Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жаңа Халықаралық университетінде оқу үшін 500 грант бөлуге шешім қабылдады. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов cейсенбі күні өткен Үкімет отырысында осылай деп хабарлады.
Жобаның маңыздылығын ескере отырып, Елбасы биылғы жылы осы университетке оқуға түсетін талантты талапкерлерге 500 грант бөлуге шешім қабылдап отыр, деп атап көрсетті Премьер-Министр. Осыған орай Үкімет басшысы Қаржы министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне қажетті ресурсты уақытылы бөлуді қамтамасыз етуді тапсырса, Астана қаласы әкімдігі мен Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне гранттарға ие болған 500 студентке арналған жатақхана мен оқытушылар үшін қажетті тұрғын үйлерді 1 қыркүйекке дейін дайындауды тапсырды.
Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен салынып жатқан Жаңа университет болашақта ұлттық білім беру жүйесі мен әлемдік озық ғылыми-білім беру тәжірибесін біріктірген жаңа күшпен қарулана отырып, заманауи ғылыми, мықты инфрақұрылыммен және ғылыми-инженерлік кадрлармен жұмыс жасайтын болады.
Астана университеті әлемнің үздік 30 жоо-сымен әріптестік қарым-қатынас орнататын болады.
Қазіргі уақытта университеттің бакалавриатына – Foundatіon бірінші курс студенттерін қабылдау жүруде. Оларды 2010 жылдың 1 қыркүйегінде London College Unіversіty-ден келген 50 оқытушы академиялық бағдарламаларға оқытатын болады. Атап айтсақ, университет негізінде бакалавриат бағдарламасымен Инженерлік, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар мектебі, Медицина мектебі ашылатын болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.