Таным • 26 Қараша, 2020

Торғай тарихының тағылымы

1538 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ақиық ақын Ғафу Қайырбековтен сөз қалған ба, десейші. «Ішіне оқиғаны тиеп-сықап, Тарихтың қойып кеткен арбасындай», – деп туған Торғайының ғасырлар бедерлеген таланы мен талайын көркем өрнектеп, кестелеген екен. Өз аузынан: «Торғайым – ашық аспан астындағы мұражай ғой», – дегенін де естіп едік.

Сол Торғайда бес мұражай барына көңіл шаттанады. Осылардың төртеуі «Торғайдың Жанкелдин мұражайлар кешені» мемлекеттік мекемесіне қарайды.

Суреттерде: мұражайға Гүл­нәр Мір­­­жақыпқызы тапсырған жәдігер­лердің бір парасы

Ұлылардың ұлағаты ойға тамызық болып, рух серпілісін үдете түседі ғой, әманда. Көкейімізден Міржақып ба­ба­мыздың «Оян, қазақ!» ұраны бір ажы­раған емес десек, артық айтқандық бол­мас. Шүкір, қазақ елінің жарқын бо­ла­шағы әр жүрекке нұр себезгілейді. Тәуел­сіздігіміздің баяндылығы жо­лын­­­дағы әр адамның жанкештілігі күт­кен­дегідей нәтиже берері анық қой. Ол үшін жас ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиетті қастерлеп сіңіре білгенге не жетсін.

Осы тұрғыда біз Жанкелдин мұра­жай­лар кешенінің жетекшісі Гүлбану Сәрсекемен кеңінен әңгімелескен едік.

Аудан орталығында 5 мұражай бар. Шақ­шақ Жәнібек батырға, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлына, Ы.Алтынсаринге, Ә.Жанкелдинге арнал­ған мұражайлар және халық ақыны Н.Ахметбековтің музей-үйі.

Әрқайсысында тарих қойнауының тылсым сырлары тұнып жатыр. Оның ал­ғашқысы Ә.Жанкелдин му­зейі­ 1984 жылы ашылса, төрт жылдан кейін Ы.Ал­тынсарин мемориалды-педа­го­ги­­калық мұражайы келу­ші­лерді қа­был­дады. Тәуелсіздік жа­рия­ланған жы­лы Алаш арыстары А.Бай­тұрсынұлы мен М.Дулатұлының әде­би мұра­жайының тұсауы кесілді. 1993 жылы Шақшақ Жә­ні­бек батырға арналған рухани шаңы­рақ пайдалануға берілді.

Әліби Жанкелдиннің мұражайы даңқ­­ты жерлесіміздің 100 жылдық ме­рей­тойы қарсаңында ашылған. Оның «Жол саяхаты», «Балалық шағы», «Эт­но­гра­фия­лық бөлім», «Шалқар сапары және Ұлт-азаттық көтеріліс», «Қызыл ке­р­уен», «Коллективтендіру дәуірі», «Ұлы Отан соғысының отты жылдары», «Тың және тыңайған жерлерді иге­ру», «Бү­гін­гі Торғай – түлеген Тор­ғай» сияқты бір­неше бөлімі бар. Бір ерек­шелігі, қызықтаушылар легі еш толас­та­майды. Жұртшылық аңсарын аударып тұрады.

Оның ұйымдастырушысы атақты пе­дагог, кейін дін қайраткері атанған Ғазез Әмірханов еді. Өзі соған бес жыл­ жетекшілік жасады. Сөйтіп жаңа үлгі­де­гі мұражай қалыптастырып, одан кейін­гілеріне де ақыл-кеңесін айтудан жалықпаған асыл азамат еді.

Торғай жерінің әр пұшпағын ізгілік сезімінсіз аттап, баса алмайсыз ғой. Өзге­лерін былай ысырып, бір ғана Ыбы­­рай­дың табаны тиген жер еді десек, жетіп жат­қандай ма? 1864 жы­лы салынған Тор­ғайдағы тұңғыш Ыбы­рай мектебі түлек­терінің үндеуінің ар­қасында 1988 жылы білім ошағы қалпына келтіріліп, ме­мориалды-пе­дагогикалық мұражай болып ашылды. Музей мынадай бөлім­дер­ден тұ­рады: мұражай тарихы; Шы­ғыс жұл­дыздары; Далалық оқу мен мұ­сылманша сауаттану; Ыбырайдың ата-тегі. Балалық шағы мен білім алған ордасы; Ыбырай ағартушы-педагог, баспагер және оның достары; Ыбырай ашқан мектептер тарихы, ізбасарлары мен шә­кірттері; Ыбырайға тағзым, құрмет; т.б. Ұстаздық көрігі осы жерден басылып, ұлан-байтақ еліміздің түкпірлеріне білім ұшқынын шашқан бұл өңірдегі аталмыш мұражай түзілімі болашаққа қалтқысыз қызмет жасап жатқандай.

Тағы бір мұражай тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жия бастаған тұс­та, кешегі жаугершілік заманда қа­­зақ­­тың төрт тірегінің бірі болған Шақ­­шақ Жәні­бек бабамыздың 300 жыл­дық мерейтойы қарсаңында, Торғай хал­қының өз қаражатымен ашылған. Бұл мұражай ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шап­қыншылығы кезіндегі «Алқакөл сұлама, Ақтабан шұ­бы­рынды» қасіретін көз алдына әкелетін «Аңырақай шай­қасы» диарамасы мен Жәнібек баба­мыздың өмір жолы, жазған хаттары, бабасы Шақшақ баһадүр ұстаған тудың қиындысы, «Тар­хан» атағын алғандағы жарлық пен зират басынан әкелінген топырағы, ба­тыр жөнінде жазылған кі­таптармен то­лықтырылған.

Кешегі өткен сойқан кезеңдерде ел­дік үшін күрескен, қуғын-сүргінге ұшырап, тоталитарлық жүйенің қылбырауына түскен, тұтас ұлттың қос арысы А.Бай­тұр­сын­ұлы мен М.Дулатұлына арнал­ған музейде қос тұлғаның өмір жолы, білім алған кезеңдері, тұтынған заттары, жа­саған еңбектері көрсетіледі. Торғайдан түлеп ұшып, бүкіл әлемге танылған ірі ғалымдар, ақындар мен жазушылар, өнердің хас шеберлері, сазгерлер, әнші-жыршылар және қо­ғам қайраткерлерінің өмір деректері де осында.

Заман талабына лайықты қадам жасау қандай бір істі де болсын көркейтеді ғой. Соған лайық болуға қам жасалуда. Мұражай қызметкерлері ғылыми із­дестіру, зерттеу, қор жұмысы, мә­дени-ағарту, бас­па ісі бағытында шығар­машылықпен, бастамашылдықпен көз­­­ге түсуде. Мақ­саттары – ұлттық құн­­­­­­ды­лықтар мен мәдени мұрамызды, ел та­рихын сақтап, насихаттап, келер ұр­­паққа бүк­пе­сіз жеткізу. Осы орай­да облыстық, республикалық, халық­аралық деңгейдегі байқаулар мен ғы­лыми конференцияларға қатысып, тиіс­ті марапаттарға ие болып жүр. Мысалы, 2011 жылы «Мұражай – ­тарих пен бү­гінгі күннің феномені ретінде» атты ха­лық­аралық мұражайтанушылар фору­мы аясында өткізілген «Үздік ауыл мұра­жайы» байқауының жеңімпазы атанып, зор абыройға бөленді.

Мұражай жабдықтау күрделі жұ­­мыс қой. Ахмет Байтұрсынұлы мен Мір­­­жа­­қып Дулатұлының тұтынған зат­та­­ры мен еңбектерінің түпнұсқалары туыс-туғандарынан арнайы барып жи­нақ­­­талды. Ахаңның «Қырық мысал» (Қа­зан, 1909 ж), «Маса» (Орынбор, ­
1911 ж) кі­таптары 1937 жылы киізге оралып, жер астына көмілген екен. Сол баға жетпес мұраларды 1990 жылы қазып алып, мұражай қорына табыс еткен Сма­ғұ­лов Ерден ақсақал еді. Оған кезінде әкесі: «Балам, Ахаң халық жауы болуы мүм­кін емес, түбі ақталады. Кезін­де ақ ке­­лінді елге алып келгенде қос кі­тапты сый­ға тартып еді, есіңде болсын түбі ақ­талғанда осы жерден қазып аласың», – деп өсиеттепті. Араға жылдар түскенде Ер­ден атамыз аманатқа қиянат жасамай мұра­жайға әлгі қазынаны табыстапты. Осылайша жәдігерлер тұс-тұстан жиналып бас құрады.

Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Мір­­жақыпқызы Ахаң мен Жақаңның ақ­талуына байланысты 1991 жылы Тор­ғайда өткен республикалық ғылыми-тео­риялық конференцияға арнайы ке­ліп қатысқанда, қасында жүріп қызмет етіп едік. Сол кісілердің де мұражайға сыйы молынан болды. Ең кереметі қос арыстың нақты тұтынған заттары мен шығарған кітаптарының сирек кез­десетін нұсқаларын сыйлауы – ба­ға жет­пес құндылық еді. Мына мы­салды айтсақ, көзсіз ерлікке пара-пар оқиғаға тәнті боласыз. Гүлнәр апамыз қиын-қыс­тау кезде әкесінің дү­ниелерімен қатар, атасы Ахметтің 4-кітабының түп­нұсқасын Орынбор­дан Мәскеуге көшіп бара жатқан та­тар көршісіне аманаттап табыстаған екен. 52 жыл бойы оған алыс­тан ақысын жі­беріп отырып, 1990 жылы ғана Ал­матыға алып келіп, келесі жылы Тор­ғайдағы мұражайға өткізді. Сондай-ақ Ахаң­ның үйішілік қолданыстағы – жез леген, шифонер, ағаш диван, са­ғаты, жорнал үстелі, патефоны, т.б. мұра­жай­дың көзқұртына айналған.

– Сырт көруші түгілі, отыз жыл осы саланың сенімді қамқоршысы, же­тек­­шісі боп жүрген өзім де мұражай табал­дырығын аттаған сайын жүрегім атша тулап, арыстармен сәлемдесе бас­тағандай ыстық бір күй кешетінімді айт­сам, әсте әсірелеу болмас деп ойлаймын, – деген Гүлбану сөзінен мол сыр ұғуға болатын секілді.

Ал Жақаң тұтынған заттарға келер болсақ, ас үстелі, тумбасы, қол жу­­ғы­шы, шай әбзелдері, кестелі атлас көр­­песі, бұның бәрі шешеміз Ғай­ни­жа­­малдың төр­кінінен келген дүниесі болса, тар жолтайғақ кешу жылдарында қа­паста отырып өзіне тіккен қазақы аяқ­­талмай қалған та­қиясы мен қызы Гүл­нәрға жасаған фо­торамасы, 10 жа­сын­да дүние салған ба­ласы Әлібекке жа­­сатқан қайыстан жасап күміспен ше­­­келеткен белбеуі, жолға ұстаған парт­­­плеты мен Алаштың кейуанасы атан­­ған Гүлнәр апамыздың оранған жөр­­гегі, Ғайнижамалдың тұтынған қоб­ди­шасы мен қайшысы, балаларының шашын алған машинкасы мен өзіне тоқыған жағасы – осының бәрі Гүлнәр апамыздың мұражайға табыс еткен жәдігерлерінің бір парасы ғана. Осының бәрі мұражайдағы құнды дүниелер.

Міржақыптың сүйегін Карелиядан елге әкелер кезінде қорымнан алынған бір уыс топырақ жайлы білгеннің ар­тығы болмас. Сол топырақты апамыз өмірінің соңына дейін төсегінің ба­сында сақтап, дүние салар алдында ба­ласы Ерлан Сатыбалдыұлына «қа­бірім­нің ішіне, денеме жартысын се­берсіңдер, қалғанын Торғайдағы музейге, Гүлбануға табыс етерсің» деп аманат етіпті. Ана өсиетіне адал Ерлан нағашы атасы Міржақып қабірінің сол топырағын музей қорына табыстады.

Енді бесінші мұражай туралы да қыс­қаша таныстыра кетейік. Ол Торғай­дың топжарғаны, айтыс дүлдүлі Нұрхан Ахмет­бековтің музей-үйі 1983 жылы ақын­ның 70 жылдық мерейтойында ашы­­лып, бүгінге дейін халыққа қызмет етіп келеді. Әне бір жылы ұрпақтары мен жерлестерінің жинаған қаржысына ғи­марат күрделі жөндеуден өтті.Торғай мұ­ражайлар кешенінің қызметкерлері тақырыптық жоспарын, жаңадан экспозициясын жасауға көмектеседі.

Елбасының «Рухани жаң­ғы­ру» бағ­дар­ламасы аясында өлкетану­шылар­дың, географтардың, оқушылар­дың қа­ты­суымен Торғай елінің қасиет­ті жер­лері­не экспедициялар ұйым­дас­ты­рылып тұ­рады. Сонымен қатар «Қа­зақ­станның киелі жерлері» арнайы жо­басы бойынша жұмыс тобының құра­мымен тұрғындар ара­сында кездесулер мен семинарлар өт­кізіп, мұражай қыз­мет­керлері баяндамалар оқиды.

Биыл әлеуметтік желілер арқылы «Қазақстанның киелі жерлері картасына» біздің ауданнан енген 7 нысан туралы мағлұматтар берілді. Атап айт­­сақ: Албарбөгет бөгеті – Көкалат ауы­лы, Міржақып Дулатұлы кесенесі – Би­дайық ауылы, Баймырза әулие кесенесі – Қалам-Қарасу ауылы, Қа­зыбай әулие мазары– Аралбай ауылы, Тілеп әулие мазары – Жыланшық бойы, Ахмет Байтұрсынұлы үйі – Ақкөл ауылы, 1916 жылғы Татыр шайқасы белгісі – Жаркөл ауылы. 2019 жылы киелі орындар қатарына Шұбалаң ауы­лындағы Бейсен батыр кесенесі ен­гізілді. Сонымен қатар «Туған өлке тұл­ғалары» көрмелер жобасы, Жеңістің 75 жылдығына «Торғайлықтар соғыс майданында» циклы да көрермен назарына ұсынылуда.

Былтырғы бір ауқымды іс-шара жұрт көкейіне қонақтап қалғандай екен.

«Қазақстанның рухани киелі жер­лері» бағдарламасы аясында ауқым­ды өлкетану жұмыстарын жүргізу мақ­сатында Нұр-Сұлтан қаласындағы На­зарбаев уни­верситеттен профессорлар, студенттер мен магистранттар, сон­дай-ақ Мажарстан профессорларынан құралған экспедиция өлкеміздің тарихи орындарына саяхат жасап, мұ­ра­жайларды аралап, ел тарихымен таныс­ты. Олардың зерттеу нәтжелері мол қай­­тарымымен қуантуда.

Сондай-ақ Абай мерейтойына, тағы басқа айтулы күндерге торғайлықтардың қосқан үлесі де қомақты болғаны байқа­ла­ды. Індет кеселіне байланысты іс-шаралар әлеуметтік желілерде, онлайн түрде жалғастырылды.Тікелей эфир ар­қылы мерейтой иелеріне арнал­ған іс-шаралар өткізілді. Карантин уақы­тын­­да барлық аймақтардағы музей қыз­­мет­­керлері ұйымдастырып жатқан онлайн конференцияларға, семинарлар­ға қатысуды үзген емес. Сонымен қатар ұжым қызметкерлері сәуір айында Ә.Қас­­­теев атындағы мемлекеттік өнер музейі мен Қазақстан музейлерін ақ­па­рат­­тық-әдістемелік қолдауға ар­нал­ған білік­тілік арттыру курсынан өтіп, сер­ти­­фикатқа ие болды. «Музейге сый» ак­циясы аясында қор бірнеше құнды жәдігермен толықты. Ел арасында елеу­сіз жатқан, қолданыстан шығып қал­ған тарихи маңызы бар мұралар жи­нас­тырылды. Жетекші Г.Сәрсекенің өзі Атырау қаласында «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына арналған ІІІ республикалық форумда «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен мара­патталды. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы му­зейінің ұжымын қос арыстың өмірі мен шығармашылығын насихаттаудағы еңбек­тері үшін Алғыс хатпен марапаттады.

– Алдағы уақытта кешен қорындағы жәдігерлер мен құжаттарды цифрлы жүйеге көшіріп, экскурсияларды үн­тас­паға жазуды көздеп отырмыз. Сон­дай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дарламасы аясында Алтын орда­ның 750 жылдығы, Ұлы Абайдың 175 жыл­дығы, Торғай бекінісінің 175 жылдығы, Алаш арысы М.Дулатұлы мен Гүлнар Міржақыпқызының мерейтойларына арналған іс-шаралар да сәтімен жүзеге асты. Әрине, кейбіріне мына індет қолбайлау болғаны да белгілі. Осы ретте облыс басшыларының, аудан әкімі Ш.Оспановтың жұмысымызға деген ілтипатты қамқорлығына рахмет айтуды парыз санаймын,– дейді Г.Сәрсеке.

Гүлбану қарындасымыз туған жерге туын тігіп, саналы ғұмырын талантты марқұм ағасы, жазушы Қоғабай Сәрсекеге ұқсап, халқына ұлт­жан­ды­лықпен қалт­қысыз еңбек етіп келе жат­қан тұлға. Осы орайда оның көңіл тол­қытарлық бір әңгі­ме­сін еске сала кет­кеннің артықтығы болмас

– «Әркімнің туған елі – Мысыр шаһары» демекші, Торғай мен үшін жердің жәннаты деп білемін. Торғай туралы жырламаған ақын жоқ. Ертеректе болған мына оқиғаны айта кеткім келіп отыр. Биыл өмірден өткен ел пер­зенті, қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің 70 жылдық мерей­тойы қарсаңында келетін қонақтар тізімін оқып отырғанымда көзім «Әбіш Кекілбаев, жұбайымен» деген сөзге түсіп, көңілім алаңдап қалды. «Бұл қа­лай болады екен, ол кісі келе ала ма?» деген сұрақ туындады. Себебі жақын арада ғана қа­бырғасы қайысып, бауыры мен бала­сынан айрылғанын естіген едік. Осы сұраққа жауапты кеш барысында біл­дім. Сөз кезегін Әбіш ағаға бердім. Ортаға шыққан абыз ағамыз былай деп еді: «Қан жұтып, қаралы болып отырсам да, мұнда келуімнің себебін айтайын. Ахаңның кіндік қаны тамған, табанының ізі қалған қасиетті Торғай же­рінен рухымды биіктетіп, рухани қа­зы­на алуға келдім», – деген Әбекеңнің жан­ тебірентерлік сөзін еске алып еді Гүлбану.

Кезінде Мағжан Жұмабаев «Мен жас­тарға сенемін» десе, Елбасы «Ел бо­лашағы – жастар» деп үнемі айтып жүр. Бүгінгі таңда жастар еш­қан­­дай жалған ұрансыз, айқайламай, даң­ғырлатпай, жылдағы дәстүр бойынша «Жү­регімнің дүрсілі – Торғай» атты де­када ұйымдастырып, жұдырықтай жү­ректері арқылы елге, жерге деген сүйіс­пеншілігін, патриоттық сезімдерін көр­сетіп жатыр екен. Ал ондай іргелі істің бастауында Торғай мұражайлар кешені тұр.

 

Қайсар ӘЛІМ,

газет ардагері, Жанкелдин ауданының Құрметті азаматы

 

Қостанай облысы