17 Сәуір, 2010

ЖҰМЫЛА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – НЫСАНА

552 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Қазақ­стандағы Митрополиттік аймақтың жаңа басшысы, Астана және Алматы архиепископы Александр бастаған делегацияны олардың өтініш­тері бойынша қабылдады. Дінбасы Қазақстандағы жалпы діни ахуал, ұлттар мен ұлыстар, діндер­­аралық достық пен сыйластық, ынтымақ жайлы сөз етті. Қазақ елінің ислам өркениетінің бір бөл­шегі екенін, республика халқының 70%-ы ислам дінін ұстана­тынын, қалған 30%-ы христиан дінін­дегі орыс, украин, неміс және т.б. ұлттар мен ұлыс­тардан тұра­тын азаматтардың өзара сый­ластық пен дос­тық­та, ынтымақ пен ауызбірлікте өмір сүріп отыр­­ғанын, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті уни­вер­ситеті мен 7 медресе жұмыс істеп жатқанын айтты. Архиепископ Қазақстанның егемендік алғалы бері қол жеткізген жетістіктері мен Президент Н.Ә.На­зарбаевтың жетекшілігімен аз уақытта әлемдік қоғамдастықтан өзіне лайық орын алғанын тілге тиек етті. Ол Қазақстан Прези­денті­ мен Дінбасының ұлттар мен ұлыстар, дін­дер­ара­лық достық пен ынтымақ, сый­ластыққа үлкен мән беріп отыр­ғанын жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Қазақстанда тарихи қалыптасқан ислам мен православие діни басшылары арасындағы түсіністік пен сыйластықты елдің тұрақтылығы мен бейбіт дамуына жұмсайтынын білдірді. Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі 2003, 2006 және 2009 жылдары Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары­ның съездері және олардың мән-маңызына тоқ­тал­ды. Архиепископ Қазақстанның бас қаласын­да ел Президентінің ұйы­т­қы болуымен өткен бұл іс-шараларға қызығушылық танытты. Соны­мен қатар, көпұлтты, көпкон­фессиялы Қазақ­стан сияқты кең-байтақ елде этносаралық тату­лық­ты, рухани тұрақ­ты­лықты, бейбітшілік пен ынтымақты сақтап отырған мемлекетіміздің даму деңгейіне жоғары баға берді. Ұшырасуда екі дін арасындағы дәстүрлі діни ынтымақтастық пен әріптестік мәселесі секілді жәйттер ортақ әңгімеге өзек болды. Қазақстандағы басты екі дінбасылары еліміз халқының бірлігі мен ынтымағын, татулығы мен сыйластығын бұдан да биік белестерге көтеру үшін жұмыла қызмет етуді нысанаға ала бермек болып келісті. Кездесу соңында екі жақ сый алмасты, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.