Саясат • 26 Қараша, 2020

Өзгерістер жолы: Әр адамға лайықты өмір! (Nur Otan партиясының ХХ съезі өтті)

767 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Елордада Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Іс-шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Nur Otan партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, партия басшылары мен өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. Алқалы жиында Мәжіліске арналған партиялық тізім, сондай-ақ жұмыс органдарының құрамы мен өзге де өзекті мәселелер қаралды.

Nur Otan ел тағдырына жауапты

Жиында Елбасы соңғы бес жыл ішінде партия өзінің сайлау алдында берген уәделерінің басым бөлігін орындағанын атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті соңғы бір жылдың ішінде партия жұмысын қайта жандандыру бағытында ауқымды жүйелі істер атқарылғанына назар аудартты.

«Қазақта «жүре берсең, көре бере­сің» деген сөз бар. Мінеки, съезді қашық­тан өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Осын­дай заманға тап келдік. Бұл да өмірі­міздің бір белесі ретінде есте қалады. Аман­шылық болса, алдағы уақытта кездесіп, шүйіркелесіп, жүздесіп, құшақтасатын болармыз. Сол күнге тезірек жеткізсін», деді съезд жұмысын ашқан Елбасы.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сөз берілді. Өз сөзінде Президент Қазақстан қазіргі ахуал­ға қарамастан стратегиялық даму мақ­­саттарын дәйекті түрде іске асыр­ғанын жеткізді.

«Партиямыздың кезектен тыс XX съезі күрделі әрі маңызды кезеңде өткізі­ліп отыр. Бұл – мемлекетіміздің қоғам­дық-саяси өміріндегі айтулы оқиға. Бү­гінде Nur Otan партиясы ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналды. Халқымыз бізге қашанда зор сенім арта­ды. Әсіресе жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуі­міз керек. Бүкіл әлемге тараған панде­мия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Мемлекет азаматтарымыздың денсау­лығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы партия тарапынан халыққа ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанына тоқталды. Партия бел­сен­ділері және еріктілері мұқтаж жандардан көмегін аямағанын атап өтті.

«Осындай нақты жұмыс пен жана­шырлық береке-бірлігімізді арттыра түседі. Қазақстан қазіргі ахуалға қара­мас­тан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде іске асырады. Бұл ретте Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Мен биылғы Жолдауымда партияның қоғамдағы жетекші рөлі туралы айттым. Біз реформаларды жүзеге асыру барысында Nur Otan партиясының зор әлеуетіне сүйенеміз», деді Қ.Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде сөйлеген сөзі осы мақаладан бөлек, жеке беріліп отыр.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мерейтойлық съезде сөйлеген сөзінде Nur Otan партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтті. Партия Төрағасы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды.

«Әр партия үшін съезд өткізу – өте үлкен мәселе, өте үлкен кезең, өте үл­кен жұмыс саналады. Съезд өткен сайын өт­кенге қарап, қандай табыстарға жеткені­мізді, халық алдындағы бағдарла­ма­мыздың орындалу барысын қорытын­ды­лаймыз. Бүгінде Nur Otan партиясы елі­міздегі ең басты саяси күшке айналғанын көріп отырмыз. Осы жылдардың ішінде партия ішкі тұрақтылықтың тірегіне ай­налды. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді. Мұның бәрі партияның ел болашағына сенімі берік азаматтарды біріктіруінің арқа­сында мүмкін болды. 30 жылда қан­дай қиыншылықтардан өтсек те, елі­міз айтарлықтай өсіп-өнді, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Жалпы, осы жыл­дар­дың ішінде басқа ұлт өсіп шықты. Бәрі көз алдымызда. Аз уақыттың ішінде мемлекет құрып, шекараны бекітіп, жаңа астананың іргесін қаладық.

Іс жүзіне келер болсақ, оның артында қаншама атқарған іс, жұмыс, қаншама қиыншылық пен тартыс жатыр. Тек Ресеймен арадағы 7 500 шақырым шекараның әр шақырымын шегендеу, әр ауыл төңірегінен өту өте қиын болды. Мысалы, Өзбекстанмен шекараны шегендеген кезде бір үйдің бір бөлмесі Қазақстанда, бір бөлмесі Өзбекстанда қала жаздаған да жағдай кезікті. Соның бәрін шешуге тура келді. 14 мың шақырымға созылған шекарамыз тұңғыш рет шегенделіп, БҰҰ-ға тапсырдық. Шекарасы жоқ ел мемлекет емес. Шекарасыз ел болмайды.

Тағдырдың жазуымен әлемнің әр қиырына тарыдай шашылған 1 млн-нан астам қандасымызды елге қайтардық. Ол процесс әлі тоқтаған жоқ. Әлі де келіп жатыр. Келеміз деген азаматтардың барлығын Қазақстан құшақ жая қарсы алып, мүмкіндігінше көмектеседі», деді Тұңғыш Президент.

 

Отыз жылда атқарылған шаруа мол

Елбасы өз сөзінде ұзақ және қиын жолды жүріп өткенін еске салды. Мемлекет пен біртұтас қазақстандық ұлттың қалыптасуы осы жүріп өткен жолдың үлкен жетістігі саналады.

«30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетіс­тіктерге жетті. Бұған, ең алдымен, нарық­тық экономикаға көшудің және елді жаң­ғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ экономикалық өсім­ді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орын­дарын ашуға және қоғамның әлеумет­тік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында этностық әртүр­лілікті артықшылыққа айналдырып, өзінің ұлттық бірегей стандартын қа­лыптастырғанын атап өтті. Осы үдерістегі негіз­гі рөл, Елбасы атап өткендей, Қазақ­стан халқы Ассамблеясына жүктелген.

«Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1 400 жаңа аурухана мен емхана, 1 800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарт­тық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын басшылыққа алып отыр», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы Nur Otan партиясының пандемия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ партияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды.

«Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша Nur Otan бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көр­сетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұр­ты­мыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев партияның әрдайым негізгі үш қағиданы басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұстанатындығын атап өтті. Бұл – жауап­кершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық.

«Бүгін жарияланып отырған Nur Otan партиясының бағдарламасы – қаржы­лық, адами және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақсаттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған рефор­маларымыздың заңды жалғасы. Мен Тәуелсіздік жылдары әрдайым нақты мақсаттарды белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келемін», деді Nur Otan партиясының Төрағасы.

Елбасы партияның реформа жүргізу тәжірибесі мол және барлық жоспарларды жүзеге асыруға саяси ерік-жігері жеткілікті екенін баса айтты.

«Партияның жаңа бағдарламасы орындалады. Бұл құжат елді одан әрі жаң­ғыртуға және барлық қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады. Сайлау науқанын ойдағыдай өткізу үшін партия республикалық және аймақтық штабтардың жұмысын үйлесімді ұйым­дастыру қажет. Кандидаттар, белсенділер, сенімді өкілдер барлық аймақтарды аралап, әр сайлаушыға жетуі керек», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сондай-ақ Елбасы келер жылы Қа­зақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатынын атап өтіп, бұл маңызды кезең екенін еске салды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталды. Біз оны толық жүзеге асыруымыз керек. Бағдарламаны орындау арқылы қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттырып, еліміздің табысты дамуын қамтамасыз етуге жол ашуымыз қажет. Келер жылы ұлан-байтақ даламызда Тәуелсіз мемлекет құрғанымызға 30 жыл толады. Бұл – өте қасиетті кезең. Ата-бабамыздың қанымен, аналарымыздың терімен келген. Сондықтан қолымызға түскен осы теңдесі жоқ алтынды алып жүру біздің мойнымызға жүктелген парыз.

Өткен ғасырда халқымыз түрлі алапатты бастан кешірді. Екінші дүниежүзілік соғыс, зұлмат ашаршылық, ұлт-азаттық қозғалыстар, қуғын-сүргін жылдарында 4 млн адам қыршын кетіп, 1,5 млн қазақ босқынға айналып, шет мемлекеттерге бас сауғалады.

Бұл – ұлтымыз үшін ауыр қасірет. Қай халық осындай қасіретті басынан кешірген екен?! Соған қарамастан, хал­қымыз ата-бабамыз қалдырған жерінде өзінің мемлекетін құрып отыр. Елордасын елдің ортасына әкеп орнаттық. Дүниеге елімізді паш еттік.

«Тағдырдың тезінен, тозақтың өзі­нен» өтіп, «мың өліп, мың тірілген», Тәуел­сіздіктің тәтті дәмін сезінген халқы­мыз­дың енді не істесе де жолдасы сабыр мен ақыл ғана болуы керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды.

Бұдан әрі съезд жұмысын жүргізу Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке тапсырылды. Б.Байбек 18 қарашада өткен Nur Otan партиясы фракциясының отыры­сында «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақ­тылық. Жасампаздық» сайлауалды бағ­дар­ламасының орындалуы бойынша Премьер-Министрдің есебі тыңдал­ғанына тоқталды. Сонымен қатар саяси кеңес Nur Otan партиясының жарғысына прай­мериз өткізуге және партия доктринасын бұдан былай саяси платформа деп атауға қатысты өзгертулер мен толық­тырулар дауысқа салынғанын жеткізді.

«Елбасының, партия Төрағасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың атына «Единая Россия» партиясы төрағасы, Ресей федерациясы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің, Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы, Қытай халық республикасы басшысы Си Цзинпиньнің, Түркия президенті, Әділет партиясының төрағасы Реджеп Тайип Ердоғанның, Жапония премьер-министрі Йошихиде Сугенің және аймақтағы басқа да көшбасшы партиялар атынан құттықтау хаттар келіп түсті», деді Б.Байбек.

 

Бизнес пен қоғамды байланыстыратын көпір

Бұдан кейін жарыссөзге Nur Otan партиясының делегаттары қатысып, өз пікірімен бөлісті. Партияның Қарағанды облысы Ұлытау ауданы филиалының төрағасы, осы ауданның әкімі Берік Әбдіғалиұлы халқымыздың өте жауапты кезеңді бастан кешіп отырғанын жеткізді.

«Әлемге жайылған пандемия, саяси қайшылықтар мен қаржылық қиын­дық­тар белең алды. Мұның бәрі – біздің елге де әсер ететіні сөзсіз.Осындай шақта отыз жылдық белесті еңсерген Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, мақсатымызды бір арнаға тоғыстыру – алдымызда тұрған ең өзекті мәселе.

Қазақ елі бүгінде – ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір атаның баласындай татулық орнатқан шуақты шаңырақ. Бұл – шаңырақтың діңгегін көтеріп, өз қолымен уығын қадаған Елбасымыздың ерен еңбегі. Nur Otan партиясы «қайта жандануды» қолға алып, партияның алдын ала сайлауын өткізді.

Аудандық партия филиалының төр­ағасы ретінде арнайы осы праймеризге қатысып, өңірлік сайлауалды бағдар­ла­мамызды жерлестеріміздің алдында талқылап, қорғап шықтық.

Осы жолы республика бойынша әрбір аудан, қала, облыс партия филиалдары әрбір аймақтың ерекшелігін ескеретін 216 өңірлік арнайы бағдарламасын қабылдап, ел алдында соны орындауға міндет алды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы таныстырған Партияның сайлауалды бағдарламасы – осы құжаттардың жиынтығы деп айтуға әбден болады.

Мемлекет басшысының жақында ғана жариялаған Жолдауындағы рефор­ма­ларға негізделген кесек-кесек бағыт­тардан тұратын бұл құжат – іске асыруға ыңғайлы, барлық шығындары есептелген нақты бағдар. Маңыздысы, қарапайым азаматтарды мемлекеттік деңгейдегі шешім қабылдауға және оларды жүзеге асыруға араластыру көзделген.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Nur Otannyń «тікелей байланыстың» жаңа форматтарын енгізіп жатқаны қуантады. Бұл, бір жағынан, қоғамның жауапкершілігін арттырса, екінші жағынан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді.

Ауылдың тұрғыны ретінде бағдар­ламада «Ауқатты ауылдар» бөлімнің болғаны қатты қуантады. Өйткені Ауыл – ұлтымыздың берекесі. Ауылдың өмір сапасын жақсарту – ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін газ, ауыз су, жол, интернет пен мобильдік телефон байланысы мәселелерін шешу. Осының бәрімен ауылдарды жақын арада қамту бағдарламада нақты қарастырылған.

Дәл осындай шешімдер экономи­ка­мыз­дың басқа бағыттарына да арнал­ған. Бұларды ойдағыдай іске асыруға Пре­зидент жанындағы Жоғарғы эконо­ми­калық кеңес, жақында құрылған Стра­те­гиялық жоспарлау және Бәсекелестік агенттіктері сияқты нақты тетіктері үлкен сеп болады деп сенеміз», деді Б.Әбді­ғалиұлы.

Сондай-ақ жиын барысында Алматы облысы Жамбыл ауданына өткен праймериз жеңімпазы, белгілі журналист, 9 баланың анасы Әлия Әбсеметова сөз сөйледі.

«Бүгінгі съезде сіздердің алдыңызда сөз сөйлеу мен үшін зор қуаныш. Мен – көпбалалы анамын, журналиспін әрі волон­термін. Алматы облысының Қарға­лы ауылынан осынау үлкен мінберге праймериз арқылы келіп отырмын.

Соңғы үш ай мен үшін үлкен қарба­лас­пен өтті. Өзім тұратын аудандағы 24 ауылдық округті түгел аралап, тұр­ғын­дармен кездестім. Оларға партиямыздың бағдарламасын түсіндірдім, аманаттарын жинадым. Дебат кезінде партияның сайлауалды бағдарламасын жан-жақты талдап, айтып бердім. Осының арқасында үш кезеңнен де сүрінбей өттім. Меніңше, жаңа ғана Президентіміз ұсынған партияның бағдарламасында айтылған «баршаға тең мүмкіндік беру» деген осы.

Бағдарламадағы «әйелдердің бас­шылық орындардағы үлесі 30 пайызға жетеді» деген мақсаттың орындалатына толық сенемін. Сөзіне қашанда ісі сай Nur Otan партиясы үшін қазақстандық әйелдердің қоғамдағы рөлі күшейгені өте маңызды», деді Ә. Әбсеметова.

Бұдан кейін сөз кезегі Nur Otan пар­тия­сы Саяси кеңесінің мүшесі, «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзах­метовке берілді.

«Елбасы жетекшілік ететін партия бизнес пен қоғам арасындағы байланыстырушы көпірге айналды. Қазіргідей дағдарысты кезеңде бизнес өкілдеріне ең әуелі тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім қажет. Оны біздің Nur Otan партиясы ғана бере алады.

Жаңа ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының баяндама­сында айтылғандай, партияның бағдарла­масында шағын несиелер санын ұлғайту, салықтар санын қысқарту, салық салуда цифрлы технологияларды енгізу сияқты көптеген ұсыныстар бар. Мұның бәрі елдегі шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға, яғни ұлттық экономиканы күшейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз жүргізген рефор­малардың нәтижесінде, елімізде іскерліктің өркендеуіне барлық жағдай жасалды. Біз нарықтық экономикаға көштік, отандық кәсіпкерліктің тұтас буыны қалыптасты, жаңа өндіріс орындары ашылып, Индустрияландыру бағдарламасы, Бизнестің жол картасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.

Осы жылдары ел экономикасына 330 млрд доллар тікелей инвестиция құйылған. Сіздің бастамаңызбен қазақ­стандық бизнесті біріктірген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы құрылды», деді А.Мырзахметов.

Жиын барысында Петропавл қала­сында өткен праймериздің жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жеңіл атлетикадан Азия чемпионы Ирина Эктова да өз пікірімен бөлісті.

«Достарыммен бірге Biz Birgemiz акциясына қатыстым. Біз волонтер болып, қаламыздағы жүздеген отбасына бардық. Азық-түлік жеткізіп, ыстық тамақ тасыдық. Осындай игі істер арқылы партия адамдарға жақындай түсті.

Мен – Jas Otannyń белсендісімін, бірақ саясатқа жақында ғана қызығу­шы­лық таныта бастадым. Өз еліме депутат ретінде пайда әкелгім келеді. Сон­дықтан праймеризге қатысып, күшімді сынап көремін деп шештім. Бұл мен үшін нағыз жарыс.

Нәтижесінде, Петропавл қаласы бо­йынша әйелдер мен жастар арасында бірінші орын алдым. Маған сеніп, дауыс бергендердің барлығына рахмет айтқым келеді», деді И.Эктова.

Сонымен қатар съезде белгілі айтыс­кер ақын Мұхтар Ниязов та сөз сөйлеп, Nur Otan бос сөзге емес, іс тындыруға ұмтылатын партия екенін жеткізді.

«Қазақ деген ырымшыл халықтың баласымын ғой, осыны жақсылыққа балап, көңілдегі көркем ойды ақтарсам деймін. Тәуелсіздік алған жылдары мен мектеп табалдырығын енді аттаған бала едім. Көк байрақтың астында өсіп-жетілгенімді Жаңа дәуірдің ұрпағы екенімді мақтаныш етем!

Бүгінде біздің Қазақстан – төрт құбыласы тең, ырысы толық, бірлігі мығым ел. Осы жылдардағы олжамызды түгендесек, ұлан-ғайыр жеріміздің шекарасын шегеледік. Арқаның төсіне астанамызды салдық. Тоқсаныншы жылдары халықтың үштен бірі ғана болған қазақтың саны бүгінде 70 пайыздан асты. Аз жылда басқа елдермен тереземіз теңесті. Төл мәдениетіміз бен ұлттық өнеріміздің құрметі өсті», деді М.Ниязов.

Айтыскер ақын өз сөзінде жыл сайын партияның қолдауымен «Алтын домбыра» республикалық айтысы, ел ішінде әртүрлі республикалық және аймақтық айтыстар өтетініне назар аударды.

«Биыл тұңғыш рет өткен партияның алдын-ала сайлауы – праймеризді мен айтысқа ұқсатамын. Ел аумағында өткен айтыс-дебаттарды дүйім жұрт тамашалады. Пікірталастар ашық және әділ өтті. Белгілі айтыскер ағаларымыз – Арқаның сал-серісі Аманжол Әлтаев пен айтыстың Ақтаңгері Айбек Қалиев саяси додада жүзден жүйрік шығып, жеңіске жетті.

Nur Otan осылайша тыңнан түрен салып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды қоғамдық істерге тартып, ел сая­сатына араласуға ұйыстырып жүр. Соңғы жарты жылда барлық аймақта пар­тия­ның өңірлік бағдарламалары талқы­ланды, халық сүзгісінен өтті. Мен де Қызылорда қаласының және облыс­тың бағдарламасын дайындауға үн қос­тым. Бірде-бір партия дәл осындай халық­тық талқылаудан өткен, әр ауыл, әр ай­мақ­тың мәселесін шешуді көздеген 216 бағ­дар­лама жасаған емес», деді М.Ниязов.

Сонымен қатар ол партияның Респуб­ли­калық бағдарламасы өзінің кешен­ділі­гімен, нақты азаматтарға арнал­ған­ды­ғымен өзгеше деп есептейтінін жет­кізді.

«Халықтың мүддесін түгендейтін, қоғамның талап-тілектерін ескерген құжат бұл. Оның ішінде мәдениеті биік, ойы озық қоғам құруға арналған бөлігі көңілімнен шықты. Nur Otan ақын-жазушыларды, драматург-сценаристерді, шығармашылық тұлғаларды қолдайды. Яғни халықтың ар-ұжданын ойлайды. Ұлттық тарих пен мәдениетті қастерлеп, кино, мұражай мен кітапханаларға қам­қор­­лық жасайды. Мұның бәрі партия бағ­дар­ла­масында тайға таңба басқандай анық жазылған.

Рас, алдағы бес жылдың жүгі ауыр. Бір қазан сүттің бір қасық ұйтқысы болады. Nur Otan бос сөзге емес, іс тын­дыруға ұмтылатын партия! Әрдайым жабырқағанның жанынан табылып, жәр­дем беріп келеді. Сондықтан елдің тыныш­тығы мен берекесін ойлаған азаматтар Елбасы мен Мемлекет басшысының  сая­сатын, партияның бағытын қолдайды. Жамандықты амандық жеңеді, тату елге тақсырет жуымайды», деді М.Ниязов.

 

Кандидаттар тізімі бекітілді

Съезд барысында Мәжіліс сайлауына Nur Otannyń партиялық тізімі бекітілді. Тізімде 126 кандидат бар. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды.

Кандидаттардың жалпы тізімінде Пар­ламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20 пайыздан аспайды. Мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13 пайыз, білім және денсаулық сақтау саласы – 12 пайыз, үкіметтік емес ұйымдар – 9 па­йыз және өнеркәсіп өкілдері 8 пайызды құрады.

Сондай-ақ тізімдегі экономистер үлесі – 28 пайыз, заңгерлер – 20 пайыз, кәсіпкерлер – 17 пайыз. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы,  11-і – ғылым кандидаты. Тізімдегі кандидаттардың үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жасқа жетті.

Еске сала кетейік, Nur Otan партия­сының праймеризіне 10 мыңнан астам кандидат, ал республикалық онлайн-дауыс беруге 662 мыңнан аса адам немесе барлық нұротандықтардың 84 пайызы қатысты.

Оның қорытындысы бойынша 6 253 адам Nur Otannyń барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа арналған партиялық тізіміне енді. Талдау көрсеткендей, өңірлік партиялық тізімдерде әйелдердің үлес саны 22-ден 34 пайызға дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24 пайызға дейін артты. Орташа жасы мәслихаттардың қыз­мет­тегі құрамымен салыстырғанда 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды. Партиялық тізімдердің 24 пайызын мәслихаттардың қызметтегі депутаттары құрайды, ал 76 пайызы – жаңа тұлғалар.

Бұл ретте партияға 42 мыңнан аса жаңа мүше қосылды. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір үшіншісі Nur Otannyń партиялық тізіміне енді.

Халықтың белсенді қатысуының арқасында праймериз барысында Nur Otan партиясының 216 өңірлік сайлауалды бағдарламасы талқыланып, қабылданды. Онда азаматтардан түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді.