Қоғам • 20 Қараша, 2020

Сенаторлар шекара маңындағы өңірлердегі мал ұрлығы мәселелерін талқылады

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіндегі Владимир Волковтың төрағалық етуімен болған отырыста еліміздің шекаралас аймақтарында мал ұрлығының алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар шекара маңындағы өңірлердегі мал ұрлығы мәселелерін талқылады

«Бас прокуратураның мәліметінше, осы жылдың 10 айында мал ұрлығынан келген шығын 1 млрд теңгеден асты. Сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленушілерге тек 17% өтелді. Көрші елдерге малды табынымен айдап әкеткен шекаралас облыстарда жағдай ауыр күйінде қалып отыр», - деді сенатор Владимир Волков.

Отырысқа қатысушы ішкі істер, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Бас прокуратураның, Қазақстан фермерлер қауымдастығының және шекара маңындағы өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының өкілдері мал ұрлығының алдын алуда бірқатар проблемалардың бар екенін атап өтіп, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Отырыс барысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Оған «мал ұрлығы» атты жаңа бап енгізіліп, 8 млн теңгеге дейін айыппұл салу немесе мүлкін тәркілеу және 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Алайда мұндай істердің ашылуы өте төмен деңгейде және қылмыстардың 41%-ын құрайды. Ашылмаған қылмыстардың негізгі бөлігі әлеуметтік қауіп төндіретін қылмыстың ұйымдасқан түріне жатады.

«Полиция қызметкерлерінің малдың еркін жайылуы үшін иесінің қараусыз қалдырғанына сілтеме жасай отырып мал ұрлығы туралы арыздарды тіркеуден бас тартып отыр, сөйтіп, қылмысты жасырудың теріс тәжірибесі жалғасып келеді», - деп атап өтті сенатор.

Нұрлан Бекназаров сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ауылдық жерлерде мал жаю мәселелері тиісті түрде шешілмегенін атап өтті. Сөйтіп, мал иесі өз малының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиісті әрекет ете алмайды.

Комитет төрағасы Владимир Волков отырысты қорытындылай келіп, мал ұрлығына қарсы іс-қимыл тек полицияның ғана емес, мемлекеттік органдардың, қоғамның және фермерлердің бірлескен жұмысын талап ететін маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. Дер кезінде әрекет ету керек екені айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленді және ол Үкімет пен мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.