Кино • 20 Қараша, 2020

Жас дарындарды демейді

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күні кеше Ұлттық киноны қолдау мем­ле­кет­тік орталығы жылды қоры­тын­ды­лап, екін­ші питчинг нәтижесі бойынша кино­өнд­іріске жол тартқан жобалар жайлы хабарлады.

Жас дарындарды демейді

Қазіргі кезде Кино орта­лы­ғы мемлекет тарапынан қар­­жы­­ландыруға ие болған жа­ңа картиналардың режис­се­р­­ле­рі­мен, продюсерлерімен бел­сенді жұмыс істеп жатыр.

Орталық өкілдерінің айтуынша, биыл өздерінің тарапынан толықметрлі дебюттік картиналардың шығарылуына ерекше назар аударылған. Мы­са­лы, 2019 жылы өткен бі­рінші питчингте осы санат­та­ғы жалғыз жоба Айжан Қа­сым­­­бе­кованың «От» фильмі бола­тын. Биыл жарыс қоры­тындысына сәйкес бес бірдей дебюттік фильм қаржы­лан­ды­рыл­мақ. Солайша кино тілін енді мең­ге­ре бастаған режиссерлер үл­кен кино жасаудағы ше­бер­лік­терін көрсетуге мүм­кін­дік алды. Төменде сол фильм­­­дер жа­йында біршама мә­­лі­­мет кел­тір­мекпіз.

Кино орталығы үшін маңыз­ды тақырыптардың бірі – әлеу­меттік маңызы бар фильм­дер. Бұл жолы питчингте осы сала бойынша Алдияр Бай­ра­ки­мовтің бағы жанды. Ол 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Паралимпиада ойын­дарының жеңімпазы Алек­сандр Колядиннің ғұмы­рына негізделген «Пара­лим­пиадашы» фильмінің түсірі­лі­мін бастап кетпек. Көлік апатының салдарынан оң ая­ғы­нан айырылған Александр Пхенчханда өткен жарыста шаң­ғымен секіріп (1,5 км клас­си­калық спринт әдісі), алтын медаль жеңіп алған ерік-жі­гері мықты қазақстандық азамат.

Біраз жылдан бері Арал төңірегінде ізденіп, жоба жасап жүрген документалист Виктор Вильковиский «Теңіздің орал­уы» деректі фильмін түсі­ру­ге кірісіп кетіпті. Оның эко­логия­лық апаттың себептері туралы толық түсінік беретін күрделі ғылыми-көпшілік фильмінің ауқымды бөлігі негізінен «Бар­сакелмес» қорығында түсі­ріл­мек.

Авторлық фильмдерге қа­тыс­­ты айтатын болсақ, жуыр­да ғана «Алаяқтар» сериалын түсіріп біткен Дархан Төле­ге­нов келесі жылдың басында «Ағайындылар» драмасын түсіруді жоспарлап отыр. Сюжеттің басты кейіпкері – балалар үйінен әкесін іздеу үшін кетіп қалған Ақжол есімді жасөспірім. Көршісі Димашпен танысқаннан кейін жас жігіт қарақшылықпен айналысады. Кісі тонап ақша табады. Соңыра туысымен кездескен соң, ол өзінің туған ағасының бар екенін біледі. Ағасын та­уып алған соң, екеуі бірге әкесін іздеуді бастайды…

«Тюльпан» картинасының жарық жұлдызы Асхат Кучин­чи­реков «Бауырына салу» фильмін­де қазақ дәстүрлеріне назар аудармақ. Картинаның басты кейіпкері – Арман есімді бала. Ол әжесі қайтыс болғаннан кейін ата-анасына оралады. Әке-шешесінен он жыл бойы бөлек тұрған баланың олармен қарым-қатынасы күрделі екені түсінікті. Әжесі туралы түпсіз терең естеліктер балаға ата-анасымен жылы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік бермейді. «Бауырына салу» фильмінде әкелер мен балалар мәселесі баланың көзімен сипатталады.

Мәди Балжанов кең аудиторияны бірден баурап алуға шешім қабылдаған жалғыз дебютант сияқты. Жан-Жак Анноның «Амели» картина­сы­нан шабыт алған режиссер «Сүтті қыз» роман­тикалық комедиясын шыға­ру­ды жос­парлау­да. Оқиға бас­қа­лар­дың өмірін тәт­ті етуге тыры­сып жүр­ген жас кондитер Джа­ми­ли­дің айна­ла­сында өрбиді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы осы фильм­дердің тезірек жарыққа шы­ғуына тілектес әрі дарынды жас режиссерлер үшін танымалдылыққа жол ашатын фильмдер болса деп үміттенеді.