Сирия, Ливия, Ирак секілді әлемнің шиеленіске толы нүктелерінде соғыс қимылдары танктің құрлықтағы жауынгерлік әрекеттерді орындаудағы маңызын анық аңғартты. Жалпы, мұндай темір сауытты ұрыс көліктері сонау Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияны жеңуде маңызды рөл атқарғаны белгілі. Содан кейін шығар, соғыс жеңімпаздары Т-34 туралы әлі күнге ауызының суы құрып әңгімелейді.
Кейінгі жылдары дрон секілді заманауи қару түрлері күрт дамыды. Соған қарамастан, танкілер құрлықтағы әскери іс-қимыл жүргізуде маңызын жоғалтқан жоқ. Әскери қақтығыс кезінде танк арқылы жоғары маневрлікке қол жеткізіліп, алыстан снарядтық оқ ату мүмкіндігі туады.
Қазіргі таңда дамыған елдерде танктер құрлық әскерлерінің жалпы жүйесінде үлесі айтарлықтай көп. Көптеген жаңа қару-жарақ түрлерінің, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының көбеюіне қарамастан, танктер әлем елдері армияларының негізгі жауынгерлік құрамдас бөлігі саналады. Олардың басты артықшылығы – қауіпсіздік пен жауынгерлік күш.
Қазақстан Қарулы Күштерінде танк бөлімдері мен бөлімшелері еліміздің әртүрлі өңірлерінде орналасқан және үнемі жауынгерлік әзірлікте. Мәселен, биыл Қарулы Күштер құрамындағы танк бөлімшелері жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес 30 мәрте далалық жорыққа шықты. Осы даярлық кезінде шамамен 2500-ден астам оқ атылыпты.
Даярлық барысында танк зеңбірегінен штаттық артиллериялық снарядпен оқ атуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ танк экипаждарды қарсыластың шартты әскери күшіне және әуе нысандарына танк зеңбіректерінен оқ жаудырып, атыс жүргізу тәсілдерін пысықтады.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы «Алдаспан-2020» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында қазақстандық танкшілер жаңа тәсілдерді үйреніп, шеберліктерін шыңдады. Сонымен қатар «Танк каруселі» ұрыс жүргізу әдісін пысықтады. Аталған әдісте үш жауынгерлік машина кезек-кезек, карусель қағидаты бойынша қозғала отырып, үздіксіз оқ атады. Осылайша, қарсыласқа оқ жоғары қарқынмен, тоқтаусыз негізде жүзеге асырылады.
Биыл біздің танкшілер «Танк биатлоны» сайысына қатысып, шеберліктерін шыңдап қайтты. Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында өткен додада еліміздің командасы жартылай финалға дейін жетіп, оның қорытындысы бойынша екінші айналымда жарыс қожайындарынан кейін уақыт бойынша екінші болып, Өзбекстан мен Қырғызстан елінен келген қарсыластарынан озып шықты.
Осылайша, тоғызыншы территорияның оғландары әскери додада жоғары нәтиже көрсетті. Танк биатлонына қатысушылардың даярлық деңгейі, бәсекелестігі жылдан жылға артып келеді. Біздің танкшілер тартысты күресте 16 қатысушы ел арасында бесінші орынды иеленді. Олар қысылтаяң жағдайларда өздерінің берік мінез, мақсатқа жетудегі табандылық, жеңіске деген ерік-жігер сынды қасиеттерін көрсете білді.
Құрлық әскеріндегі маңызды бөлімнің тағы бірі – зымыран әскерлері мен артиллеристері. Таяуда, 19 қарашада бұл құрам кәсіби мерекесін атап өткенін айта кеткен жөн.
Жалпы, Қазақстандағы зымыран әскерлері құрамы Кеңес Одағы қарулы күштеріндегі Орта Азия әскери округінің зымыран әскерлері мен артиллерия штабының базасында құрылды. Құрамның қалыптасуы мен дамуына генерал-майор Лұт Әлшекенов пен Руслан Шпекбаев, полковник Михаил Шлейко, Дәурен Есхожин, Николай Мисюра, Виктор Кашоид және Ғиниятқали Шалабаевтар елеулі үлес қосты.
Еліміздің Зымыран әскерлері мен артиллериясының құрамында тактикалық зымырандардың құрамалары, гаубицалық, зеңбіректік, реактивті және танкіге қарсы қолданылатын артиллерия, артиллериялық барлау, мина атқыш және танкіге қарсы бөлімшелер бар. Әскерлер «Василек», «Сани», «Поднос» және «Дева» минометтері, өздігінен жүретін «Гвоздика» және «Акация» артиллериялық қондырғылары, сүйретілетін «МСТА-Б», «Гиацинт» қарулары, Д-20 және Д-30 гаубицалары, «Град», «Град-1», «Прима», «Ураган» және «Смерч» дүркіндетіп атудың реактивті жүйелері, «Точка-У» тактикалық кешендері, «Рапира» зеңбіректері және «Штурм-С» танкке қарсы зымыран кешендерімен жарақталған. Жоғары қуатты 240 мм өздігінен жүретін «Тюльпан» минометтері бар.
Артиллерияны оптикалық және радиолокациялық барлау, топогеодезиялық, метеорологиялық және баллистикалық қамтамасыз ету құралдарымен қайта жарақтандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп келеді. Жауынгерлік қолданудың жаңа тәсілдері мен атысты басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу табысты жүргізіліп жатыр.
Зымыран мен артиллерия мамандары оқу-жаттығу барысында тәжірибелік дағдыларын және машықтарын пысықтайды. Мәселен, биылғы қыркүйек айында өткен «Алдаспан» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жалпы әскери құрамаларының артиллериялық бөлімшелері жұмылдырылды. Төрт жыл бойы Армия халықаралық ойындарындағы, «Артиллериялық оқ ату шебері» сайысында қазақстандық әскери қызметшілер бірінші орынды иеленді.
Қарулы күштердегі Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 1993 жылдан бастап жыл сайын 60 артиллерист офицер даярлайтын артиллерия кафедрасы жұмыс істейді. Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында 2014 жылы Зымыран әскерлері мен артиллерия кафедрасы құрылды. Онда терең теориялық және тәжірибелік білімі бар мамандар сабақ береді. Санкт-Петербург қаласындағы Михайлов әскери артиллериялық академиясында осы саланың мамандарын даярлайды. Жыл сайын зымыран және артиллериялық әскер қатарын Қарағанды және Алматы политехникалық университеттерінің әскери кафедралар түлектері толықтырады.