Облыста Райымбек ауданын дамытуға тұрақты көңіл бөлініп келеді. Қайта жаңғырған аймақтағы 7 ауылдың жолын жөндеуге 1,6 млрд теңгеге қаржы бөлініп, ұзындығы 65 шақырым жол жөнделген. Оның ішінде аудан орталығы Нарынқол ауылында жалпы ұзындығы 31,5 шақырым болатын көшелерге 795 млн теңгеге асфальт төселді. 8 тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункті салынды.
Былтыр Жамбыл, Қақпақ ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар тұрғызылып, пайдалануға берілген. Биыл 1,1 млрд теңгеге Қызылшекара, Жамбыл, Қақпақ ауылдарында ауыз су жүйесі жасалып жатыр. Алдағы уақытта тағы 7 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. 2018 жылдан бері 4 мектеп пен 2 балабақша күрделі жөндеуден өткенін де атап өткен ләзім. Тағы 3 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаты дайындалған.
Ел ішіндегі жағдай оңалғанын ауыл шаруашылығы саласының алға басуынан байқауға болады. Ауданда, әсіресе картоп өсіру ісі жақсы жолға қойылды. Облыс қаражаты есебінен 28 бірлік трактор мен 111 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы, 236 тонна голландиялық «Сантэ» және «Агрия» картоп тұқымдары сатып алынған. Инвестициялық жобаның аясында 4 сервистік-дайындау орталығы құрылды. Соның нәтижесінде картопты әр гектарынан 300 центнерден өнім алуға қол жеткізілді.
Өңірдің рухани жаңғыруы да қарқынды. Келер жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын өткізу жоспарда бар. Осы орайда Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, биыл аудан тұрғындары игілігіне бірнеше әлеуметтік нысан мен қызмет көрсету ғимараттары, Нарынқол ауылында қырықтан астам тұрғын үй қолданысқа берілді. Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» жəне аудандық прокуратура ғимараттары іске қосылды.
– Шекараның шебінде, облыстың шетінде қайта шаңырақ көтерген Райымбек ауданының жаңарып, көркейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен қайта құрылғаннан бері аудандағы халық саны өсіп, 40 мыңға жуықтады. Соның ішінде екі мыңнан аса адам туған жеріне қайта оралды. Ауданның дамуына, инфрақұрылымын қалпына келтіруге бюджеттен 17,9 млрд теңге қаржы жұмсалды. Жолдары жасалып, көшелеріне асфальт төселіп, жаңа ғимараттар салынды. Басқа да игіліктердің барлығы жасалуда. Соның ішінде бірінші кезекте, ауданға жұмыс істеуге келген қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп келеміз. Міне, салынып жатқан 83 коммуналдық тұрғын үйдің алғашқы кезегін қолданысқа беріп отырмыз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Айтпақшы, ауданда салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені де жыл соңына қарай аяқталуы тиіс. Оның алаңы – 4257 шаршы метр. Кешенді «Фуд МС» компаниясы салуда. Құрылыс жұмыстарына қазір 87 адам тартылған.
Алматы облысы