Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Үкімет осы сегментті дамытуға мүдделі
Қаржы секторы мен цифрлы технологиялар интеграциясы IT инфрақұрылымды және цифрлы шешімдерді пайдалану мүмкіндігімен тығыз байланысты. Әлемдік қаржы технологиясының инновациялық тұрғыдан жаңғыруы ғарыштық жылдамдықпен жүріп, интернетте толыққанды өкілдіктерін ашып, интернет-банкингті іске қосуда. Сарапшылар, тіпті алдағы бірер жылда интернет-банкингтердің өзі IT-компанияларға айналуы мүмкін екенін батыл болжай бастады. Кейінгі деректер бойынша мобильді банкинг бүкіл клиенттер базасының шамамен 90 пайызына қызмет етеді. Бұл жүйелерде шамамен 10 миллион пайдаланушы тіркелген. Олардың 30 пайызы операцияларды тұрақты түрде жүргізеді екен. Сарапшылар да Қазақстан банктерінің электронды сауда нарығындағы мүмкіндігі жоғары екенін айтады.
Бүгінгі таңда банктер арасындағы күрес клиент емес, тиімді технология үшін таласқа айналып, технологиялық көшбасшылыққа ұмтылу басталды. Басқаша айтқанда, дәстүрлі банктік қызмет түрінен смартфондар негізінде клиенттерге қашықтан қызмет көрсетіп, ақы төлеу мәдениеті мен әдетін өзгертіп жатыр.
Жуырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бірігіп өткізген жиында классикалық банкинг қызметі ішкі нарық үшін тиімді болмай қалғаны ашық айтылды. Жаңа тұжырым қаржы нарығындағы ынтымақтастықты арттырады, нарықта жаңа өнімдерді шығаруды, fintech құзыреттерінің қолжетімділігін арттырады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ұсынған деректерге сенсек, дәстүрлі бизнес модельдері бар қаржы ұйымдарының кірісі финтех компаниялар мен ірі технологиялық компаниялар сияқты нарықтың жаңа ойыншыларымен салыстырғанда 30 пайызға дейін төмендеп кеткен. Сондай-ақ М.Әбілқасымова биылғы желтоқсаннан бастап Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы аясында шетелдік банктер мен сақтандыру ұйымдары елде өз филиалдарын ашуға құқылы болатынын еске салды. 2025 жылға қарай ЕАЭО елдерінің қатысушылары бір-бірінің нарықтарына кіруін қамтамасыз ететін ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жоспарлануда.
Етек-жеңімізді жиюға – 5 жыл
Осыған байланысты банк секторының дәстүрлі моделі өзгеретіні, енді бұрынғы дәстүрлі жолмен жүре алмайтынымыз белгілі болып қалды. McKinsey & Company сарапшылары қазақстандық нарықта клиенттердің тәжірибесін жақсарту бағытында біраз тірліктердің басы қайырылғанын айтып жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше онлайн-сауда алаңы, транзакциялық банк және несиелік өнімді біріктіретін экожүйелер бар. Тағы бір жаһандық тенденция – клиенттер өнімге жақсы жағдай іздеуді жөн көреді, ал технологиялық жетістік олар үшін бұл процесті жеңілдетеді: клиенттер бір банкте ипотека ала алады, басқа банкте депозиттер сақтай алады, үшінші банкте төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыра алады.
Сарапшылар клиенттердің жеке қажеті үшін қызметтерді үлкен деректерге сүйене отырып пакеттей алатын банктердің артықшылығы бар екенін талайдан бері айтып келеді.
– Экономиканың басым салаларында, ең алдымен агроөнеркәсіптік кешенде, шағын және орта бизнесті шағын несиелендіруде микроқаржыландыруды кеңейту үшін жағдайлар жасалады, – деп атап өтті М.Әбілқасымова.
Қаржы нарығы секторларының – банктік, сақтандыру, бағалы қағаздар нарығының тиімділігі қарапайым цифрлы көрсеткіштермен бағаланып келді. Мысалы, активтердің өсуі мен ІЖӨ-нің өсуіне қатысты. Бұл тәсілдің енді өзгеретінін түсінуіміз керек. Біз өзгерістерді нарықтың көлемін өлшеу үшін қолданылатын координаттар жүйесін де жетілдіруден бастауымыз керек деп отыр қаржы нарығының мамандары.
Кәсіпкерлікті қаржыландырудың мемлекеттік ресурстарға тәуелділігі туралы осыған дейін де жазғанбыз. Енді бұл олқылықтың орны толатын сияқты. Құжаттың жаңа редакциясында экономиканың қаржыландыруындағы банктердің рөлін қалпына келтіру жеке басымдылық ретінде қабылданыпты. Несиелендіруді қамтамасыз ету үшін банктердің андеррайтерлік рәсімдері жетілдірілетін көрінеді. Бұл өзгерістер пруденциалдық реттеу кезінде экономиканы несиелендірудегі кедергілерді жоюдан басталады.
– Экономиканы қаржыландыруды кеңейту мақсатында банктік қаржыландырудың факторинг, лизинг сияқты баламалы құралдарын дамыту үшін нормативтік жағдайлар жасалады. Жеткізілген тауарлар мен қызметтер үшін төлемнің бір бөлігін ала отырып, кәсіпорындар өз қызметінің үздіксіздігін сақтай алады және лизинг ШОБ-тың ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін жеңілдетеді, шығындарды азайтады және ұзақ уақыт бойы қымбат инвестициялардың қаржылық ауыртпалығын бөледі, – деп атап өтті М.Әбілқасымова.
Сонымен агенттік төрағасы айтып өткендей, кәсіпорындардың ашықтығын арттыру бойынша жұмыс жалғаса береді.
– Ашықтыққа қойылатын талаптардың жоғарылауы несие берушілер мен инвесторлардың ұйым қызметі туралы хабардарлығын арттырады. Осы мақсаттар үшін корпоративті басқарудың және ақпараттың ашылуының минималды стандарттары кәсіпорын басшылығы мен акционерлерінің жауапкершілігін арттыра отырып белгіленеді, – дейді ол.
Қашықтан жұмыс жүйесі мен басқа да цифрлы мүмкіндіктер туралы бұрын да талай айтылған болатын. Енді жаңа редакцияда жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу басымдықтардың біріне айналды. Қаржыгер Әнуар Үшбаев банктердің барлығы бірдей клиенттеріне онлайн-банкинг және қашықтан қызмет көрсетуді ұсына алмай отырғаны инфрақұрылымдық қиындықтарға байланысты екенін айтады. Бірақ соған қарамастан, аз ғана уақыт ішінде танымал болған банкинг жобалар бар. Мұндай жобалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақстанда Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілерінің қолданушылары өте көп. Осыған дейін онлайн-сауда желілері ұсынған сауда ассортименті жоғары сапасымен ерекшелене алмады. Қазір Facebook Моnstr Masterclass жобасы арқылы әлемдегі атақты компаниялардың өнімдерін саудаға шығару мүмкіндігі бар. Оларға әлемнің кез келген қаласынан онлайн логистикалық нүкте ашу да, интернет банкинг ашу да қиын емес.
– Әлемде IT қызмет көрсететін компаниялар мен банктер арасындағы қаржылық қызмет саласындағы бәсекелестік тақырыбы өте өткір болып саналды. Қазақстан бұл факторды тек «сынап көру» деңгейінде қарастырып келді. Себебі Қазақстан нарығында бұл сегментте банктерден өзге ойыншылар жоқ. Қолданыста жүрген заңдар дәстүрлі қаржы институттарына ғана басымдық береді. Ресейде банктерден басқа электронды ақшаны банктік шот ашпай-ақ электронды ақша мен ақша аударымдарының операторы ретінде жұмыс істеуге лицензиясы бар несиелік мекемелер бере алады. Демек, шешім қабылдауды тездетпесек, олар дәстүрлі банктерді ығыстырып шығуы әбден мүмкін, – дейді Ә.Үшбаев.
Басқалар ұйықтап жатқан жоқ
Әлемдік IT компаниялардың қосымша табыс көзін іздеу үшін төлемдер нарығына назар аударғанына талай уақыт болды. 2011 жылы Google Wallet қызметі іске қосылды, Apple Apple Pay-ды ұсынды, eBay 2002 жылы сатып алған PayPal электронды төлем платформасын іске қосты. Ресейлік «Сбербанктің» басшысы Герман Греф осыдан бірнеше жыл бұрын акционерлердің жылдық жиналысында сөйлеген кезде басты бәсекелестер ретінде басқа банктік құрылымдарды емес, Интернет-ресурстарды атаған болатын.
– Қазақстаннан тысқары жерлерде Facebook, Google, Apple IT-шешімдерді қолданып, қаржы қызметтері нарығына шығып, дәстүрлі банктердің бәсекелестеріне айналады. Бұл процесс дәстүрлі банктердің интернет банкингтерге айналуын тездетеді, – дейді Ә.Үшбаев.
М.Әбілқасымова айтқандай, жаңа редакциядағы екі негізгі бастама –деректерді бақылау (SupTech) және цифрлық сәйкестік (RegTech). Бұл бағытта бақыланатын субъектілердің реттеушіге есеп беруінің көлемі және тиісті шығындар азаяды.
Сарапшылар алдын ала болжағандай, цифрлы реттеуші ішкі нарықта өзара байланысты жүзеге асыру үшін жұмыс істейді. Бұл фактор төлем инфрақұрылымына және жедел төлем жүйесіне, ашық платформалық технологияларды (Open API және Open Banking) және қаржы нарықтарын енгізуді, қашықтан сәйкестендіруді және алаяқтық пен киберқатерлерге қарсы тетіктерді дамытуды жылдамдатады екен.
Осы жиынға қатысқан Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутова қаржы нарығындағы стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыру үшін болашақ даму тенденциясын анықтайтын бизнес модельдеріндегі өзгерістерге және клиенттердің үміттеріне сүйену қажет деп атап өтті. Экономиканың барлық салаларында, соның ішінде телекоммуникация мен сауданы қоса алғанда, онлайн-қызметтерді барынша ыңғайлы әрі тез ұсыну басты басымдыққа ие болды, клиенттер қаржы секторынан осындай тәсілді күтеді. Әр клиент үшін ескі сегменттелген нарықтық құрылым негізінде жасалмайтын жеке күрделі қаржылық шешімдерді дайындау қажет.
– Қаржы нарығына қатысушылардың трансформациясы нәтижесінде қаржы институттарының іскери моделі мен тәуекел бейіні түбегейлі өзгеруде. Бұл нарықты реттеуде көрініс табуы керек, – деді Е.Бахмутова. Ол сондай-ақ қаржы институттарының жаңа моделіне көшу үшін негізгі кедергілерді жою қажет екенін де айтып өтті. S&P мәліметтері бойынша банктер үшін салалық және елдік тәуекел деңгейіне сәйкес, Қазақстан 10 топта 9-орынға ие.
Агенттік талдаушылары негізгі теріс факторлар ретінде банктік реттеу мен қадағалаудың әлсіздігі, экономикадағы жоғары несиелік тәуекелді айтып отыр. Бұған 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі қалыпқа келтіру кезеңінің тым созылып кетуі себеп болыпты. Одан бөлек сарапшылар бұрынғы кеңес елдері, оның ішінде Қазақстан банктері де 2008 жылдардағы дағдарыстың себеп-салдарын толыққанды зерттемей жатып, 2020 жылғы пандемиялық дағдарыс құрсауында қалғанын айтады. Осыған байланысты сарапшы Ә.Үшбаев қазіргі экономикалық дағдарыстың ықпалы әлі талай уақытқа дейін сезілетінін, Үкімет немесе Президент жанынан экономикалық дағдарыстың себеп-салдарын зерттейтін ресми орталықтың қажет екенін айтқан болатын. Біздің кемшілігіміз – осы күнге дейінгі экономикалық-қаржылық дағдарыстардың сабақтарынан нәтиже шығара алмауымызбен байланысты.
Тұрақты өсімі бар компаниялар көп емес
Отандық банкирлердің іскер клиенттер үшін өзара бәсекелесуі қиынға соғады. Көптеген банк нарықта ұқсас өнімдерді ұсынады, тарифтер бірдей, ал барлық ЕДБ бір мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс істейді. Бірақ несиелік ұйымдардың бір бөлігі клиент үшін күресте өздерінің жеке экожүйелерін – ШОБ үшін қаржылық және қаржылық емес қызметтерін дамыта отырып, цифрлы кеңістікке ауысады. Отандық банктер экожүйелерді бірнеше бағытта құруда: ашық банкинг және маркетинг, сонымен қатар бизнеске қаржылық емес қызметтердің бірқатар түрін ұсынады. Kaspi өзінің сауда платформасын 2014 жылы алғаш рет ұсынып, «банк-дүкен» саласында ең алыс қозғалды. Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің көпшілігі қосымша электронды қызметтерді 2019 жылы ғана белсенді түрде дамыта бастады.
– Қаржы институты, ең алдымен, жасанды интеллекті барынша пайдалануы керек. Бұл шығындарды минимизациялауға, дербестендірілген қызметтер секторын және үлкен деректерді талдауға негізделген өнім желісін кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Е.Бахмутова.
Қауымдастық төрағасы айтқандай, бізге дайын қаржылық өнімдерден тұтынушылардың жеке қалауын қанағаттандыруға және әртүрлі цифрлы арналар арқылы қызметтерді үздіксіз ұсынуға көшу қажет. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, пандемия кезінде ғаламтордағы және мобильді банктік қосымшаларды пайдалану бүкіл әлемде 20%-дан 50%-ға дейін өсті, ал бүкіл әлем бойынша клиенттердің 15%-дан 45%-ға дейін банкке келуді азайтуды жоспарлап отыр.
– Пандемия қаржы секторында қалыптасып келе жатқан тенденциялардың катализаторына айналды, қаржы секторында цифрлану үдей түсті, сондықтан біз осы сәтті өткізіп алмай, әлемдік трендке енуіміз керек. Қаржы нарығының жаңа идеалды модельге қаншалықты жақын екенін бағалау үшін жаңартылған орта мерзімді эталондар қажет,– деген Е.Бахмутова ішкі индикатор қаржы нарығы секторларын реттеу мен қаржы ұйымдарының операциялық тәуелсіздігінен біртіндеп бас тартуға алып келгенін ескертті.
Қаржылық қамтуды қаржылық қызметтерді экономиканың нақты секторына және халықтың өміріне ену арқылы бағалау керек. Цифрлы көрсеткіштер жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санына қарыз алушылардың саны, ашық қаржы нарығына инвестицияларды тарту үлесі, ерікті сақтандыру көлемі болуы мүмкін екенін айтқан ол коммерциялық мекемелер тарапынан да, нарықта үстем жағдайды иемденетін мемлекеттік ұйымдар тарапынан да бәсекелестік байқалса, сапалы өзгерістер болуы мүмкін екенін де жиналғандардың қаперіне салып өтті.
Жоғары технологиялық платформалармен ынтымақтастық сектордың нормативтік арбитраж жағдайында дамуын жеделдететін көрінеді. Инновацияларды енгізу үшін қолайлы жағдай жасау – ішкі қаржы нарығын құрудың қажетті моделі және сонымен бірге біздің қаржылық институттарымыздың әлемдік даму тенденцияларына еніп, жетістіктерге жету мүмкіндігі.
АЛМАТЫ