Саясат • 24 Қараша, 2020

Кандидаттар тізімі бекітілді

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстан халық партиясының кезектен тыс XVI съезі өтті. Жиын барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының жобасын және Мәжіліске депутаттыққа кандидаттардың тізімін таныстырды.

Кандидаттар тізімі бекітілді

Іс-шара барысында Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстан халық партиясының сайлауалды бағдарламасының жобасы туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан халық партиясы қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісін жалғастыру үшін Парламентке бармақ.

«Біріншіден, білім мен медицинаның қолжетімділігі мен сапасы ескеріліп отыр. Білім алу қолжетімді болуы тиіс. Ол үшін тегін білім алуға көшу керек. Екіншіден, халықтың баспана мәселесін шешуге екпін қойылады. Біз қазақстандықтар үшін жер телімі мәселесін түбегейлі шешеміз. Әр отбасы бас­пана және үй шаруашылығы нысанын салу үшін 20 сотық жер алады. Мемлекет бұл телімдерге қажетті инфрақұрылымды тартады. Үшінші бастама зейнет жасына жеткендерге жағдай жасауға арналған. Осы орайда зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендету ескерілген. Төртінші бастамада жер ресурстарына мемлекеттік меншікті қорғау қамтылған. Бесіншіден, ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», деді И.Смирнова.

Сондай-ақ сайлауалды бағдарламада банктердің есебінен жеке әрі заңды тұлғалар үшін несиелік рақымшылық жүргізу қадамы қарастырылған. Бұдан бөлек, салық саясаты, мемлекеттік шешімдерді жүзеге асырудың тиімділігін бақылау бастамасы қамтылған. Мұнымен қоса сот жүйесіне қатысты ұсыныстар ескеріліп, халықтың рухани мұрасына назар аударылып отыр.

Қазақстан халық партиясының жиын барысында Мәжіліске депутаттыққа кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Бұл туралы партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков баяндама жасады.

«Біз саяси шоу жасаудан аулақ болдық. Бұл тұрғыда кәсіби білікті адамдарды таңдауға, олардың еңбегі мен жетістігіне қарауға мән бердік. Атап айтқанда, депутаттық міндетін адал атқаратындарды, қиындықтарға мойымайтын азаматтарды іріктейміз. Тізімге партия жұмысында өзін кәсіби біліктілігі жағынан көрсете алған адамдар енді.

Біздің партия Мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысады. Қазақстан халқы біздің идеялар мен бастамаларды қолдайды деп үміттенеміз. 125 адам таңдалды, оның ішінде ерлердің үлесі – 89 адам немесе 71,2 пайызы, ал әйелдер – 36 адам немесе 28,8 пайызы. Жастардың үлесі – 7,2 пайыз, яғни 9 адам енді. Нәтижесінде, заңға сәйкес квотаны ескеріп отырмыз. Осылайша, оның мөлшері 36 пайызға жетті. Кандидаттардың орташа жасы – 46-да», деді Ж.Ахметбеков.

Мәжіліске ұсынылған үміткерлер арасында қазір­гі Мәжіліс депутаттары Айқын Қоңыров, Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирнова, Магеррам Магер­ра­мов, бұған қоса, «Кипр» сараптама тобының жетек­шісі Ерлан Смаилов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясатта­ну факультетінің деканы Әлия Масалимова, қара­ған­дылық азаматтық белсенді Василий Климаков бар.