Ауыл • 24 Қараша, 2020

Ауылдың көркі – азаматынан

886 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кір жуып, кіндік кескен ауылының ажарын кіргізіп, босағасына тепкілесе кетпейтін береке бітіріп отырған атпал азаматтарды көргенде алпыс екі тамырыңда бір сезімнің атойлайтыны бар. Кімнің де болса бір бүйірінде туған жері, оның бүгінгі ахуалы, ертеңгі болашағы жүргені жақсы ғой.

Ауылдың көркі – азаматынан

Кейіпкеріміз Бекім Әкімов бар керегі табылатын, жұмысы жүріп, ойға алғаны оңынан оралып, тасы өрге домалап тұрған қалада да жүре берер еді. Тек ара-тұра ат ізін салғанда көретін, көрген сайын көңілі құлазып қалатын ауылының кешегі бейнесі есінен шықпай қойғаны. Күннен-күнге тозып бара жатқандай ма, қалай? Ай аралатып, апта аралатып көзкөрген адамдардың көш жолына түсіп, туған жерінен қимай-қимай аттанып бара жатқаны жүрегіне салмақ түсіретін. Азамат болып туғаны рас болса, ауылдың еңсесін көтеру ләзім. Ал ол шаруаны өзі ішінде болып, басы-қасында жүрмесе, қалай жолға қоймақшы? Қабырғасымен кеңесе келе, ат басын ауылға бұрмақшы болды. 2014 жылы көшіп келді. Бірден Шәкей мен Күншалған ауылдарының ортасындағы жолды жөндеуге кіріскен. Ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген жол әбден сілікпесі шығып, тозып кетіпті. Қазан шұңқырдың ішінде опырылып түскен тағы бір шұңқыр бар. Тіпті қарға адым жер жол жүрудің өзі – қып-қызыл бейнет, беліңді үзердей азап. Ал жол – тіршіліктің күретамыры. Маңайдағы ауылдар да жол азабын көрген соң көше бастаған. Елдің ықылым заманнан бері орнығып отырған құтты қонысынан үдере көшуінің бір себебі де осы жол қатынасына жөнді көңіл бөлінбегендігінен. Өзі бас болып бар техникасын әкеліп, әупірімдеп жөндеп шықты. Ауылдастарының алғысына ие болды. Көкірегіндегі көрікті ойдың көп-көрім жүзеге асқанына өзі де шексіз қуанышты еді. Туған жерінің бір кәдесіне жарады. Одан артық не керек?

– Қайырымдылық – ата-бабамыздан қанымызға сіңген қасиет. Көне тарихтың көмбесін ақтарып қарасаңыз, босағасына ырыс біткен бай-бағланның бәрі төңірегіне қарайласқан екен. Кешегі кеңес заманындағы идеология бай біткенді құбыжық етіп көрсет­ті ғой. Әйтпесе дәулет біткен адамның ет жақын туған-туысы былай тұрсын, ат тұяғы жететін жердегі адамға шарапаты тиме­гені жоқ. Бәлкім біздің ырысымызды сәл молдау қылып берсе, онда ауылдастың да үлесі бар шығар. Егер бір ауылда түтін түте­тіп, бір терінің пұшпағын илескен аға­йын қоңторғай отырса, тамағыңнан ас өте ме? Сондықтан барлық шаруаны жүрек қалауымен, ақ адал пейілімнің мейірмен сабақтасуынан жасап жатырмын, – дейді Бекім.

Қайырымды кәсіпкер көп шаруасын тіп­ті есіне де түсіре алмады. Әуелі ауылдағы көптен тозып, көзге қораш болып тұратын мәдениет үйін жөндеген. Ауыл жастарының туған жерде тұрақтап қалуы үшін рухани қазынаның ошағы қалтқысыз жұмыс істеп тұруы керек. Жастар көшіп кетсе, шоқ жұлдыздай шағын ауылдың болашағы не болмақ? Бекім Серікұлы дәл осылай ойлаған. Ел ішіндегі қолынан іс келетін азаматтарды жинап, 3 млн 700 мың теңгеге құлағалы тұрған мәдениет үйін құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай етіп жөндеп берді. Сол-ақ екен, ауылдағы мәдениет оша­ғының жұмысы жанданып сала берді. Шаруадан қолы босап, көз байланғаннан кейін көңіл көтеретін жер таппай, рухани жүдеп жүрген ауыл жастары мәнді шарасы жиі өткізілетін мәдениет үйінің босағасын босатпайтын болды. Айтпақшы, осы мәдениет үйі 2016 жылы облыстағы өзі тектес мекемелердің арасында бірінші орын алып, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Ауыл мектебі де жүдеу еді. Оған да көмек қолын созды. Әсіресе жаңа оқу жылы қар­саңын­дағы «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, ауылдағы әлеуметтік жағы­нан аз қам­тылған отбасылардың балаларын шырттай жаңа киіндіріп, сөмкелеріне оқу­лық­тарын салып беріп, спорттық киімдерін жаңала­ды. Былтыр Еркіншілік, Олжабай, Тойбай ауылдарына қатынайтын күре жолдарды, ауыл ішіндегі көшелерді қардан тазалады. Ерейментау қаласының он шақты көшесін қасат қардан аршып тұруды мойнына алды. Жаман тұмау жайлаған кез­де қамсыз отырған халық маска таппай қиналған. Елінің амандығын ойлаған Бекім оны да әкеліп беріп, тегін таратты. Жергілікті әкімдіктен көмекке зәру адамдардың тізімін алып, күнделікті қажетті азық-түлігін тегін таратты.

Осы көмек шаруашылығының табысы есебінен жұмсалып отыр. Сөз арасында 20 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын айта кетсек те артық болмас. Олардың ай сайынғы еңбекақысы уақытында төленеді. Қосымша шаруашылықтарындағы малына қажетті шөп, сабан, жем тегін беріледі. Жұмысшыларын күніне бір рет ыс­тық тамақпен қамтамасыз етеді. Бұл өңір­де қысқа қажетті отын-көмір табу – өте өзекті мәселенің бірі. Ел жайы есінен шық­пайтын біздің кейіпкеріміз өз жұмыс­шы­ларының отын-көмірін тасып береді. Қазір шаруашылық 200-ден аса қара мал, 10 үйір жылқы бағып отыр, мың гектар жерге егін егеді. Әттең жайылымның тарлығы қол­байлау, әйтпесе төрт түліктің басын бұдан да көбейтуге жағдайлары жетіп тұр. Егер мал басы көбейсе, ауылдағы адамға тұрақты табыс табатын жұмыс көзі болар еді.

Елге жасаған қайырымдылығы аталмай қалған жоқ. 2020 жылдың 14 тамыз күні аудан­да ұйымдастырылған байқауда «Туған өлке» аталымы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды.

– Ауылдың өркендеуіне, кеңінен қанат жаюына өз үлесімізді қосып жатсақ, ол ата-бабамыздың аманаты тәрізді көрінеді. Мен ешқашан жасаған жақсылығымды дабыралап, жұртқа жайып айтқым келмейді. Туған жерді түлету – әр перзенттің маңдайына жазыл­ған қасиетті парызы. Қалада жүргенде де пешенемізге бұйырған ырыздығымыз бол­ды. Солай жүре беруге де болатын еді, бірақ туған ауылың тоз-тоз болып жатса, өз бүйіріңнің бітеу болғаны кімге керек?! Осы жерді елім деп, жерім деп келген соң қара бастың қамын ғана ойламай, қараша елдің мұ­ңын мұңдасаң ғана алдыңа қойған асқаралы мақсатың орындалады, – дейді Б.Әкімов.

Қазір Күншалған ауылының күмбезін арайлы күн шалып тұр. Болашаққа деген сенім мықты. Береке үйірер бірлік бар. Қаумаласа, қарбанып баянды болашаққа бет алған атақоныстың түтінінің түзу ұшуына елін сүйген, жұртын қадірлеген Бекім Серікұлы тәрізді бітімі бөлек азаматтардың жанашырлығы сеп болып тұр.

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы