Руханият • 20 Қараша, 2020

Табынамын жүрегіне қазақтың...

1308 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ғасырлар бойы халқымызбен біте қайнап, бірге жасасып келе жатқан өнердің көне түрі – айтыс. Оның ауқымы кең, мән-мағынасы тереңде жатыр. Ру мен рудың арасын ғана емес, тіпті бүкіл ел мен елдің арасын татуластыра алатын, тіпті жаулас­тырам десе, жауластырып жіберетіндей тегеурінді, ықпалы зор өнер. Айтыс өнерінің құдыреттілігі де, өміршеңдігі де сонда.

Табынамын жүрегіне қазақтың...

Қазақ халқының ұлы жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің көрегендікпен айтқан мынадай сөзі бар: «...айтыс, жы­рау өнері қазақтың барлық жерінде болған. Бірақ ол тарихи жайларға байланысты бір жерде бәсеңсіп, енді бір жерде өсіп-дамып отырады». Ұлы қаламгердің меңзеп отырған уақыты XVIII-XX ғасыр аралығы болса, сол кездегі айтыс өнерінің жерұйығына айналған ендігі мекені Жетісу еді. Нақтылай айтсақ сонау Тарбағатай, Ал­тынемел, Балқаш төрінен бас­тау алып, ағыны қатты буыр­қанған жеті өзенді көктей өтіп, қырғыздың күнгей-теріскей Ала­тауына дейін  созылып жатқан, көркіне көз тоймайтын кең-бай­тақ, киелі аймақтың «Жер жән­наты – Жетісу!» деп аталуы бе­кер болмаса керек. Қабан жырау атанған Қабылиса Асанұлы, төк­­пе жырдың сүлейі Сүйінбай Арон­ұлы, он алты жасында қа­һар­­лы Тезек төренің алдына тай­­салмай барып жыр төккен ақын Бақтыбай Жолбарысұлы сияқ­ты қазақтың біртуар ақын-жырауларын дүниеге әкелген қасиетті өлке.

Қазақ халқының Сүйінбайға дейінгі айтыс өнерінде  өлең-жыр­ды ағыл-тегіл төгілтіп, құ­йындай үйіретін ақын болма­ған. Сондықтан да жұрт ақынның туған жерін атай отырып: «Қызыл соқ. Сүйінбайдай ақын жоқ. Ақындық Сүйекеңнің сүйегіне сіңген өнер» деп мақтан етеді. Таңды таңға ұластырып жыр төгетін ақындар легі мұнымен аяқталмайды. Ол ендігі жерде Шөже, Түбек, Майкөт, Қар­қабат, Сарбас, Кемпірбай, Әсет, Шашубай болып жалғаса береді. Осындай қоңыраулатқан ұлы көштің соңын ала  жыр алыбы Жамбыл бастаған ақын­дар­дың жаңа легі келді. Сүйін­байдан бата алып, оның төкпе жырын бойына сіңіріп өскен Жам­был­дың: «менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деуі осының айғағы болса керек.
Сүйін­бай, Жамбыл сияқты өнер дүлдүлдерін дүниеге әкелген елді мекен де тап сол Алатаудың етегінде орналасқан. Кезінде ақын-жыраулардың алтын ордасына айналған, ғажап ертегідей көрікті, суреттеуге тіл жетпейтін өте сұлу аймақ. Қырғыз-қазақтың небір өнер саңлақтары ат шалдырып, айлап жатып, өлең-жырды селдеткен жер бұл. Сондай бір тұста Жәкеңнің аулына қонақ боп келген «құлан аяң Құлмембет» ақын, қобызын зарлатып зікір салған бақсыларды, домбырасын сабалаған ақындарды көріп таң-тамаша қалыпты:

«Екейде елу бақсы,

сексен ақын,

Жаратып мінеді екен,

ерттеп атын.

Қобызы, домбырасы

үнін қосып,

Гулейді жын қаққандай кешке жақын» дейтін сол кезде айтыл­ған өлең жолдары аңыздай болып біз­ге жетіп отыр.

Айтыс өнерінің көрігін ер адам­дармен бірдей қыздырып, артына өлместей етіп өлең-жыр­ларын қалдырған қазақ қыз­дары да аз емес. Басқаларды айт­­­пағанда, тап осы Жетісу өңі­­рінде дүниеге келіп, алмас қы­лыш­тай жарқыраған ақын қыз­дардың өзі бір төбе. Ұлбике, Нұрилә, Әлмен, Айкүміс, Лә­типа, Жаңылдық есімді қазақ қыз­дары соның «үркердей» ғана бір шоғыры. Олар да сол ұлы көштің жаңғырығындай, жалғасындай болып көрінеді. Әңгіме басын көнеден бастап отыруымның себебі де осында. Бәрінен де уақыт талабына орай сәл көмескіленіп қалғаны болмаса, ғасырларды ысырып тастап, сүрінбей келе жатқан айтыс өнерінің  үзілмей, жойылып кетпей әлі жалғасын тауып келе жатқаны көңілге медет, кеудеге қуаныш толтырады. Ендігі әңгіме қазақтың суырып салма ақын қыздарының бірі әрі бірегейі бүгінде 80 жастың сеңгіріне шы­ғып отырған Надежда Луш­ни­кова жайлы болмақ.

«Қырандар аспанда емес, жерде өседі» демекші Жамбыл атасының қолынан дәм татып, батасын алған бүлдіршіндей қыз бала өсе келе сол ауылға к­е­лін боламын, ұлы жыраудың жолын қуып айтыскер ақын боламын деп әсте ойламаған шы­ғар. Алатаудың жанға жайлы, көз тартатын көркем табиғаты, Сүйінбай, Жамбыл іспеттес дүл­дүл ақындардың рухы сіңген киелі топырағы қаршадай қыз­дың көңілін толқытып, жүрегіне шырақ жаққаны айтпаса да белгілі жай. Иә, 18 жасар бойжеткеннің тырнақалды өлеңдерін оқып,  баталы сөзін айтып, ақжол тілеген қазақтың атақты сатирик ақыны Асқар Тоқмағамбетов бір сөзінде: «Ойпырым-ай, адам деген то­пырағына тартпай қоймайды екен-ау! Сен туған жер төкпе сөздің «тәңірі» атанған Сүйінбай, Жам­был ақындар жыр төгілтіп, думандатып өткен аймақ қой! Сен де сол миуалы дарақтың бір бұтағы, гүлашары бол. Көмейің жыр­ға, көкірегің күмбірлеген күй­ге толсын!» деп ақтілеуін біл­­діріпті. «Қыранды қанат қа­ғысынан, тұлпарды аяқ алысынан» танып білетін халықпыз ғой. Қаршадайынан қазақ ортасында, қазақы тәлім-тәрбие алған, әнге, өлең-жырға сусындап өскен орыс қызының ендігі тағдыры айтыс өнеріне байланысты болғаны табиғи нәрсе. Өйткені «текті адам­ның тұқымы тегіне тартпай қой­­майды» дегенді бабаларымыз әл­деқашан айтып кеткен.

Менің қолымда Надежда апай­дың өзі сыйлаған «Қазақтың бір қызымын» атты өлеңдер жинағы бар. Сондағы қысқаша деректерге қарағанда ақынның арғы ата-бабалары сауда-саттықпен айналысып, жер таныған, сауатты адамдар болса керек. Түп атасы Фрол Михайлович Лушников Сібірдің Кяхта, Даурия өлкесінде ірі-ірі өнеркәсіптер ашып, 3-гильдия деп аталатын саудагерлер мен қолөнер шеберлерінің одағын құрысқан адам екен. Сол кездері айдауда жүрген орыс­тың көрнекті декабрист-жазушысы Михаил Бестужевпен дос­тық қарым-қатынаста бол­ғаны айтылады. 1860-жылдары Фрол бабасының үрім-бұтағы тыңнан түрен салғандай сол кез­дегі Верный (қазіргі Алматы) қаласына келіп саудасын жал­ғастырыпты. Шай фабрикасын,­ басқа да сауда орындарын ашып қаланың өркендеуіне атсалысқан адамдар екен. Лушниковтар әуле­ті жөнінде Алматы облы­сы­­­ның 60-жылдық мерейтойы­на орай шығарған «Жетісу: жа­­сам­паз­дық кезеңдер» атты есте­лік­ кітапта кеңірек сөз болады.­ Ақын­ның өз әкесі Андрей Екін­ші дүниежүзілік соғыстан орал­ған жоқ. Атасы Герасим болса «ағаштан түйін түйетін» на­ғыз қас шебер еді дейді. Жал­ғыз­ ұлы­нан айы­рыл­ған соң тез шөгіп, қартайып кетті. Бар ермегі ай са­йын арбамен Ал­ма­тыға барып қап-қап кітап алып келетін, деп еске ала­ды. Осындай асыл тұғырдан та­ра­ған Лушниковтардың бір «тар­мағы» шетелдерге де жетіп, із қал­дырған сияқты. Олардың көбісі қылқалам шеберлері (су­рет­шілер) болыпты. Түбін қуып, зерттеп-зерделейтін адам бол­са мұның өзі қаншама ғылыми ең­бек­ке арқау болар еді. «Арқалы айтыскер ақын», «кім болса да тайсалмай додағы түсетін қай­сар қыз», «шашасына шаң жұқ­тырмайтын текті келін» деп жұрт таныған Надежда апайдың өмі­ріндегі бізге беймәлім бір парасы осындай ойға жетелейді.

Ақыннан ақынның айырмасы көп. Бірі табаны қызған сәйгүлік сияқты ылди-өрге бірдей шабатын арқалы ақындар. Енді бірі табиғаттың өзіндей жаны сұлу, ерекше жаратылған дарынды ақындар. Ештеңеден жасқанбай, табан асты сөз табатын суырып салма, ойы ұшқыр ақындар. Осылардың бәріне тән ортақ қасиет елдің тарихын, өткені мен бүгінін бүге-шігесіне дейін білетін сұңғыла, шежіре шешен болып келетіні. «Бірден сен бола алмайсың жақсы адам» дейтіндей осы қасиеттердің бәрі ақынның бойына шым-шым­дап сіңеді. Ақынды баптау –жүй­рікті баптаумен бірдей. Сү­йін­бай, Жамбыл, Шашубай, Сарбас, Үмбетәлі, Кенен сынды дүлдүлдердің сүбелі сөздерін, ақындық шеберліктерін зерделеп, көңілге түйіп өскен Надежда Лушникованың бойынан осы қасиеттердің бәрін де көріп, та­нуға болады.

Сонау 60-70-жылдары әде­биет­шілер арасында «өлеңді ауызекі айтатын және жазбаша ақындар» дейтін көзқарас қалып­тасып, сол үрдіс осы күнге дейін сақталып келе жатқаны жасырын емес. Айтыс ақындарына атүсті, шекеден қарап, олардың өнеріне аса мән бермейтін жайлар да бар. Суырып салма ақындарға тән қасиет, олардың бәрі де дом­быраға сүйеніп, белгілі бір мақамға салып айтатыны рас. Топан судай төпелеп көмейге құйылып жатқан ағын сөздерді мақам әнге қосып айтқан кезде, ұйқастағы кейбір «кедір-бұдырлардың» байқалмай қала­тыны заңды нәрсе. Мұның өзі айтыс ақындарының бәріне тән ерекшелік. Соны желеу етіп, ақынның табиғатына, жан дүние­сіне терең үңілмей те­ріс қабақ танытып жататыны­мыз үлкен әбес­тік. Атақты ғалым, әдебиет зерттеуші Р.Бердібаев өзінің «Кенен ақынның өлеңдері» деген мақаласында: «Сол қарапайым қара өлеңдердің, еуропа поэ­зия­сымен таныс оқушыға жат көрі­нетін  кейбір «сүрленбеген» өлеңдердің ішінде табиғаттың өзіндей сұлулық, кіршіксіз се­зім, қалтқысыз жан сыры жата­тындығын ұмытпауымыз керек...» деп ескерткен екен. («Әде­биет және исскуства» журналы, 1956 ж. № 4.).  Айтыскер ақын­дар жайлы сөз еткенде осы көз­қарасты берік ұстанғанымыз жөн шығар. Қазақтың біртуар ұлы, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза төкпе ақындар туралы былай депті: «Бұл әлгіндей күн-түн отырып, миыңды қазып, қаламмен жазып отыратын дүние емес. Төтеннен келетін өнер. Түйдек-түйдек сөзді ақынның аузына Алланың өзі салады». Солай демекші:

«Алатаудың бауырында,

Жырың болып ағайын,

Орыс елі – өз жұртым,

Қазағым – туған ағайым» деп жүрекжарды жырларын ар­наған Надежда ақынның бұл иман­дай шындығы. Басынан ақ шәлісін тастамай, ақ домбырасын өміріне серік еткен, қазақша ойлап, қазақша жыр төккен, Жәнібек, Құралай, Қарлығаш, Ләйлә атты ұл-қыздарын өсіріп не­мере сүйіп «Аққу ана» атанып отырған ақын тәтемізге қан­дай мадақ айтсақ та жарасымды. Мұным жай көлгірсу емес, өмір шындығы, көзбен көріп отыр­ған ақиқат. Тіпті таңды таң­ға ұластыратындай айтыс­тарын, арнау өлеңдерін былай қой­ғанда, «Тұңғыш сөзім» деген тырнақалды өлеңінен бергі жазған дүниелері қаншама. Онысы әр жылдары баспадан кітап болып шығып жатты. 1970 жылы жарық көрген «Көңіл қошы» деген поэмалар мен өлеңдер жи­нағы үшін Қазақстан комсомол жастары одағының лауреаты атанды. Сол жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүше болды. Суырып салма ақынның бүкіл өмір жолын, шығармашылығын бір газеттік мақалаға сыйғызу мүм­кін емес. Алайда ақынның қалам тартқан тақырыбының өзі-ақ оқырманға талай мәселені жайып салғандай. «Табынамын жүре­гіне қазақтың», «Қарызым ел алдында төленбеген», «Менің пре­зидентім», «Аңырақай, қазақ және мен», «Бірлігі күшті ел азбас», «Жетісу жерім-ай!», «Сүйінбайша сөйлейін», «Жыры­мен, өлеңімен Жәкең нұсқа», «Мұқағали ақын тойында» болып тізіліп-тізбектеліп кете береді.

Ғұмырының 27 жылы мек­тепте қазақ тілінен сабақ беріп өткені, өлең-жыр­дың «қара жорғасы» атанған Үм­бетәлі Кәрібайұлының есімін ұлық­тап,  музейін ашу үшін талай мекеменің табалдырығын тоз­дырып, тыным таппай еңбек еткені жұртқа мәлім. Ұзақ жылдар бойы сол музейдің  дирек­торы болып қызмет істеді. Сүйін­бай, Жамбыл  бастаған Жетісу ақындарының суырып салма өнерін, мақамдарын өскелең ұрпаққа үйрету үшін екі жылдық арнайы айтыс мектебін ашуға күш салды. «Ұстаздық еткен жа­лықпас, үйретуден балаға» демекші талай шәкірттер дайын­дап, айтыс өнеріне баптағаны әлі күнге көптің  аузында жүр. Қанатын қомдаған жас қырандай самғай ұшып ел құлағын елең еткізген арқалы шәкіртінің бірі – марқұм Оразалы Досбосынов еді. Көз тиді ме, ерте кетті.  Бүгінде аты елге танымал ақын-әнші, тер­меші Ақан Әбдуалиев те сол мектепте оқып Надежда апайдан тәлім алған шәкірті. Ақындықпен қоса қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, талай-талай игі істерге мұрындық бола білген айтыскер жанның еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметке ие болып, кеудесіне «Құрмет» ордені тағылды. Үл­кенмен де, кішімен де жарасымды тіл тауып, әзіл-қалжыңы даяр тұратын ақын тәтеміздің өмір­ге деген құштарлығы, қа­зақ әйелдеріне тән сыпайы, кең пейілдігі, жан лирикасы оның кез келген өлеңдерінен аңғары­лып тұрады.

«Жаңбыр жерді қамшылайды,

Көзден жасым тамшылайды.

Мұнар қашан ашылады?

Көңіл қайтсем аршылады...

Сыйынамын, қарыламын,

Жүрек кірден арыламын.

Сен де тындың жаңбырым-ау,

Суарылды жан-гүлім-ау!». «Жан гүлі» атты өлеңі.

Сонау 1936 жылы қазақтың бет­­ке ұстар бүкіл азаматтары 90-ға келген Жамбылды қол­­тық­тап қазақ өнері мен мә­­де­ниетінің онкүндігіне барып қайтқаны тарихтан мәлім. Мәс­кеуден Жә­кең үлкен абыроймен оралды. Сол кездегі Кеңес өкіметінің ең жоғарғы наградасы «Еңбек Қы­зыл Ту» орденін кеудесіне тағып қайтты. Ақын-жазушылар, туған-туыстары қаумалап: «Жәке, дабысың төрткүл дүниеге тарап кетті. Басыңа бақ қонып, қасыңа қыдыр келді деген осы» деп шуласыпты. Сонда, тоқсанның торғынына оранған қарт жырау сақалын сипай отырып: «Мұндай да қызық болады екен-ау! Атаңның көрі, сол бақ-қыдыр дегенің менің жас кезімде қайда жүрді екен?» депті.  Жәкеңнің әзілдеп айтқан бірауыз сөзінде қаншама мән-мағына жатыр. Қазақта не көп, дәріптеу көп. Халық әртісі, халық жазушысы, суретшісі, дәрігері болып кете береді. Дүниеге орыс боп келіп, қазақ болып өту, қазақтың айтыскер ақыны атану – ерекше құбылыс. Қазақтың айтыс өнерінде бұрын-соңды болмаған жай. Надежда тәтеміздің осы еңбегі үшін-ақ әркім иеленіп жүрген «Халық ақыны» деген атақты әлдеқашан беруге болатын еді. Белгісіз себептермен шет қала беріпті. Бұл енді осы салада қызмет етіп жүрген, ел басқарып отырған азаматтарға сын. «Асыл менен жасықты салмағынан тани­сың», «тұсында әділ заман бағаландым, арманда кеткен екен бұрынғы өлең» деп Кенен ақын айтпақшы адамның өнерін, талантын өз уақтысында танып, бағалай білген зор ғанибет, кең парасатты қажет етеді. 

Тағы да сол Кенен атамыз айтатын ой-түйінге жүгінсек айтыс ақындарының өзгелерге ұқсай бермейтін өзіндік ерекшеліктері бар. Тау шыңдары сияқты бірінен- бірі асып-түсіп жатады. Ал олар­дың нарқын біліп тұлпардай жүйрігін, сұңқардай алғырын танып білетін, тиісті бағасын беретін халық. Әсіресе суырып салма ақындардың бойында мынадай қасиеттердің болғаны абзал. Біріншісі – дарындылық. Бұл алланың сыйы, ананың сүтімен берілетін тартуы. Дарынсыз ақын қолтығын жазып, көсіле ша­ба алмайтын шабан ат секілді. Қан­шама жұлқынып, домбыра­сын сабалағанымен, сөзінің берекесі кетіп тез болдырады. Екіншісі – шыдамдылық. Са­бырлы, салмақты, ұстамды бо­лу айтыс ақындарына ауадай қа­жет. Айтыс барысында небір артық сөздер айтылады емес пе? Намысыңа тиетін, жаныңды жара­лайтын, тіпті сүйегіңнен өтетіндей шымшыма сөздерді ес­тисің. Әккі ақындар мұны әдейі жасайды. Қарсыласының ашуға беріліп, сабырынан айрыл­ғанын көздейді. Үшіншісі – пара­саттылық. «Ұялмайтын бетке, тал­майтын жақ береді» деген сөз бар. Алдында отырған ақын­ның жас айырмасына, жы­нысына қарамай шашау сөй­леп, «бәдіктеніп» кететін ақын­дар болады. Ондайлар қар­сыласының жеке басындағы кем-кетікті тергілеп, тіпті ата-тегіне тіл тигізіп, ар-намысын қор­лағандай сөздер айтады. Жұрт мұндайларды  қазымыр, ұсақ-түйектің ақын деп атайды. Ұсақ-түйекті қазбаламай қар­сы отырған ақынның өнерін, аза­маттық келбетін құрмет тұта оты­рып айтысқан ақынның абы­ройы  арта түсетіні ақиқат. Төр­тіншісі – ойдың ұшқырлығы. Қазақ­тың ұлы жазушысы
М.Әуе­зов суырып салма ақын­дар­­дың бойындағы осындай қа­сиетті, «қынаптан суырылған қылыштай жарқ ете қалатын» ерекшелік деп бағалаған. Айтыс үстінде қарсыласының сөзінен кеткен болар-болмас қателікті «қақпанның шаппасындай» сарт еткізе ұстап, өзіне қарсы шебер қолдануы ақын қиялының ұш­қырлығын аңғартады. Та­банас­ты қарсыласының апшысын қуырып, адымын аштырмай қоятын әдіс. Осындай сөзге шалымды, ойы ұшқыр ақындар қатарына Сүйінбай, Жамбыл, Шөже, Қуандықты (қырғыз ақы­ны), кейінгі толқыннан Үм­бетәлі, Кенен, Нартайды, әйел ақын­дардан Әлмен, Ләтипа, Нұри­ләны жатқызуға болады. Бесіншісі – сөз байлығы. Айтыскер ақын үшін баға жетпес қазына – сөз. Сөзге шорқақ ақын шоқалақтаған атпен бірдей. Ол үшін ақынға көп іздену, көп жүру, көп білу қажет. Көнекөз ақындардың өлең-жырларын, айтыстарын, дастандарын оқып, судан балық сүзгендей ең асылдарын жинау керек. Ел тарихы, шежіресі, батырлар жыры әсіресе айтыс ақындары үшін сарқылмас байлық екені дау туғызбайды.

Надежда ақынның өлең-жыр­ларын, айтыстарын, арнауларын мұқият оқысаңыз осындай ойға жетелейді. Соның бәрінде де домбырасын күмбірлетіп жыр төгіп өткен көнекөздердің сарыны, қазақтың таң шолпандай жарқыраған ақын қыздарының дидары елес бергендей болады. Надежда Лушникованы шын мәнінде сол ұлы көштің жалғасы, айтыс өнерінде өзіндік із қалдыр­ған дарынды қыздарының бірі деуге толық негіз бар. Бұл жө­нін­де Надежда Лушниковамен 28 дүркін ай­тысқа  түскен арқалы ақын Ма­нап Көкеновтен артық ешкім келіс­тіріп айта қоймас:

«Өзіңсің бүгін Шолпан,

Сарамыз да,

Бүгінгі Мариясың арамызда.

Сыр менен Жетісудың

 мақтанысың,

Жасырып мұны көптен

қаламыз ба?». 

Біздің де ой қорытып айт­па­ғымыз осы еді. Шағын ма­қа­ламыздың түпкі мақсаты ел­дің құрметіне бөленген, айтыс өнерінің майталманы атан­ған, қастерлі ана, ұстаз, қоғам қайраткері Надежда Лушни­кованың шыққан тегі, өскен ор­тасы жайлы шым-шымдап ес­ке түсіру ғана. Заманның сам­ғай озып жасарғаны сондай 80 жастың өзі серілік құрып, той тойлап, думандатар шаққа айналып кеткендей. Бұған ақынның өмір жолы куә. Сексен жастың сеңгіріне шықса да, өлең-жырды суырып салып, әзіл-қалжыңның көркін қыздырып үнемі сергек жүретін асыл бітімі куә. Үлкен абырой-атаққа ие болып, айтыс өнерінің туын тіктеп осынша жасқа жеткеніне елі куә.

                                        

Бақытжан Кененұлы,

қаламгер, журналист