Қоғам • 26 Қараша, 2020

Жазудың түбін қазу

436 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

КСРО-ның кезінде Қарағанды үшінші көмір бассейні атанып, дүбірі жер жарып тұрды. Ол кезде шахтерден асырып жалақы алатын еңбеккер аз болды-ау одақта. Міне, осы көмірдің нар­қы алтынмен бірдей болып тұрған замандағы кен­ші­лер астанасында сол кез­дің өлшемімен алғанда небір ғажап құрылыстар бой көтерген. Сондай ны­санның бірі ел аузында «Гармошка» атанып кеткен көпқабатты үй еді.

Қарағандының вокзалына жақындап қалғаныңызда сол жағы­ңызға көз салсаңыз, осы келісті үйді және оның төбесіндегі «Караганде образцовый порядок, высокую культуру» деген әрбір әрпінің өзі кісі бойынан асып кететін жазуды көресіз.

Біраз уақыттың шамасы болды, төбеден төніп тұрған осы жазу Қарағандыдағы қоғам бел­сенділерінің мазасын алып жүр. Бұдан біраз бұрын олар қаланың бұрынғы әкіміне жиы­лып барып, көзге шыққан сүйел­дей болған әлгі жазудың орнына Әлихан Бө­кей­ханның «Қазаққа қызмет қыл­май қой­маймын!» деген сөзін шегелеу керек деген ұсыныс та айтыпты. Бұл турасында осы істің ба­сы-қасында жүрген заңгер Болат Сыздық әлеуметтік желіде бы­лай деп жазды: «Таңдауға он­­нан астам нұсқа ұсындық. Аруақ сыйлаған, тұлғалар­ға тағ­­зым еткен жұртпыз ғой, осы бір нұсқаны таңдағандай болғанбыз».

Жалпы, орыс тіліндегі бұл жазу­­дың бұдан басқа да нұс­қа­лары әлеу­меттік желілерде тал­қы­ға жиі түсіп жүр. Әркім әртүрлі ұсы­ныс айтады. Мысалы, «Арқа ақша­мы» газетінің редакторы, ақын Жанат Жаңқашұлы Фейсбук парақ­шасында бұл тақырыпқа ар­найы пост жазып, мынадай пікір білдірді: «Мына үйлердің төбе­сіне «Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға» дегенді немесе басқа бір сөздерді қою керек. Қарағандының, жал­­пы Сарыарқаның нарқын, пар­қын айқындайтындай етіп». Ал қала және облыс әкімдерінің атына хатқа жазып жіберілген нұсқа жоғарыдағы Алаш көсемі айтқан антқа бергісіз сөз.

Қарағандының белсенді аза­мат­тарын да түсінуге болады. Елде өзге ұлт өктемдігінің ызғары қатты сезілген екі қала болса, біреуі осы Қарағанды еді. Мұ­ның шет жағасын студент кезіміз­де өзіміз де талай көріп, куәсі бол­ған­быз. Өткен ғасырдың 80-ші жыл­дарының орта тұсында «Икарус» деген ұзын автобус адам­ға лық толып тұрғанда, соның ішіндегі саусақпен санарлық жергілікті ұлттың өкілі болушы еді. Міне, сол кезде әлгі жерде қазақша сөйлеп қалсаң, басың бәлеге қалатын: жаныңдағылар көзі шегірейіп міндетті түрде зірк етіп, ескерту жасаушы еді. Қазір соның бәрі көрген түстей өте шықты ғой. Бірақ жүректе шемен қатқан, сызы қалған...

Иә, бүгінгі Қарағандының қор­­даланып қалған проблема­сы­ның бастан асатыны белгілі. Биыл облыс ор­та­лы­ғын­дағы жөн­деу жұмыс­­тары­на деп бюджеттен «Жұмыс­пен қам­тудың жол кар­тасы-2020» бағ­дар­ламасы аясын­да 26 млрд теңге бөлінген екен. Мұнша мөлшердегі қаражат 146 жобаны жүзеге асыруға арна­лып­ты. Алайда осыншама қар­жы жұм­салған жұмыстардың оңды атқа­рылғанына қала тұр­ғын­дарының көңілі толмай отыр. Мұны таяу­да өткен аппарат жиы­нын­да Қара­ғандының жаңа­дан таға­йын­далған әкімі Ермаған­бет Бөлек­паев та мойындады. «Ат­қарыл­ған жұмыстың сапасы турасында барлық жерде шағым­да­нып жатыр. Біріншіден, жұмыс­­тардың бітіру мерзімін созып алдық, екіншіден, кіші архи­тек­тура­лық нысандардың сапа­сы сын көтермейді: қазірдің өзін­де олар сынып жатыр», деп қа­ра­мағындағы жауапты шенеуніктерді сынға алған болатын.

Әкімнің «Кіші архитектура­лық нысан» деп отырғаны абат­тан­ды­рылған аулаларда орнатылған ойын алаңдары мен спорттық құрал­дар, сәкілер, басқа да ұсақ-түйек дүниелер болса керек. Таң қала­тын түгі жоқ, әрине сапасыз болған соң сынбағанда қайтсін...

Жалпы, айта берсе әңгіме көп, қаза берсе проблема да шұбатылып шыға береді. Саусақты бүгіп санар болсақ, Қарағандыдағы жолаушылар тасымалы саласындағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр, күл-қоқысты сыртқа шығару ісін­де де кемшілік жетіп-арты­лады. Таяуда қар жауғанда шаһардағы көп жолдардың аршылмай, тазаланбай қалуы да коммуналдық шаруашылық деңгейінің қандай дәрежеде екенінен хабар берді. Ал қала­дағы құбырларының сырты дұ­рыстап қапталмағандықтан, қаншама жылудың далаға кетіп, жергілікті бюджеттің шығынға батып жатқанын кім есептеді десеңізші?! Мұның шығыны кімнің есебінен өтелмек?

Рас, үйдің төбесіндегі жазуды қазақшалап өзгерткеннен өміріміздің өркендеп кетпесі анық. Бірақ ол керек дүние, орнымен қозғалып отырған мәселе. Жоғарыда біз тізбелеп өткен проблемалардың жанында майда-шүйде мәселенің бірі болып көрінуі мүмкін. Десе де...

Қазір жалғыз Қарағанды ғана емес, бүкіл әлем коронавирус лаңы­ның зардабын тартып отыр. Шағын және орта бизнеске шығын дегеніңіз қылбұрауды салып-ақ жатыр. Бұл дегеніңіз, жер­гілікті бюджеттің қабырғасын қайыс­тырады деген сөз. Яғни мұн­дай күрделі жағдайда біз бюджеттің қоржынындағы әрбір тиынды қатаң санап, есебімізге ық­тият­ты болуымыз керек шығар. Мәселен, қоғам белсенділері айт­­қандай, көп ­қабатты үйдің төбе­сіндегі жазу­ды өзгертетін бол­сақ, ол шаруа­ның өзі едәуір мөл­шердегі қаржыны керек етер еді. Ал енді, «Қой да аман, қас­қыр да тоқ» болсын дегіміз кел­се, абзалы сол жазуды алып тас­таған жөн бе деген де ой келеді. Бәлен­бай жылдан бері дәнекері босап, темірі тоза бастаған әріптерді металл сынықтарын жинайтын бекет­ке өткізіп, ақшасын бюджетке салса, ол да бір теңізге тамшы қосыл­ғандай шарапатты іс болар ма еді...

Жырға айналған жазу жайын­дағы пікірін сұрап білгенімізде, Қарағандының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жауабы қысқа да нұсқа болды: «Аталған үй туралы әңгіме көп. Ретімен аудан да ауы­са­ды, көшелер де реттеледі». Бұл жер­де қала басшысының аудан деп тұр­ғанын облыс орталығына қарасты Октябрь ауданы деп түсіндік. «Аузына  май» дейміз, әрине.

Рас-ау, аз ғана сабыр қылған керек болып тұр. Күні ертең бұлт артынан жарқырап күн шыққанда, мәселенің бәрі осы жазуға тіреліп тұрған болса, оны да ың-шыңсыз біржақты етіп алатынымыз сөзсіз. Қаласында үлгілі тәртіп, жоғары мәдениет болғанын кім қаламайды дейсіз?!

 

ҚАРАҒАНДЫ