетілімі басталғанға дейін жалғасады.

Дауыс берудің екінші кезеңі барлық қатысушылардың қойылымынан кейін басталып, 15 минутқа созылады.

      Көрермендердің дауыс беруі үшін келесі әрекеттерді орындау қажет:

  1. junioreurovision.tv немесе www.jesc.tv сайтына кіру;
  2. Байқаудың барлық қатысушыларының композицияларымен қысқаша бейнероликті қарап шығу;
  3. Бейнероликті көргеннен кейін дауыс беру терезесі ашылады. Сіздің пікіріңізше ең үздік болған үш қатысушыны таңдау;
  4. Парақшаның соңындағы "Менің дауыстарымды қабылдау" немесе "Submit my votes" белгішесін басу.

Қазақстан алғаш рет "Балалар Евровидениесі" атты танымал ән байқауына қатысуға жолдаманы 2018 жылы алғанын еске сала кетейік. Халықаралық байқаудағы Қазақстанның дебюті алтыншы орынға ие болған жас әнші Данэлия Төлешованың "Өзіңе сен" әнінен бастау алды. 2019 жылы Ержан Максим "Арманыңнан қалма" әнімен екінші орынды (қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші) иеленді. Қазақстанның бұл халықаралық байқауға үшінші рет қатысуы "Хабар" Агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болуының  арқасында мүмкін болды.