28 Қараша, 2013

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы № 929

360 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

2013 жылғы 5 қыркүйек,  Астана, Үкімет Үйі

Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы

«Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі       С.АХМЕТОВ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 5 қыркүйектегі  № 929 қаулысымен бекітілген

Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары

1. Жалпы ережелер
1. Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін белгілейді.
2. Туу туралы куәлік – жеке тұлғаның жеке басын, оның туу фактісінің мемлекеттік тіркелгені туралы куәландыратын құжат.
Туу туралы куәлік мынадай құжаттардың бірін – Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін не шетелдік паспортты алғанға дейін жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат болып табылады.

2. Туу туралы куәлікті ресімдеу және беру тәртібі
3.Туу туралы куәлікті Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органдары (бұдан әрі – тіркеуші органдар) ресімдейді және береді.
4. Тіркеуші органдар жоқ жергілікті жерлерде ауыл (село), кент, ауылдық (селолық) округ әкімі өздерінің аумағында туған балалардың тууын тіркеуге арналған құжаттарды қабылдауды жүргізеді және туу туралы куәлікті ресімдеу, беру және тапсыру үшін оларды тіркеуші органдарға береді.
5. Туу туралы куәлікті ресімдеуді ата-аналарының немесе мүдделі тұлғалардың өтініші негізінде ата-аналарының немесе олардың бірінің тұрғылықты жері бойынша не баланың туған жері бойынша тіркеуші органдар жүзеге асырады.
6. Туу туралы куәлікті ресімдеу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш;
2) ата-аналарының жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
3) 2008 жылға дейінгі неке қиюды тіркеген тұлғалар үшін ата-аналарының неке қию (ерлі-зайыптылық) туралы куәлігінің көшірмесі (болған жағдайда);
4) туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін белгілеу туралы сот шешімінің көшірмесі;
5) ата-аналарының немесе мүдделі тұлғалардың өтініш беру мүмкіндігі болмаған жағдайда өкілдің өкілеттігін растайтын құжат.
Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу жағдайында:
1) ата-аналарының түсініктемесі;
2) туу туралы медициналық куәлік;
3) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тіркеуші органының туу туралы акт жазбасының болмауы туралы хабарламасы;
4) тұрғылықты жері бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтама ұсынылады.
7. Баланың тууын мемлекеттік тiркеуге өтінішті ата-аналары (немесе олардың бiрi) ол туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей береді, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өзге де себептермен өтініш жасауға мүмкiндігі болмаған жағдайда – мүдделi тұлғалар немесе бала туған кезде анасы жатқан медициналық ұйымның әкiмшiлiгi жазбаша нысанда бередi.
8. Егер баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-аналары емес, басқа адамдар өтініш жасаса, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге өкілеттігін растайтын құжатты ұсынады.
9. Бала өлі туған жағдайда, медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы перинаталдық өлім туралы медициналық куәліктің негізінде оның туу фактісі туралы тіркеуге өтінішті босанған сәттен бастап бес тәуліктен кешіктірмей береді.
10. Екі немесе одан да көп баланы мемлекеттік тіркеу кезінде өтініш әрқайсысына қатысты бөлек беріледі.
11. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорған­шы­лық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, бала орналас­тырылған білім беру ұйымы немесе медициналық ұйымы әкімшілігінің өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күнінен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркеледі.
Өтінішке бала тауып алынған кездегі уақыт, орны және мән-жайлар көрсетіле отырып, ішкі істер органы немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған хаттама немесе акті; тауып алынған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат және бала туралы басқа да дербес мәліметтер қоса беріледі.
12. Баланы белгісіз ана қалдырып кеткен жағдайда медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәнің қатысуымен хаттама жасайды. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде хаттамалар тастанды (бас тартылған) баланы тіркеу туралы медициналық ұйымның лауазымды адамының өтінішіне қоса беріледі.
13. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған не ол жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күннен аспаса, жалпы негізде жүргізіледі.
14. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгер берген белгіленген нысандағы туу туралы құжаты болған кезде ата-аналарының немесе өзге де мүдделі тұлғалардың жазбаша өтініші бойынша тіркеуші орган жасаған қорытынды негізінде жүргізіледі.
15. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде не ата-аналарының немесе олардың бірінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі. Баланың тууын ата-аналарының не олардың бірінің тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік тіркеуге алған жағдайда, осы елді мекен баланың туған жері болып көрсетіледі.
16. Экспедицияларда және тіркеуші орган жоқ шалғай жерлерде, сондай-ақ анасының теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе поезда болған уақытында туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу ата-аналарының немесе олар тұрғылықты жеріне қайтып келген соң олардың бірінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.
Мұндай жағдайларда баланың туған жері болып баланың тууын мемлекеттік тіркеу жүргізілетін әкімшілік-аумақтық бірлік көрсетіледі.
17. Бір-бірімен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) әкесі мен анасы туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің өтініші бойынша баланың ата-аналары болып жазылады. Мұндай жазбаға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік негіз болып табылады.
18. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға өз келісімін жазбаша нысанда берген адамдар, осы әдістерді қолдану нәтижесінде өздерінде бала туылған жағдайда туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Суррогат ана болу шартына сәйкес бала туылған жағдайда, ерлі-зайыптылар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
19. Бала тууды тіркеу кезінде, егер ата-аналарының арасында неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны сот жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда, бірақ неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күннен аспаса, анасы туралы мәліметтер туу туралы медициналық куәліктің немесе туу фактісін белгілеу туралы сот шешімінің көшірмесі негізінде, баланың әкесі туралы мәліметтер неке қию (ерлі-зайыпты болу) немесе оны бұзу туралы куәліктің, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде енгізіледі.
20. Егер бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған күннен бастап екі жүз сексен күн өткеннен кейін туса, бұрынғы жұбайы әке болуды анықтау туралы актілік жазбаның негізінде ғана баланың әкесі болып жазылуы мүмкін.
21. Босанған әйелдің жұбайы болып табылмайтын адам жазбаша мойындаған жағдайда және оның күйеуінің жазбаша келісімі болған кезде әке болуды анықтауды тіркеу және тууды тіркеу кезінде баланың әкесі болып осы адам жазылады.
22. Егер баланың ата-аналары өзара некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) жағдайда, анасы туралы мәліметтер туу туралы медициналық куәліктің немесе туу фактісін белгілеу туралы сот шешімінің көшірмесі негізінде енгізіледі.
Мұндай жағдайда әкесі туралы мәліметтер:
1) егер баланың тууын мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде әке болу белгіленетін және тіркелетін жағдайда, әке болуды белгілеу туралы актілік жазбаның негізінде;
2) егер әкесі анықталмаса, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының өтініші бойынша.
Баланың әкесі туралы мәліметтер анасының тілегі бойынша туу туралы актінің жазбасына енгізілмеуі мүмкін;
3) өзін баланың әкесімін деп мойындаған адамның өтініші бойынша, оған баланың анасының келісімі болған кезде енгізіледі.
23. Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-аналарының қай ұлтқа жататынын көрсетуге ниет білдірсе, онда баланың туу туралы актінің жазбасында ата-аналарының – Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдік болып табылатын ата-анасының қай ұлтқа жататыны туралы мәліметтер оның шетелдік паспортына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдіктің шетелдік паспортында ұлты туралы мәліметтер болмаған кезде, соңғысы өзі азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжатқа сәйкес айқындалуы мүмкін.
24. Баланы тууды мемлекеттік тіркеуге түскен құжаттарды тексергеннен кейін баланың тууын тіркеу туралы мәліметтер «Азаматтық хал актілерін жазу» ақпараттық жүйесіне (одан әрі – АХАЖ АЖ) енгізіледі.
25. АХАЖ АЖ-да баланың тууы мемлекеттік тіркелгеннен кейін актілік жазба екі данада басып шығарылады және туу туралы куәлік қалыптастырылады. Туу туралы актілік жазбаның негізінде туу туралы куәлік ресімделеді.
26. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде туған баланы мемлекеттік тіркеуден кейін Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің өкілі туу туралы куәлікті ресімдейді.
27. Туу туралы куәлік қазақ және орыс тілдерінде толтырылады.
28. Баланың ата-аналары туралы мәліметтер олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес толтырылады.
Мемлекеттік тіркеу сәтінде дәлелді себеп бойынша ата-аналарының жеке басын куәландыратын құжат­тары болмаған жағдайда, ата-анасы туралы мәліметтер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куә­лікке не осы тіркеуші органдағы неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы актілік жазбаға сәйкес толтырылады.
29. Туу туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол болған жағдайда), туған күні мен жерін;
2) актілік жазбаның жасалған күні мен нөмірін;
3) жеке сәйкестендіру нөмірін;
4) ата-аналарының тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (егер олар болған жағдайда), егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ұлтын;
5) ата-аналарының азаматтығын;
6) мемлекеттік тіркеу орнын (тіркеуші органның атауын);
7) туу туралы куәліктің берілген күнін қамтиды.
30. Туу туралы куәліктің нысаны «Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу актісі кітаптарының нысандарын және осы кітаптардағы жазбалардың негізінде берілетін куәліктердің нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 сәуірдегі № 498 қаулысымен бекітілген.
31. Туу туралы куәлікке тіркеуші органның басшысы қол қояды және ол тіркеуші органның елтаңбалы мөрімен бекітіледі.
32. Туу туралы куәлік ресімделген соң жаңа туған баланың ата-аналарына, басқа уәкілетті адамдарға немесе бала тұратын ұйымның өкілдеріне туу туралы куәлік беріледі.
33. Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда туу туралы куәлік әрбір балаға беріледі.
34. Өлі туған балаға туу туралы куәлік берілмейді. Ата-анасының өтініші бойынша өлі туған баланы мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
35. Туу туралы куәліктер осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген қажетті құжаттар тіркеуші органға түскен күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде беріледі.

3. Туу туралы куәліктерді ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібі
36. Бастапқы туу туралы куәлік жоғалған, пайдалануға жарамсыз болған және осы Қағидалардың 29-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетілген деректерді сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайда, сондай-ақ енгізілген өзгерістерге, толықтыруларға және түзетулерге байланысты мұрағат актісі жазбасының негізінде тіркеуші орган өтініш берушілердің тұрғылықты жері бойынша туу туралы қайталама куәлік береді.
37. Туу туралы қайталама куәлік алу үшін оларға қатысты азаматтық хал актілерін тіркеу туралы жазба жасалған тұлғалар немесе олардың уәкілетті өкілдері мынадай құжаттарды:
1) туу туралы қайталама куәлік беру туралы өтінішті;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
3) бюджетке мемлекеттік баж төлегенін растайтын құжатты, мынадай тұлғаларды қоспағанда:
Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жастан мүгедектердің ата-аналарының бірі, қорғаншылар (қамқоршылар), мемлекеттiк ұйымдар – тууы туралы куәлiктердің тiркелгенi және қайталап берілгенi үшін;
 жеке тұлғалар – азаматтық хал актiлерiн тiркеу кезiнде жiберiлген қателерге байланысты туу, қайтыс болу туралы, әке болуды белгілеу, бала асырап алу туралы актiлер жазбалары өзгертілген, толықтырылған, қалпына келтірілген және түзетiлген кезде өздеріне куәлiктер берілгенi үшiн;
жеке тұлғалар – туыстарының қайтыс болуы туралы өздеріне қайталап немесе бұрын берiлген куәлiктер алмастырылып берiлгенi үшiн;
жеке тұлғалар – бала асырап алуға және әке болуды белгілеуге байланысты тууы туралы куәлік қайталап берілгені үшін.
3) тармақшаның екінші абзацында көрсетілген тұлғалар мемлекеттік баж төлеуден босатуға негіз болатын құжатты;
4) өкілдің уәкілеттігін растайтын құжатты ұсынады.
38. Туу туралы қайталама куәлік тіркеуші органға қажетті құжаттар түскен сәттен бастап күнтізбелік бес күн ішінде беріледі.
Бастапқы туу туралы куәлік берілген басқа тіркеуші органға сұраныс жіберілген кезде туу туралы қайталама куәлікті беру мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылады. Өтініш беруші өтінішті қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы екі жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.     
39. Туу туралы қайталама куәлік актілік жазбалармен дәлме-дәл сәйкестендіріліп жазылады. Жергілікті жерлердің атауы сол кезде болған әкімшілік-аумақтық бөлініске дәлме-дәл сәйкестендіріліп көрсетіледі, ал мемлекеттік тіркеу орны – сол кезде болған әкімшілік бөлініс бойынша осы жерде қызмет көрсеткен тіркеуші орган көрсетіледі.
Қайталап берілетін туу туралы куәліктердің бірінші бетінің жоғарғы жағында «Қайталап» деп көрсетіледі.
40. Он алты жасқа дейінгі балалардың туу туралы қайталама куәліктері ата-аналарына, қорғаншыларына, бала асырап алушыларға, қамқоршыларына және балаларды тәрбиелеп отырған балалар мекемелерінің әкімшіліктеріне беріледі.
Он алты жастан асқан, бiрақ он сегіз жасқа толмаған және жеке басын куәландыратын құжат алмаған балаларға ата-аналарының бiреуiнiң не қорғаншысының, бала асырап алушының қатысуымен олар жеке басын куәландыратын құжатты ұсынған кезде қайталама куәлiктер берiледi.
41. Өздеріне қатысты ата-аналық құқықтарынан айрылған ата-аналарға, оны қалпына келтіргенге дейін балалардың тууы туралы қайталама куәліктері берілмейді.
42. Ата-аналық құқықтарынан айырылу фактісін тіркеуші орган мұрағатта сақтауда тұрған туу туралы актісінің жазбасын тексеру жолымен жүргізеді.
43. Туу туралы қайталама куәлік берілген жағдайда алдында берілген куәлік жарамсыз болып табылады, ол туралы жеке тұлғалар туралы деректер базасында белгі соғылады.
44. Туу туралы куәлік пайдалануға жарамсыз болған және осы Қағидалардың 29-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетілген деректерді сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайда туу туралы куәлік жарамсыз болып табылады және тіркеуші органға тапсырылуға және ауыстырылуға жатады.
45. Туу туралы куәліктерді жою туралы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес акті жасалады, онда жойылған туу туралы куәліктердің сериясы, нөмірі мен күні және осы куәлікті берген тіркеуші органның атауы көрсетіледі.
46. Туу туралы куәліктерді жою үшін туу туралы куәліктер жойылатын тіркеуші орган басшысының бұйрығына сәйкес комиссия құрылады. Тіркеуші органның қызметкерлері қатарынан құрамында кемінде үш адамы бар комиссия қалыптастырылады.
47. Актіге комиссия мүшелері қол қояды және оны туу туралы куәліктер жойылатын тіркеуші органның басшысы бекітеді.
48. Туу туралы куәлікті алып қоюды алдын ала тергеу, анықтау органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу және азаматтықты жоғалтуды ресімдеу барысында лауазымды адамдар жүзеге асырады.

Туу туралы куәлікті беру, ресімдеу, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларына қосымша

Нысан
«Бекітемін»
_____________________
Тіркеуші органның басшысы
____________________Т.А.Ә.
2013 ж. «____»____________
Туу туралы куәліктерді жою актісі

Мынадай құрамдағы біз, төменде қол қоюшылар:
1. _____________________________
(лауазымы) Т.А.Ә.
2. _____________________________
(лауазымы) Т.А.Ә.
3. ______________________
(лауазымы) Т.А.Ә.
№__ туу туралы куәліктердің жойылғаны туралы осы актіні жасадық.
Қосымша: жойылған туу туралы куәліктердің көшірмелері.
__________________
қолы, Т.А.Ә.
__________________
қолы, Т.А.Ә.
__________________
қолы, Т.А.Ә.
Орын.: Тегі, аты, әкесінің аты

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Айрықша аквамәдениет

Шаруашылық • Бүгін, 08:45

Азаматтық ұстаным

Саясат • Бүгін, 08:43

Ел өркендеуінің жаңа бағдары

Саясат • Бүгін, 08:38

Жұмысшы құқы неге бұзылады?

Құқық • Бүгін, 08:30

Тарихи таңдау

Пікір • Бүгін, 08:28