Ғылым • 27 Қараша, 2020

Өнертабыссыз өндіріс өрге баспайды

229 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жыл сайынғы «Жаһандық инновациялық индекс» баяндамасын жариялап, Қазақстан аталған тізімде 131 елдің арасынан 77-орында тұрақтады. Рейтингті әзірлеуде нарық пен бизнестің икемділігі, адами капиталдың дамуы, инфрақұрылымның, білім мен технологиялардың өнімділігі сынды факторлар ескерілді. Осы көрсеткішке қарап, еліміздегі өндіріс пен инновацияның алшақтығын байқау қиын емес.

Өнертабыссыз өндіріс өрге баспайды

Жабық кеңістіктегі өртті сөндіреді

Таяуда бас шаһардағы дәмха­на­лардың бірінде газ баллоны жарылып, өкінішке қарай бір адам қаза тапты. 20-дан астам адам түрлі дәрежедегі жа­рақатпен ауруханаға жеткізілді. Қын­жылтатыны сол, қыс түссе мұндай келең­сіз оқиға жиілеп, бұл жағымсыз үрдіс­ке айналуға жақын қалды. Соған қарағанда қайғылы оқиғалардан тиісті органдар да, былайғы жұрт та сабақ алмаған сыңайлы.

Жасыратыны жоқ, әдетте елімізде осын­дай оқиғалардың алдын алу жұмыс­та­­ры тек тү­сіндіру, сондай-ақ айыппұл са­­лып, ескерту шараларымен шек­теледі.

 Алайда одан жағымсыз статистика артпаса, кеміген емес. Шындап келгенде аталған ахуалды ретке келтіру үшін кешенді жұмыс қолға алынуы қажет дейді азаматтық қорғаныс сала­сының мамандары. Көкейкесті мәсе­лені шешудің тетіктері жоқ емес, бар.

Оның нақты кейсін өнертапқыштар ұсынып-ақ келеді, десе де көрер көз, естір құлақ болмаған соң энту­зиас­тардың еңбектері еленбей, шаң басып жатады. Мәселен, жоғарыда ай­тылған оқиғадан бір апта бұрын редак­циямызға Тараз қаласының тұр­ғыны Ма­рат Аюбаев келіп, өрт сөн­ді­руге арналған жаңалығы жай­­­­лы әңгімелеп берген еді. Жам­­­был­дық аза­маттың қолы­нан шыққан туын­дының ар­тықшылығы – тұрғын үйді өрт­тен қорғауға, арнайы қызмет­тер­ге қа­рағанда тілсіз жауды жылдам ауыз­дықтауға, сонымен бір­ге мың­даған адамның өмірін сақ­тап қалуға мүмкіндік береді.

«Қазір өрт сөндіру кезінде кө­бінесе су, сондай-ақ ұнтақ жә­не кө­бік тәрізді заттар пайдаланылып ке­ле­ді. Әлбетте олардың барлығы жа­рамды, алайда инерт­ті газға қара­ғанда тиімділігі тө­мен. Тәжірибе көр­­сеткендей, инерт­ті газ жалынды әлде­қайда жыл­дам сөндіреді. Оның дәс­түр­лі қорғаныс материалдары­нан тағы бір артықшылығы – жаб­дықтардың тотығып, жеке мүліктің бүлінуін болдырмайды. Себебі көп жағдайда мате­риалдық шығынға өрт емес, оны сөндіруде қолданылатын жоғарыдағы дәстүрлі қорғаныс материалдары алып келеді. Ал газ, атап айтқанда, ауадағы хладон адамның денсаулығына зиян тигізбейді», деді М.Аюбаев.

Өнертапқыштың айтуын­ша, өрт­ке байланысты төтенше жағдай кө­бінесе ғимараттардың ішінде, нақты айтқанда дүкен­дер, контейнерлер, қоймалар, жабық базарлар, павильондар мен басқа да бизнес нысандар жа­былғанда орын алады. Он­сыз да мұндай сәтте әр минут са­наулы бола­тындықтан өрт сөн­­дірушілерге ең ал­дымен есік құлыптарын бұзумен ай­на­лысуға тура келеді.

Сол себепті тараздық зейнет­кер жа­бық кеңістіктегі өртті инертті газбен сөндіретін авто­матты жүйені ойлап тапты. Ол баллондардағы инертті газ­ды ғимаратқа тарататын құ­бырлар желісінен тұрады. Газ ре­дуктормен реттелетін жо­ға­ры қысымды жүйеде болуы тиіс. Балқымалы заттан жа­сал­­ған тар саңылаулы металл ұш­тық­тар оның негізгі бөлігі саналады. Төбеге орнатылатын бұл бал­қы­ма­лы тығын өрт болғанда жұм­сарып, инерт­ті газ бөлмеге лезде та­рай­ды. Қол­даныстағы жүйе­ден ерек­ше­лігі, бұл жо­ба электр қуатына тә­уел­ді емес. Ол температураның жо­­ға­­­ры­лауына жауап беретін то­лық механикалық үдеріске не­гізделген. Бұл әдістің тағы бір айыр­машылығы – төбеге ор­натылған бү­ріккіштермен салыстырғанда, газ барлық жер­ді қамтиды.

Тың тәсіл биік ғимараттардағы өртті сөндіруге де қауқарлы. Жоба ав­торының айтуынша, осы арқылы төтенше оқиғаны санаулы минутта шешіп, адамдарды эвакуациялаудың қажеті туындамайды.

Жүйенің өнімділігі арнайы тә­жіри­бенің нәтижесінде толы­ғы­мен дәлелденді. Ол үшін адам­­ның қатысуы қажет емес – жүйенің жұ­мысы автоматтан­дырылған. Әзір­леу­шінің сөзіне сенсек, бұл тәсіл өрт­тің орта есеппен 50 жыл бойы таралмауына жол ашады. Мерзімі жеткенде тек жүйенің ақауын анықтап, тозған бөлшектерді ауыстыру ғана қажет.

 

Әмбебап өртсөндіргіш көліктің жобасын жасады

Әулиеаталық өнертапқыш осы мақсатта арнайы көліктің де жаңа нұсқасын дайындағанын айта кеткен орынды. Оның сырт­қы сипаттамаларында қол­даныстағы техникадан еш ерек­шелік жоқ. Десек те табиғи және техногендік апатпен күресте өнімділік пен тиімділігі жа­ғынан олардан кем түспейді деді. Оған Аюбаевтардың әмбебап өрт сөн­діру көлігі деген атау бе­рі­ліп, судың сыйымдылығы сегіз тон­наны құрайды. Көліктің ша­нағына орнатылған шағын қа­зандық үш мың есеге артық бу көлемін өндіруге мүмкіндік беріп, 50 сағат мөлшерінде үз­діксіз жұмыс істейді. Әлемдік тәжірибеде бұл көрсеткіш небәрі бір сағатқа тең. Бұған қоса кө­лікте өрт сөндіруге арналған жеті материал қарастырылған.

Қызметтік ғұмырының 45 жы­лын жылу энергетикасына арнаған маман ғылымның әр саласына қатысты 30 жаңалық аш­қан. Оның 9-ы өртке қарсы ба­ғытталған. Өнертапқыш қанша ты­рысқанымен бұдан нәтиже шық­пай келеді. Жобаларының нәти­жесі оң бағаланған арна­йы са­рап­шылардың қолы қо­йыл­ған құжаттар да бар. Бі­рақ әлі күнге дейін отандық өнер­­табысқа қызығушылық та­ны­тып, оны өндіріске енгі­зуге дайын бірде-бір инвестор, сондай-ақ ниет білдірген құзыр­лы орган табылмай тұр. Тіпті Жамбыл облысының әкімі мен осының алдында Ішкі істер министрлігіне қараған, таяуда қай­та құрылған Төтенше жағ­дайлар минис­трлігіне жобаға қол­ғабыс ету мақсатында арнайы хат та жазған. Азаматтың өтінішіне азаматтық қор­ғаныс саласына жауапты ведомстводан келесідей жауап келді:

«Қазақстан Республикасы­ның Ішкі істер министрлігі сіздің 2016 жылғы 4 шілдедегі Қазақ­стан Республикасы Прези­денті Әкімшілігіне жолданған өрт қауіпсіздігі саласындағы өнер­табысқа қатысты өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды.

«Мұнай базасындағы өртті сөн­діру» өнертабысы бөлігінде ми­нистрлік 2015 жылдың 18 желтоқ­санында Энергетика министрлігіне жолданған № 39-6-2/21197 хатында сіздің 2016 жылғы 31 мамырдағы өт­інішіңізге түсіндірмелер берді, он­да халықаралық тәжірибеде тек инерт­ті газды ғана қолданып, ре­зер­­вуар­лардағы өртті ұсы­ныл­­­ған тә­­сілмен сөн­діру тір­кел­мегені көр­сетілген. Өз ке­зе­гінде, ре­зер­вуар­­лардағы өртті газ ұн­тақты және газ­ көбікті жүйелерді қолдану арқылы сөн­діруге байланыс­ты оң нәтижелер тіркелгені айтылған.

Осылайша «Жеке және заң­ды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 11-бабын басшылыққа алып, өрт қауіп­сіздігі саласындағы өнер­табыстар мәселесіне қатысты тәр­тіпке сәйкес, бірнеше мәрте мардымды жауап берілгенін ескеріп, министрлік аталған мә­селелер бойын­ша өтініштер қайталанса, оларды қарауды тоқ­тату құқығын өзіне қал­дырады», делінген ресми хатта.

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың айтуынша, өнертапқыштар кез келген өнертабысын өнді­ріс­ке енгізу үшін алдымен «Тех­нологиялық даму жө­нін­дегі ұлттық агенттік» АҚ-на (қа­зіргі QazTech Ventu­res) хабарласуы қажет. Бұл ұйым елі­міздегі венчурлік қаржы­лан­дыру, бизнесті инкубациялау және технологиялық консал­тинг құралдары арқылы тех­нологиялық кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесу үшін құрылған.

«Аталған ұйым еліміз­дегі түрлі са­ладағы өнертапқыш­тар­дың үздіктерін анықтап, ірік­теу арқылы олардың еңбек­терін өндіріске енгізуге атсалы­сады. Егер де қандай да бір жоба ав­торының қолында патен­ті болса, онда оның бұл ұйым­мен байланысы бар екені анық. Неге десеңіз, кез кел­ген өнертабысқа патент бере­тін осы агенттік. Бұл ведомство Ин­дустрия жә­не ин­фрақұ­ры­лымдық даму минис­трлігі жанынан құрылған. Жыл сайын осы орган әр сала бойынша үздік­терді анықтап, олардың қайсысы өндіріске енгізілетінін анықтайды», деді сарапшы.

 

P.S. Жетпістен асқан зейнеткердің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Жаңалыққа жаны құмар азамат өнертабысын арқалап, еліміздегі өндірістік әрі тұрмыстық апаттарды азайтуға қам-қарекет етіп келе жатқанына 6 жылға жуықтады. Әйтсе де, сең қозғалар емес. Қайта осыған дейін салысы суға кетпей көздегеніне жету үшін табандылық танытқан қартқа қайран қаласың. Біздің қоғамда мұндай тұлға маргиналдай көрінуі мүмкін, алайда өркениетті елдерде, айталық АҚШ-тағы Кремний алқабында Марат Аюбаев сынды энтузиастардың еңбегі қазіргі технологиялық прогрестің себепкері ретінде қарастырылады.