Аймақтар • 24 Қараша, 2020

Жатақханаларды жеке инвесторлар салып жатыр

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгінің өзекті мәселелерінің бірі – жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін тиісті жатақханамен қамту. Бұл мәселе бұдан бірер жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген «Бес әлеуметтік бастаманың» бел ортасынан орын алғаны мәлім. Осы міндетті жүзеге асыру үшін Ақжайық аймағында жатақханалар салуға арналған жобалар жасақталып, оны негізінен жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тұрғызу көзделген.

Жатақханаларды жеке инвесторлар салып жатыр

Бұл бағытта өңірдегі М.Өте­місов атындағы Батыс Қазақ­стан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Аграрлық-техникалық университетінде студенттерді жатақханамен қамту ісі біршама шешімін тапқаны­­мен, облыс орталығындағы кол­ледждерде аталған мәселе әлі де өткір. Сондықтан қазіргі күні мұндағы мүдделі ұйымдар ең бірінші кезекте осы қатарға кіретін болашақ мамандар үшін жатақханалар жобасын жүзеге асыруға басымдық беруде.

Жаңа жатақханалар құрылысы үшін ең қажетті фактордың бірі қаржыландыру екені анық. Оның бәрін бюджет қаражаты есебінен өтеу тиімді бола бермейтіні бе­се­неден белгілі. Бұл үшін жо­ға­рыда айтылғандай, жеке ин­вес­­торлар қаражатын тарту бас­ты ба­сымдыққа ие екенін тағы бір мәрте айта кеткеннің артықтығы жоқ. Бұған қоса жатақханамен қамту ісінде Жайық жағасында өзге де ұтымды тәсілдер мен жолдар жүзеге аса бастаған. Айталық, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Ай­күл Мыңбаеваның айтуынша, Батыс Қазақстан индустриялық колледжі студенттері үшін «Орал трансформатор зауыты» ЖШС салып жатқан 300 орындық жатақ­ханадан орын берілген. Тұтас­тай алғанда, қазіргі кезде Орал өңірінде жеке инвесторлар есе­бінен жалпы саны 1 200 орын­ға арналған төрт жатақхана құры­лысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, биылғы 2020 жылдың қыркүйек айында Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің оқу­шы-студенттері үшін 144 орын­дық жатақхана пайдалануға беріл­ген. Оны «Хайрекешева» жеке кәсіп­орны тұрғызған. Аталған колледжде бұған қоса тағы 300 орындық жатақхана салу жобасы қарастырылуда.

Сондай-ақ Орал политехника колледжі студенттеріне 150 орындық жатақхананы «Бола­шақ» ЖШС тұрғызуда. Аталған құрылысты алдағы 2021 жылдың қыркүйек айына дейін аяқтау белгіленген. Сонымен бірге медицина колледжі үшін алдағы жылдың басында 50 орындық жатақхана құрылысын көтеру жоспарланған. Айта берсе мұн­дай мысалдар жеткілікті.

Ендігі кезекте бүгінгі көтеріліп отырған тақырыпқа орай тағы бір жайтты оқырмандар назары­на сала кеткеннің артықшы­лығы жоқ секілді. Айталық, сонау кеңестік кезеңде студенттер жатақханада жыл бойы тегін тұрып келгені мәлім. Бұл үшін біржолғы жыл­дық төлемнің көлемі кеңестік бес-он сомнан аспағанын білеміз. Қазіргі кезде де студенттер үшін жатақхана­да тегін тұру тәртібі сақталып қала бере ме? Жоқ, олай емес, бүгін­гі нарықтық қарым-қа­ты­нас­тар бұған өз түзетуін ен­гізе бастағаны байқалады. Осы тұр­ғыда Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, жаңа жатақханалар пайдалануға бері­ліп, студенттер мұнда тұра бас­та­ғаннан кейін олар айына 10-12 мың теңге төңірегінде ақы төлеуі мүмкін. Бұл коммуналдық төлем­дердің шығыны болып шығады. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл баға жатақхана тұрғындары үшін өте тиімді деп есептейміз. Айталық, облыс орталығында пәтер жалдап тұратын студенттер оның иелеріне айына кем дегенде 50 мың теңгеден кем төлемейді. Қараңыз, айырмашылық дең­гейі өте жоғары. Әрине, ақылы жатақханада тұру – студенттің өз еркіндегі мәселе. Бұған ешкім араласпайды.

Біздің ойымызша, қала бас­шысы сөзінің қисыны бар секіл­ді. Төмен мөлшерде болса да сту­денттер ақы төлеген соң жа­тақ­хана да бүгінгі заманауи та­лаптарға сәйкес барлық жағы­нан жайлы да сайлы болуы керектігі ешқандай талас ту­ғыз­байды. Бұған қоса жатақ­хана жанынан спорт алаңы мен асхана жасақталса, тіптен құба-құп. Материалымызды түйін­дей келе, жеке кәсіпкерлер мен инвес­­торлар тұрғызған жатақ­хана құры­лысына жұмсал­ған қа­ражаттың басым бөлігі бюд­жет қаражаты есебінен өте­ле­тінін айта кеткенді жөн көре­міз. Сайып келгенде, бұл екі жақ­қа да тиімді екені анық. Әрі мұның өзі мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігінің жарқын мысал­дарының бірі болып қала бермек.

 

 

ОРАЛ