Қазақстан • 24 Қараша, 2020

Соңғы 5 жылда магистральдық газ құбыры және тарату желілері салынды

182 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді газдандыру мәселелері қаралды. Елді газдандыру бойынша қазіргі жағдай туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соңғы 5 жылда магистральдық газ құбыры және  тарату желілері салынды

Ең алдымен, министр газ ресурстары елдің ішкі қажеттілігін жабу үшін жеткілікті екенін атап өтті.

Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия 3,8 трлн м3 көлемінде өндірілетін газ қорларын бекітті, оның ішінде ілеспе газ – 2,2 трлн м3 және табиғи (бос) газ – 1,6 трлн м3. Барлық барланған газ қорларының 98%-ға жуығы Қазақстанның батысында шоғырланған, бұл ретте 87%-дан астамы — ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған.

Еліміздің ірі кен орындары — Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз қорлары Қазақстан Республикасының барлық қорларының 75%-ын құрайды. Өндірілетін газдан қажетті көлем ішкі нарыққа, бір бөлігі экспортқа, бір бөлігі қысымды ұстап тұру үшін қабатқа айдауға және жер қойнауын пайдаланушылардың жеке технологиялық қажеттіліктеріне жұмсалады.

Ведомство басшысының айтуынша, елде жаңа тұтынушылардың пайда болуына байланысты газ тұтынудың өсу тенденциясы байқалады.

"Мәселен, соңғы 5 жылда 2015-2019 жылдары газды тұтыну 12,1-ден 16,3 млрд м3-ге дейін немесе 35%-ға ұлғайды. Осы жылдың 10 айында газ тұтыну көлемі 12,4 млрд м3 немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 102% құрады", деп хабарлады Н. Ноғаев.

Сонымен қатар елді газдандыру да өсуде. Елді газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған Бас схемасын іске асыру аясында жыл сайын мемлекеттік бюджеттен газдандыруға қомақты қаражат бөлінеді.

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елді газдандыру деңгейі 51,47%-ды құрады немесе 9,5 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейін 53,07%-ға жеткізу күтілуде, бұл 2015 жылғы деңгейден 10,07%-ға артық. 2015-2020 жылдар кезеңінде газдандырылған елді мекендердің өсімі 286 бірлікті, халықтың өсімі 2,4 млн адамды құрайтын болады.

Сондай-ақ, соңғы 5 жылда 1 334 шақырым магистральдық газ құбырлары және 20 мың шақырымнан астам газ тарату желілері салынған. 2015-2020 жылдар кезеңінде республикалық бюджет есебінен әкімдіктерге газдандыру шараларына 125 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферттер бөлінді, оның ішінде соңғы 2 жылда 76 млрд теңге бөлінді.

Газдандырудың кейбір жобалары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бюджеттік бағдарламасы есебінен іске асырылуда. 2020-2021 жылдары 8 өңірде 22,5 млрд теңгеге 58 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 51 жобаны осы жылы және 7 жобаны Алматы облысында 2021 жылы аяқтау жоспарлануда.

Өткен жылдың желтоқсан айында Елбасының "Бесінші әлеуметтік бастамасына" сәйкес ұзындығы 1061 шақырым болатын "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының І кезеңі пайдалануға берілді.

Министр атап өткендей, Қызылорда облысынан бастау алатын "Сарыарқа" газ құбырының І кезеңі елорданы, орталық және солтүстік өңірлердің бір бөлігін экологиялық таза отын түрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміз үшін маңызды тарихи оқиғалардың бірі саналады. Солтүстік өңірлерді газдандыру үшін "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының 2 және 3 кезеңдерін салу мәселесі пысықталуда. Халыққа газ беру үшін "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының 1-ші кезеңінің трассасы бойында Нұр-Сұлтан қаласында, Қарағанды және Ақмола облыстарында газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде.

"Елорданы газдандыру 3 кезекке бөлінген. Қазіргі уақытта әкімдік 9 іске қосу кешені бар 1-ші кезектің құрылысын жүргізуде. Елорданы газдандырудың 2 және 3 кезегі бойынша қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жүргізілуде", деді министр.

Қарағанды облысында әкімдік автоматтандырылған газ тарату станцияларынан Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларына газ бұру мен тарату желілерін салуды көздейді. Барлық үш қала бойынша 1-кезектегі 1 іске қосу кешендері бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Ақмола облысында газ тарату желілерінің құрылысы 2 кезекке бөлінген. 1-ші кезекте Аршалы және Целиноград аудандарының 20 елді мекенін газдандыру үшін 13 жобаны іске асыру қарастырылған. Газдандырудың 2-ші кезегінің нысандары жобалау сатысында. Солтүстік өңірлерден басқа Қазақстанның шығыс бөлігі газдандырылмаған. Газдандырудың ықтимал нұсқасы "Барнаул – Рубцовск – Семей – Өскемен" бағыты бойынша Ресей Федерациясынан газ құбырын салу болып табылады. 

"Бұл ретте Семей маңында Павлодар облысына қарай бұру болжанады. Аталған бағыт бойынша газ құбырын салу саны осы өңірлердегі 2,1 млн адамға көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік береді. Тұтыну көлемі жылына 2,3 млрд м3 деңгейінде болжануда. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін анықтау үшін "ҚазТрансГаз" АҚ мен "Газпром" арасында жұмыс тобы құрылып, бұл мәселе Ресей тарапымен пысықталуда", деді Н.Ноғаев.