Дүбірге толы дүние
Қазір әлемдік саясаттағы үлкен әңгіменің бірі Украина жайында. Оның Еуроодаққа ассоциациялық мүше болып кіруге байланысты келіссөзді тоқтатқаны тек Украинаны ғана емес, Батыс пен Шығысты екіге бөлгендей болып отыр.
Мұндай шешім қабылданғанға дейін Еуроодақ пен Мәскеу арасында арпалысқан күрес жүргені анық. Оның ашығынан гөрі жабық, көзге көріне қоймайтын тұстары күштілеу болғанға ұқсайды. Соңғы кезге дейін Украинаның Еуроодаққа кірігуге ұмтылысы басымдау көрінген. Өз кезегінде Брюссель оны көбірек жалындырып, біраз шарттарды алға тосып, кергігені де бар. Ақырында, қысым күштілеу болған-ау, Киев Мәскеуге қарай аунап түсті.
Дүбірге толы дүние
Қазір әлемдік саясаттағы үлкен әңгіменің бірі Украина жайында. Оның Еуроодаққа ассоциациялық мүше болып кіруге байланысты келіссөзді тоқтатқаны тек Украинаны ғана емес, Батыс пен Шығысты екіге бөлгендей болып отыр.
Мұндай шешім қабылданғанға дейін Еуроодақ пен Мәскеу арасында арпалысқан күрес жүргені анық. Оның ашығынан гөрі жабық, көзге көріне қоймайтын тұстары күштілеу болғанға ұқсайды. Соңғы кезге дейін Украинаның Еуроодаққа кірігуге ұмтылысы басымдау көрінген. Өз кезегінде Брюссель оны көбірек жалындырып, біраз шарттарды алға тосып, кергігені де бар. Ақырында, қысым күштілеу болған-ау, Киев Мәскеуге қарай аунап түсті.
Мұндайда кім жеңді дейтініміз бар ғой. Сырттай қарағанда, Украинаны өз жағына тартқан Мәскеу қуануға тиіс. Бірақ бұл қуаныш оларға баянды бола қоймас. Ең алдымен, Украина экономикасының біраз ауыртпалығын өз мойнына артады. Ол оған қатты бататыны анық. Біраз тәлтіректейді. Бұрынғыдай енді Украинаға болмас нәрсеге ілік іздеп, тиісе беруге қақысы жоқ. Тіпті, күндердің күнінде өкінетін де шығар.
Ең қиыны – әлемдік саясат үлкен жеңіліске ұшырады. Еуропаның екіге жарылуы күшейе түсті. Киевтің келісімнен бас тартуынан кейін-ақ Еуроодақ басшылығы, атап айтқанда, Одақ президенті Херман ван Ромпей мен Еурокомиссия президенті Жозе Мануэль Баррозу Ресейді Украинаға қысым жасады деп айыптады. Өз кезегінде Украинаны өз ықпалында қалдыруды көздейтін Ресей президенті Владимир Путин де Еуроодақты Киевке қысым көрсетіп, бопсалаумен айналыстың деп кінәлады. Бұл кінәласудың аяғы нақты шараларға ұштасуы мүмкін. Одан алдымен Ресей жапа шегеді. Қаншама қайшылықта болғанымен, Ресейдің экономикасы Еуропа елдерімен байланысқа тәуелді.
Бәрінен бұрын бұл Украинаның өзіне қиын. Ел екіге бөлініп отыр. Мұндай бөлінуден елдің берекесі кететінін басқаның мысалынан емес, осы Украинаның өзінен айқын көруге болады. Сол алауыздық салдарынан Еуропаның белді елдерінің қатарында тұратын Украина экономикасы күйзеліске ұшырады. Кешегі КСРО-ның жетекші республикасының бірі болған, өнеркәсібі Батыс елдерімен тайталасқан, халқы елу миллиондық елдің ІЖӨ көлемі қазір Қазақстаннан да төмен. Бүгінгі алауыздық елді тағы да төмен тартатыны анық.
Саяси күрес барлық елдерде бар. Бірақ олар елді бөлуді көздемейді. Жеңгенінің, көпшіліктің пікірімен санасады. Ал Украинада жұрт «майданға» шығып, айқасады. Парламентте төбелеседі. Өздерінің айтқанынан басқаға көнгісі жоқ. Бұрын да солай болған, тағы да солай болар түрі бар. «Удар» партиясының көсемі Виталий Кличко: «Еуроодақпен ассоциация жөніндегі келісімге қол қойылғанша майданнан кетпейміз», деп мәлімдеме жасады. Олар қазіргі билікті қолдайтын халықтың (көпшіліктің) пікірін есепке алмайды. Түрмеде «ауырып» жатқан Юлия Тимошенко мерзімсіз аштық жариялап, жұртты «келісімге қол қоюдан бас тартқан президент Виктор Януковичтің үкіметін жер бетінен сыпырып тастауға» шақырды.
Жағдайды президент Виктор Януковичтің өзі де мойындап отыр. «Ел қысымға ұшырап, соның салдарынан өндіріс тоқтап, мыңдаған адам далада қалады», деді ол өзінің халыққа арнауында. Мәскеуге бет бұрғанмен, түпкі мақсат «еуропалық сипаттағы Украинаны» құру екенін айтты. Дәл қазір оны тыңдайтын адам жоқ. Жұрт «Еуромайданға» шыққан. Бірі – Батысқа, бірі Шығысқа қарайды. Олардың қашан бір жаққа қарайтыны белгісіз. Олай болмайынша, бұл елде тыныштық та орнай қоймайды-ау шамасы.
Қылмыс пен билік астасса жаман-ау
Алатаудың ар жағындағы ағайындар жаңалығына құлақ түреміз. Жақсыларына қуанасың, жаманы көбейіңкіреп кетсе, көңілің құлазиды. Өткен аптада бұрынғы қырғыз парламентінің спикері, елдегі жетекші «Атажұрт» партиясының бір басшысы Ахматбек Келдібеков қамауға алынды. Мұның үлкен бір саяси даудың басы екені анық.
Жеке бір асқан байдың, айтулы қылмыскердің тұтылғаны емес-ау, жұртты осы бір адамның үлкен билікте болғаны, ел саясатының ішінде жүргені ойландырады. Билікте сондайлардың болғаны елдің берекесін кетіретіні, құтын қашыратыны белгілі. Қазіргі уақыттағы Қырғызстан экономикасының мүшкіл жағдайының, жалпы елдегі саяси ахуалдың тұрақсыздығының бір ұшы елдегі билікте кездейсоқ адамдардың жүргеніне де барып тіреледі-ау дейсің.
Ахматбек Келдібеков туралы бұрын да жазғанбыз. Осыдан үш жыл бұрын 2010 жылғы Бакиевті құлатқан революциядан кейінгі парламенттің спикері болып сайланғаннан соң, сол өзінің қызметін атақты әлемдік қылмыскер Қамшыбек Көлбаевпен (Камчи Бишкекский, Коля-киргиз) бірге атап өткені үшін депутаттар оны орнынан босатқан.
Енді, бұрынғы да болса, спикердің қылмыскер ретінде ұсталғаны ел ішінде үлкен әңгіме тудырды. Мұндай азулы қылмыскерді де ұстаған соң, жақсылыққа бет бұрылғаны деп қуанғандар болса, оның жақтастары – партияластары, сыбайластары, елдің бүкіл оңтүстігі өре түрегелгенге ұқсайды. Жаңа дау, жаңа қақтығыстар елдің берекесін кетірері анық.
Осыған орай біраз әңгіме оның өмір жолы жайында болып жатыр. Жас кезінде бұзақылығымен ерекшеленген ол саяси өмірге белсене араласып, биліктің қасы-басында жүрген екен. Алғашқы президент Асқар Ақаевпен жақындасып, оның тұсында Әлеуметтік қорға, Салық қызметіне басшылық еткен. Тіпті, Ақаевтың баласы Айдармен аралас-құралас болып, бір кәсіпкердің қазасына себепкер болғаны туралы әңгіме де айтыла бастады. Ақаев кеткен соң, оның бас қарсыласы Бакиевпен де ісі жарасып, біраз дүниеге ие болған. Бакиев қуылған соң да онымен бірге кеткен жоқ, қайта абыройы көтеріліп, спикерлікке де сайланды. Ал қазір билікке қарсылардың бірі.
Оған қарсы елдің бас прокуроры Аида Салянованың жеке өзі іс қозғаған көрінеді. Оған ел басшылығы қолдау көрсеткен шығар, әйтпесе елдегі ең бай адамның біріне, қылмыстық әлеммен байланысы бар, елдің тұтастай оңтүстік өңірі қолдайтын тұлғаға қол көтеруге бас прокурордың шамасы келмес еді ғой деген де әңгіме айтылады. Қалай болғанда да, оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары тұтқындап, қамаққа жапқан. Оған жемқорлықпен айналысқан, өзінің қызметін асыра пайдаланған деген айып тағылып отыр.
Өзінің ұсталатынын күні бұрын пайымдап та жүрсе керек, Ахматбек Келдібеков тағылған айыптың негізсіздігі жөнінде мәлімдемелерін таспаға жазып та, жариялап та үлгеріпті. Оның қорғаушылар командасы да мықты. «Атажұрт» партиясы толық құрамымен, сондай-ақ, елдің белгілі заңгері, айтулы Әзімбек Бекназаров (бұрын үкімет мүшесі болған) жұмысқа кірісіп кеткен. Арандату жолымен олар елдің оңтүстігіндегі қарапайым халықты көтереді. Жер-жерде митингтер басталған. Әдеттегідей жолды жабу қолға алыныпты.
Мұның барлығы елдің берекесін кетіретіні даусыз. Арандатуға ерген халық мынадай қыс қыса бастайтын кезде шаруасын доғарып, саяси ойынға шығады. Одан елдің жағдайы күйзеледі. Бұл саяси ойынның біразға созылары күмәнсіз. Оған еріксіз араласатын халықты аяйсың.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».