Қазақы қалыптың алтын қазығы
Бүгінде мемлекеттік мәртебеге ие болған тіліміздің төрт құбыласын түгендеу өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл күні ертең биік мәртебелі тіл қолданысқа толық енген тұста тағы да жоқты іздемеу үшін қажет болып тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде тіліміздің өркен жаятынын, өрісі кеңейетінін айта келіп: «Тәуелсіздік алған тұста халқымыз қанша болғанын баршаларыңыз білесіздер. Ал қазір қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан астам өңірлердің барлығы қазақ тіліне көшулері керек», деген болатын. Осындай үлкен міндеттің үдесінен шығу жолында атқарылып жатқан игілікті істің бірі – ұлттық ономастиканы елдік тұрғыда жүйелеуге қатысты болып тұр.
Қазақы қалыптың алтын қазығы
Бүгінде мемлекеттік мәртебеге ие болған тіліміздің төрт құбыласын түгендеу өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл күні ертең биік мәртебелі тіл қолданысқа толық енген тұста тағы да жоқты іздемеу үшін қажет болып тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде тіліміздің өркен жаятынын, өрісі кеңейетінін айта келіп: «Тәуелсіздік алған тұста халқымыз қанша болғанын баршаларыңыз білесіздер. Ал қазір қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан астам өңірлердің барлығы қазақ тіліне көшулері керек», деген болатын. Осындай үлкен міндеттің үдесінен шығу жолында атқарылып жатқан игілікті істің бірі – ұлттық ономастиканы елдік тұрғыда жүйелеуге қатысты болып тұр.
Кезінде империялық саясаттың кесепатынан қасиетті қазақ жерінің атаулары жөн-жосықсыз өзгертілгені белгілі. Ондағы түпкі идея сол арқылы ұлттық үлгіні, қазақы қалыпты жою. Ол кейінгі ұрпақтың санасына жердің иесі кім екенін ұқтырмау, шатастыру мақсатында ойластырылған сұрқия саясаттың ісі болатын. Оның бәрі тәуелсіздіктен кейін ғана айқындалып отыр.
Осындай жат пиғылдан ата қонысымыздың атаулары, халықтың дәстүрлі дүниетанымы мен бітім-болмысы, елді мекендердің түпқазығын нақтылау ниетінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті «Жер-су атауларының тарихы мен бүгінгі жай-күйі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Оған отандық ономастика комиссиясының мүшелері, барлық өңірлердегі тіл басқармалары басшылары, ономастикамен шұғылданып жүрген ғалымдар, зиялы қауым, баспасөз өкілдері қатысты.
Конференцияны Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы ашып, өңірлердегі әкімшілік-аумақтық бірліктер атауларының ахуалын, тарихи атауларды қалпына келтіру мәселесін таратып айтты. Көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлы ономастикадағы ұлттық дәстүр мәселесіне тереңдеп барып, ұлан-байтақ қазақ жерінің атаулары туралы арғы-бергі кезеңдерді ойлы көзбен шолып, Тұран өлкесінің жер көлемі 5,5 млн. шаршы километр деп көрсетілсе, соның 3 млн. шаршы километрі Қазақ елінің еншісінде екенін жеткізіп, «Ономастика саласына тек патриоттар келуі керек. Ондай ұлттық рухы болмаса, қара басының қамы дейтіндер жоламауы қажет», деп сөз желісін бір түйіп тастап, одан кейін Отанымыздың әр кезеңдегі тарихи-әлеуметтік жағдайынан сөз қозғап, Түрік қағанаты заманындағы қытайлық топонимдерге, этнонимдерге, антропонимдерге талдау жасап, парсы, гректік, арабтық, моңғолдық, қалмақтық, орыстық-еуропалық уақыттардан тамыр тартқан ономастикалық атаулардың сыр-сипатын ашып, тәуелсіздік заманындағы ономастиканың жай-күйін саралап, ендігі жерде осыны ғылыми тұрғыдан жүйелеу қажеттігін еске салды. Ол, сонымен бірге, елді мекендерге жеке адамдардың атын беруге болмайтынын, егер бұл орын алып жатса, адамдар арасында бәсекелестік өрістейтінін де атап өтті.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжан азаматтық ономастикадағы ізденістер мен іркілістерді баяндап, осы күндегі атау жаңғырту ісіндегі жетістіктер мен әттеген-айларды атап өтті. Кей өңірлерде Крупский атын Менделеевпен ауыстыру, болмаса Ломоносовтың есімін бере салу үрдісі барына дәлел келтіріп, тіпті, кей жерлерде ат беру саудаға салына бастағанын, «Атамның атын көшеге берер болсаңдар, мен сол көшені жөндеуге ақша шығарамын», дейтін байшыкештер де төбе көрсетіп жүргенін назарға салды. Профессор Қаржаубай Сартқожаұлы байырғы түрік мәтіндеріндегі жер-су атауларына нақты дәйектер келтіре отырып, ономастиканың түп-тамыры ғасырлар қойнауында жатқанын мысалдармен жеткізді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Бердібек Бияров кейбір макротопонимдердің этимологиясын әңгіме арқауына айналдырып, Алтай, Берел, Ертіс сөздерінің шығу тарихына тоқталды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Қуат Сапаров облыстағы жер-су атауларын өзгертудің өзекті мәселелерін сөз етті.
Конференцияда солтүстік өңірлердің тарихи-ономастикалық ахуалы, халықаралық топонимдер жайы қозғалып, болашақта бұл іс ел болып бірігіп, ұлт болып ұйысып атқаруды қажет ететінін, әр азамат жер-су атауларын қалпына келтіруде шынайы жоқшы екенін танытуы тиіс деген түйін жасалды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».